Павлодарда облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті
Облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» КММ-де өткен кеңестің отырысында ауылдағы жастарға қолдау көрсету және жас мамандарды ауылда қалуға ынталандыру мәселелері сөз болды. Қоғамдық кеңестің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комиссиясының төрайымы Гүлбарам Наурызбаева өзі басшылық ететін комиссияның жұмысы туралы айтып берді.
— Биылғы жылы тұрақты жұмысқа орналастырылған жастардың жалпы саны 1791 адамды құрады, — деп мәлімдеді Гүлбарам Наурызбаева. – Олардың ішінде 650 жас маман ауылдық жерлерде жұмысқа орналасты.
Жұмысқа орналасқан жастардың ең төмен көрсеткіші – Ақсу қаласы мен Успен ауданында, ал ең жоғары көрсеткіш Екібастұз қаласы, Ақтоғай және Май аудандарында тіркелген. Кеңес мүшелерінің пікірінше, жас мамандардың ауылдарда тұрақатмауының басты себебі — тұрғын үйдің болмауына байланысты.
— Кез келген ауыл, тіпті аудан орталығында жастардың бос уақытын тиімді қамтамасыз ете алмайды, — дейді Гүлбарам Наурызбаева. — Әр аудандағы жастардың пікірін ескере отырып, бос уақытты қамту бағытындағы нысандардың құрылысын салуды немесе қайта құруды қарастыру қажет.
Жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың 25 пайызы — жоғары еңбекақы, 20 пайызы — тегін баспана, 16 пайызы – өзін-зі жүзеге асыру және 14 пайызы қызықты жұмыс арқылы тартуға болады деген. Сондықтан қоғамдық кеңес өкілдері ведомстволық тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру тәжірибесін қайтаруды ұсынды. Бұл жөнінде облыс әкімі Болат Бақауов та өз пікірін білдірді.
— Қызметтік тұрғын үй салу мәселесінде біз ірі жұмыс берушілерімен ынтымақтасуға дайынбыз, — деді әкім. — Мысалы, «Галицкое» ЖШС-нің басшысы Александр Касицынге 15-20 үй салуды ұсындым. Егер, үйдің құны шартты түрде 10 миллион теңгені құраса, оның жетеуі — бюджеттен, үшеуі кәсіпорын есебінен төленеді. Алайда, жаңа пәтерлер еңбек күші мол аймақтардан немесе Нұр-Сұлтаннан қоныс аударушыларға берілетін болады. Себебі, біз бюджет есебінен жеке кәсіпорындардың қызметкерлері үшін тұрғын үй сатып алмаймыз.
Әлихан Рахметоллаұлы