Павлодарда оқушылар арасындағы олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №3 гимназиясында 7-9 сынып оқушыларына арналған «Өзін-өзі тану» пәні бойынша республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті.

 

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәлімдеуінше, биылғы олимпиадаға «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы пилоттық жобасы аясында «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының негіздерін іске асыратын 4 мектептің оқушылары қатысты. 18 команда құрамында 54 оқушы білімін саралады.

— Олимпиаданың мақсаты – балаларға рухани-өнегелік тәрбие беріп, құндылық бағдарын қалыптастыру, шығармашылық әлеуетін, азаматтық ұстанымын, өзін-өзі кемелдендіруге ұмтылысын дамыту, — деді орталық мамандары. – «Риясыз қызмет ету – шынайы бақыт» атты тақырыпта қорғаған презентацияларында оқушылар өз өмірлік ұстанымын, ойларын еркін жеткізе алу және командада жұмыс жасау іскерлігін көрсетті.

Олимпиада қорытындысында 1-орынға Екібастұз қаласы «Зерде» мектебінің оқушылары Аружан Керей, Бота Камалиева, Иманғали Нүптеке ие болды. 2-орынды дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының, Тереңкөл ауданы Песчан №2 мектебінің және Павлодар қаласы №16 лицей-мектебінің оқушылары еншіледі. Ал, 3-орын Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты, Ақсу қаласы мамандандырылған гимназиясы, дарынды балаларға арналған №3 гимназиясы және Екібастұз қаласы дарынды балаларға арналған №1 лицей-мектебінің оқушыларына бұйырды. Сондай-ақ 9 оқушы «Құрмет» грамоталарына ие болды.

Айта кетейік, облыстық кезеңнің жеңімпаздары Алматы қаласында өтетін республикалық олимпиадаға қатысады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы