Павлодар облысынан әкелінген өнімдер елордадағы жәрмеңкеде толық сатылды
Нұр-Сұлтан қаласында өткен ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде павлодарлық тауар өндірушілер жеткізген 500 тонна өнім толықтай сатылып кетті.
Жәрмеңке 14-15 қыркүйек күндері «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының жанында өтті. Павлодар облысының еті мен көкөнісін сатып алуға мыңдаған елорда тұрғындары келді.
— Бізге Германиядан қонақтар келуі керек еді, — дейді Елдос Сәрсенбиев. – Қонақтарымызға қазақша ет жасауға қажетті өнім алу үшін жәрмеңкеге келдік. Демалыс күндері өтетін жәрмеңкедегі арзан баға біз үшін аса тиімді. Әсіресе, Железин ауданынан әкелінген ет үшін алғыс айтқым келеді.
Жәрмеңкеге келген елорда тұрғындары өздеріне бұрыннан таныс өнімдерді іздеп, тауып жатты. Астаналық тұрғындар жәрмеңкедегі тауарлардың бағасы супермаркеттерге қарағанда анағұрлым арзан екендігін атап өтті.
— Біздің отбасымыз «Рубиком» ЖШС-ің шұжық өнімдерін жақсы көреді – дейді зейнеткер Ольга Потёмкина. – Жәрмеңкеде осы маркалы шұжық өнімдері біздің дүкендерге қарағанда 300-400 теңгеге арзанырақ.
Еске сала кетейік, Павлодар облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер Нұр-Сұлтан қаласына 500 тонна өнім жеткізді. Ертіс-Баян өңірінің елордадағы келесі жәрмеңкесі 12-13 қазан күндері өтеді.
Әлихан Рахметоллаұлы