Аудандағы ауқымды жұмыс, бас бармақпен бағаларлық
Тұрғындардың тұрмысын түзеудің бірден-бір жолы әлеуметтің әлеуетіне көңіл бөлу. Яғни күнделікті қажетіне керекті дүниелерді діттеген жеріне жеткізіп, тірліктің тетігін таптыру. Естеріңізде болса, Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдармаласының шеңберінде бірер жылдан бері Жамбыл облысында қыруар шаруалар атқарылды. Оның ішінде бұқараны көгілдін отынмен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қордай ауданы да газ құбырларын жүргізу жұмыстарын жылда жаңарту үстінде.
Атап айтсақ, Қордай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мәселесін кезең-кезеңмен шешу жоспарланып, бүгінде І кезең бойынша Отар аумағындағы елді мекендерді газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 28,5 миллион теңге бөлінген.
Ал, ІІ кезең бойынша 5 елді мекенді (Ноғайбай, Шарбақты, Сарыбастау, Қарасу, Өтеген) газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін облыстық бюджетке өтінім берілген. Бұл жерде ескере кететін бір меселе, ауылдарға газ құбыры кіргеннен кейін жобалық-сметалық құжттамаға сәйкес ауыл тұрғындарының үйіне газ құбырын тарту үшін 350 мың теңге емес, 150 мың теңге төлеуге мүмкіншілік алады.
Аудандағы 4 орта мектептің (№23 Әлжан ана, №24 Степной, Жамбыл №26 І-ІІ корпустарын) және бір балабақшасының қазандықтарын қатты отыннан газға ауыстыру мақсатында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылып отыр.
Сондай-ақ ауданда жол құрылысы да қарқын алып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі 75,1 пайызды құрауда.
Ағымдағы жылы аудандық маңызы бар жолдарға 16,9 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде республикалық, облыстық бюджеттерден «Өтеген-Бәйтерек -Ауқатты– 8 шақырым» жолына 199,7 миллион теңге, «Ноғайбай-Сарыбастау-1-3,5 шақырым» жолына 61,3 миллион теңге, «Беткайнар-Соғанды» автожолына 65,7 миллион теңге және республикалық бюджеттен Сортөбе-Ауқатты-Қызылсай 0-13,8 шақырым жолына 50,0 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, республикалдық бюджеттен «Ауқатты-Байтерек» 7,4 шақырым автожолының құрылысына 243,8 миллион теңге және облыстық бюджеттен 27,1 миллион теңге қарастырылған.
Қордай ауылындағы Болашақ ықшам ауданына кіретін Төле би көшесі бойындағы көпірді салу жұмыстарына 80,6 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда Жамбыл облысы энергетика және тұрғын үй басқармасы тарапынан конкурс жарияланды.
Аудан елді мекендерінде автобустық аялдамаларды орналастыру бағдарламасы бойынша аудандағы Кенен, Алға, Көғадыр, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2, Беріктас ауылдарының кіреберістерінде аялдамаларды орнату үшін аудандық бюджеттен 6,5 миллион теңге бөлініп, жұмыстар қолға алынуда.
Иә, бұның барлығы қара халықтың қамы үшін жасалып жатқаны анық. Сондықтан қордайлықтардың тындырымды тірлігін бас бармақпен бағалаймыз!
Дедек Төлен