Қ.Тоқаев ел экономикасына алаңдаушылық білдірді
Армения астанасы Ереванда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті.
оған ЕАЭО елдері – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей президенттерінен басқа Иран, Молдова және Сингапур басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес жиынында түйткілді көп мәселенің түйінін ақтарды. Соның бірі Қазақстанның ЕАЭО-дағы үлес салмағы төңірегенде өрбіді. Тоқаев Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы экспорты төмендегенін айырықша атап өтті. Тауар айналымының Еуразиялық экономикалық одақ ішінде де, үшінші елдермен өзара саудада да төмендеуін қолайсыз тенденция деп атады. «Әлемде, әсіресе, біздің негізгі экономикалық серіктестеріміз – ЕО және Қытайда экономикалық өсімнің баяулауы бізге салқынын тигізуі мүмкін. 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның үшінші елдермен тауар айналымы 2% төмендеді. Одақ елдерінің өзара саудасы 5%-ке 28 миллиард долларға дейін қысқарды. Бұл жағымсыз үрдіс екені сөзсіз», — деді Тоқаев.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қ. Тоқаев Қазақстанның экономикасына алаңдаушылық білдірді. «Қазақстанның ЕАЭО елдерімен экспорты 6%-тен астам төмендеді. Мұның объективті экономикалық себептері бар. Дегенмен әкімшілік кедергілер де бар. Күрделі жаһандық жағдайда біз үшін мемлекеттеріміздің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету өте маңызды», — деді мемлекет басшысы. Бұндай кедергілерден шығу жолдарын да ұсынып, нақты және өзара тиімді ынтымақтастық керектігін, интеграция және қауымдасу арқылы табысқа қол жеткізуге болатынын жіліктеп берді. Бұл отырыс интеграциялық бірлестікті одан әрі табысты дамытудың маңызды қадамы болатынына сенімді екенін де жасырмады.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО әлемдік сауданы дамытудағы маңызды және елеулі топтардың біріне айналған. Одақтың сыртқы серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастыққа әрқашан ашық екені де айтылып қалды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында Қазақстан мен Беларусь президенттері кездесіп, көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сауда-экономикалық қатынастар мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылға баса мән берілді.
Нағашыбай Қабылбек