Үкімет жамбылдық жобаның бюджетін бекітті  

Сөзден іске көшетін кез

   Жамбыл облысы  тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған   қанат қақты  жобаның   бюджетін апта басында Үкімет бекітті. Ендігі кезекте жалпы сомасы 7 миллиард 200 миллион теңге өңірге бағытталып, тұрғындардың  жеке қосалқы шаруашылықтарын  дамыту қолдау таппақ.

 

Өткен аптада дәл осы жобаны жергілікті жұртшылыққа жете түсіндіру мақсатында басталған облыс әкімінің жұмыс сапары  Байзақ  ауданында  жалғасын тапты.

      Өңір басшысының Байзақ ауданына сапары Қостөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден басталды.  Облыс орталығына іргелес жатқан Қостөбе  ауылы жобаға енген пилоттық 10 ауылдық округтің бірі саналады. Бұл ауылдық округке 3 елді мекен қарайды. Олардағы 1222 аулада барлығы 6710 тұрғын тұрады. Жаңа пилоттық жобамен шаруасын шалқытып, тұрмысын тіктеуде  832 аула тиімді несиеге қол жеткізуге ниет білдірген . Бұл аулалардағы жалпы жер көлемі  85,7 гектарды құрайды. Қазіргі таңда несие алуға ниетті азаматтар құжаттарын жинақтап, өтінімдерін беріп жатыр. Ал қалған аулалар бұған дейін үй іргесіндегі жерлерді ұтымды ұқсатып,  бау-бақша ретінде табыс көзіне айналдырып келген.

Жоба шартына жетік назар  аударған қостөбеліктер  аулаларынан бір маусымда екі рет өнім алуға ниет танытып отыр. Сондай-ақ, ауылдағы төрт аула жылыжай арқылы өнім көлемін еселеп арттыруды ойластырып қойыпты.

Сол секілді жобаның екінші бағыты саналатын мал шаруашылығы бойынша да  137 қатысушы анықталып, тиісті құжаттарын түгендеуге кіріскен.  Жоба аясында округте барлық саланы қамту мақсатында «Қостөбе-2019» кооперативі де құрылған. Бұл құрылым  қазіргі таңда ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, жем-шөп даярлау, техникамен қамту жұмыстарына белсене кіріскен.

Облыс әкімінің аймаққа жұмыс сапарым кезінде ауыл тұрғындары көкейдегі сауалдарын жолдап, жоспарларымен бөлісуге де мүмкіндік алды. Өз кезегінде өңір басшысы сұрақтарға нақты жауаптар беріп, жобаның маңыздылығы туралы баса айтып өтті.

Тұрғындармен кездесуден кейін Асқар Исабекұлы Қостөбе орта мектебінде болды. Қазіргі таңда  Қостөбе орта мектебіне жанама спорт зал, акт зал, асхана және 3 оқу бөлмесі, газбен жанатын қазандық ғимаратын салу жұмыстары жүргізу жоспарланған.          Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы да дайындалған. Алғашында  жалпы құны 601,2 миллион теңгеге жоспарланған жобаға қазіргі таңда аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан ықшамдалып, 388,6 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Асқар Исабекұлының бұл  мәселенің өзектілігіне назар аударып, құрылыс шараларын уақыт оздырмай бастауды тапсырды.

Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Сарыкемер ауылдық округіндегі жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдерінің орналасу жағдайын көзбен көрді. Бұл жер телімдері бұған дейін суармалы егіс алқабына жатқызылып келген. Қазір Сарыкемер ауылдық округіндегі халық санының қарқын өсуі есебінен елді мекеннің аумағын 150 гектарға дейін ұлғайту қажеттілігі туындап отыр.  Округтің  бас жоспарына сай 15 шаруа қожалыққа қарасты 67 гектар жерді мемлекет мұқтажына алу бойынша  тиісті жұмыстар жүргізілген. Өңір басшысы аталған алқаптың суармалы екенін ескере отырып, бұл мәселенің қайта жан-жақты қаралатынын жеткізді.

 

Дедек Төлен