Жемісті жоба қордайлықтарға жіті түсіндірілуде
Әулиеаталық тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жамбылдық жоба Үкімет үйінен қолдау тауып, бюджеті бекітілгеннен кейін қазір жер-жерлерде қызу қолдау табуда. Бұған дейін Жамбыл, Жуалы, Талас, Байзақ аудандарында жобаның барысы жіті түсіндірілген болса, бүгін аймақ басшысы Асқар Мырзахметов Қордай ауданына жұмыс сапарымен шықты.
Ең алдымен Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен өңір басшысы облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы бойынша қолға алынып жатқан жұмыстармен танысты. Округ әкімі Айдар Бірімқұлов жобаның бес бағыты бойынша жеке-жеке тоқталып, ауылдықтардың белсенділігін атап өтті.
Айта кетейік, жобаның пилоттық кезеңіне енген ауылдық округке екі елді мекен қарайды. Онда барлығы 1054 аулада, 6845 адам тұрады. Ол аулалардағы жалпы жер көлемі 105 гектарды құраса, сумен қамтылғаны 634 аула, яғни 79 гектар.
Бүгінде ауылдағы бірнші бағыт бойынша несиеге өтінім беріп үлгерген 472 ауланың жер көлемі 62 гектарға тең. Тұрғындар үй іргесіндегі жерлеріне негізінен аскөк, сарымсақ, шалғам, картоп, қызынақ, қияр егуге ықылас танытып отыр. Жамбылдықтар аянбай тер төгіп, екі айналымда өнім алуға дайын екендіктерін жеткізді.
Екінші бағыт — мал шаруашылығы бойынша ауылдағы 216 аула қамтылмақ. Жалпы 1054 үйдің 614-інде малы жоқ десек, өңір басшысы малы бар үйлердің де төрт түліктерін жобадағы шекке дейін көтеру бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, округте «Бастау Жаңатұрмыс» ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Құрылым ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, малдың жем-шөбін әзірлеу, техникамен тапшылығын шешу, сапалы ұрықпен қамту, өнімді өткеру секілді көптеген мәселелерді шешумен айналыспақ. Тіпті, тұрғындарға егіншіліктің тиімді тәсілдерін меңгертіп, бағыт-бағдар беру мақсатында ауылда тәжірибелі агроном жұмыс жасамақ.
Асқар Исабекұлы ҚР Үкіметі кеше ғана жобаның бюджетін бекіткенін айтып, ендігі кезекте тек сөзден іске көшу керектігін баса жеткізді.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Қордай ауданындағы жұмыс сапары кезінде бірқатар әлеуметтік нысандар мен ауыл шаруашылықтарының да тынысы зерделенеді деп күтілуде. Сондай-ақ тұрғындардың тілік-өтініштері де тыңдалмақ. Әрине бұл жұмыстың басы ғана. Ал әлі өзге аудандардағы пилоттық округтердің барысын бағамдап, жұдырықша жұмыла көтеретін үлкен шаруалар тұр.
Дедек Төлен