Павлодар облысының мектептерінде экология сағаты өтті  

Экология және туризм орталығында өткен іс-шараға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қатысты. Балалармен кездесу барысында ол облыс орталығына жаңа экологиялық мектеп қажет екенін айтты.

Жалпы республикалық акция шеңберінде өңірдің 300 мектебінде экология сағаты өтті. Аймақ басшысы жас турист станциясындағы сабаққа қатысып, көшеттер отырғызды. Павлодар экологиялық мектебінде көп жылдар бойы түрлі көшеттерді өсірумен айналысады. Осы жолы олар сырға тал, матсудана талын және катальпа көшеттерін отырғызды.

— Мұндай ағаштар қала бойынша жоқ, жеке үйлердің ауласында да кездеспейді, — дейді экология және туризм орталығының бөлім меңгерушісі  Ахметуәли Қапашев. – Біз ағаштар мен талдардың жерсіндірілуін  бақылап отырамыз. Тұқымдар мен көшеттерді алыс-жақын шет елдерден әкелеміз.

Көшеттердің біріне тәлімгер болып алтыншы сынып оқушысы Маратхан Жанат тағайындалды. Павлодар облысының әкімі оқушымен дәл осы көшеттің жанында бес жыл өткен соң кездесуге уәде берді.

— Осы жылы барлық мектептердің ауласында 15 мың көшет отырғызу жоспарланған, — деді Болат Бақауов экология сағатында. – Ең бастысы, оларды күтіп, қорғау керек. Экология мектебінде анар да, лимон да, кактустар да өседі ғой. Үйткені, олардың күтімі жақсы. Егер, сіздер осы кезден бастап, ағаш отырғызып, оларды баптай білсеңіздер, өңіріміз аз уақыттың ішінде жасыл алқапқа айналады. ​

Есетелік сый ретінде аймақ басшысына мектеп бағында өскен алма толы себет сыйланды. Әкім сыйлықты балалармен бөлісті. Болат Бақауов  экология және туризм орталығыынң қазіргі ғимараты оған аздық ететіндіктен, алдағы уақытта жаңа ғимарат салу қажеттігін айтты.

 

 

 

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев