Қыздар университетінің жас ғалымдары жаңа жобаны қолға алды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен құрылған Қазақстанның жас педагог-ғалымдары Қауымдастығы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген кітаптарды кеңінен насихаттау мақсатындағы бастаманы қолға алды. Бұл туралы оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан хабарлады.

Атап айтқанда, жас ғалымдар бүгінге дейін аударылған 30-ға жуық еңбекті оқып, талқылау үшін аталған ұйымның мүшелігіне кіретін жоғары оқу орнының 1 курс студенттеріне эстафета жолдамақ.

Жандар Асанның айтуынша, эстафетаға қатысу үшін студенттер қазақ тіліне аударылған кітаптардың бірін оқып, мазмұнына орай бейнебаян түсіруі керек. Сондай-ақ бейне материалды Facebooк желісіне Қыздар университетінің Qyzdar Ýnıversıteti ресми парақшасын белгілей отырып жүктеу қажет.

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің табалдырығын биыл аттаған студенттер «Көпке ұмтылған жалғыз» кітабын оқып, аталған еңбектің мазмұнымен толық танысып шықты. Оны талқылау мақсатында жиындар мен пікір алмасулар да өткізілді. Сонымен қатар «Qyzdar Ýnıversıteti» газетіне мақалалар жазып, адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын оқулықтардың ерекшелігіне шолу жасады. Біздің көздегеніміз бұл игілікті іске өзге де жоғары оқу орындарын тарту. Осы арқылы жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуына мүмкіндік жасау, – деп атап өтті Жандар Асан.

Эстафета соңында барлық бейне материал жинақталып, соның негізінде шағын фильм жарық көрмек. Ол Қазақстанның жас педагог-ғалымдарының үшінші слеті қарсаңында көпшілік назарына ұсынылмақшы.

Қазіргі таңда қазақ тіліне аударылған кітаптар мен жоғары оқу орындарының тізімі түзіліп, бейнебаянды түсіретін нақты мерзімі бекітілген.

Айта кетейік, былтыр Қазақстан жас педагог-ғалымдардың бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың Қауымдастығы құрылды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың идеясымен құрылған ұйым мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жаңашыл жастарды біріктіріп, олардың диалог алаңын құруды мақсат тұтады. Бүгінде дейін аталған Қауымдастықтың ұйытқы болуымен бірнеше жобалар сәтті жүзеге асырылды.

Баспасөз және қоғаммен байланыс

бөлімі