ТҮРКІСТАН: «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНА КЕЛІП, МӘСЕЛЕ ШЕШТІ
Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов бір топ азаматты қабылдады. Партия ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, облыстың түкпір-түкпірінен келген жиырмаға жуық тұрғын өздерін мазалаған мәселелер бойынша талап-тілектері мен арыз-шағымдарын айтты. Бірқатар өтініштер сол сәтте шешімін тапты.
Мысалы, бірнеше жылдан бері үй кезегінде тұрған Түркістан қаласының тұрғындары – А.Атекева мен А.Нысамбаева баспана проблемасымен келген екен. Бұл тұрғындарға осы осы жылдың аяғында кезекке сай үй берілетіні хабарланды. Ал Түркістан қаласының тұрғыны Г. Жадилованың отбасына 2017 жылы үй берілген. Бірақ үй иелері мұны 2019 жылы білген. Өздеріне тиесілі үйге барса, басқа адамдар тұрып жатқанын көреді. Заңды баспанасына кіре алмай жүрген тұрғынның жанайқайын тыңдаған Қосман Қайыртайұлы бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді. Бүгінде аталған үйге байланысты жалған құжат жасау бойынша қылмыстық іс қозғалған. Таяуда үйді заңсыз иемденгендер сот арқылы мәжбүрлеп шығарылмақ.
Арыс қаласынан келген С. Мусаева жарылыстан зардап шеккен үйін жөндеу мәселесін қозғаса, Қ. Бегалиева кәсіпкерлік ғимаратын жөндеуге көмек сұрай келіпті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арысқа арнайы барып, үйді тексеруге тапсырма беретінін, ал кәсіпкерлік нысан бойынша кәсіпкерлер палатасына хабарланатынын айтты.
Электр жарығы мәселесін қозғаған Ескі Иқан тұрғыны Э.Курбанхадиевке бұл түйткілдің 2020 жылы шешілетіні, оған арнайы 22 млн. теңге қаржы қаралғаны айтылды. Үйіне газ кіргізуге қаржылай көмек сұраған түркістандық көпбалалы ана Ж.Абдуллаеваға несие беру мәселесі шешілетін болса, Келес ауданынан келген А.Көбегеноваға да атаулы әлеуметтік көмек, су мәселесін шешу бойынша көмек көрсетілетін болды.
Өзге де бірнеше тұрғынға тиісті кеңес беріліп, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктелді. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың талап-тілектерінің орындалу барысы партия бақылауында болатынын жеткізді.
Бүгінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі билік пен бұқараны тоғыстыратын алаңға айналып үлгерді. Алдағы уақытта да қабылдау бөлмесіне түрлі саладағы басшылар келіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі