Павлодар облысында кіші индустриялық аймақтар құрылып жатыр

 

Облыстық әкімдікте 2019 жылғы 9 айда атқарылған жұмыс қорытындыланды. Аймақ басшысы Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен жиында кіші индустриялық аймақтарды іске қосу және заңды тұлғалардың есеп беру мәселелері талқыланды.  

Павлодар облысының әкімі бұған дейін де кіші индустриялық аймақтар инвесторларды тарту көзіне айналуы керектігін айтқан болатын. Жергілікті жерлерде осы жұмысқа жауапты тұлғалар Екібастұзда пилоттық кіші индустриялық аймақты қалыптастырып алған соң ғана басқа қалалар мен аудандарда осындай алаңдар ашу туралы шешім қабылдады.

— Кіші индустриялық аймақтардың қатысушылары ретінде 42 нысанды айқындадық, — деді облыс әкімінің орынбасары Арыстан Қабыкенов. – Пилоттық жоба салынатын Екібастұз қаласында осы мәселе бойынша 20 кәсіпорынмен келіссөздер жүргізілді. Кіші индустриялық аймақтың ғимараты таңдап алынды, қазір біз оны қалалық әімдіктің балансына аударып, сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешіп жатырмыз.

Жиналыс кезінде салық органдарының басшылары заңды тұлғалардың салық төлеуден жалтаруын сөз етті. Өңірде тіркелген заңды тұлғалардың 40%-ы өз табысын жасырып келеді. Кейбір заңды тұлғалар зейнетақы аударымдарын жасағандарымен өз кірістерін көрсетпейді.

— Салық органдарында ресми тіркелгенімен өз кірістері туралы есеп бермейтін тұлғалар көлеңкелі экономикамен айналысулары мүмкін, — деді Павлодар облысының әкімі. – Тауар өндіреді, еңбек ақы төлейді, ал, салықтан жалтарады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың салықтары ғой. Жергілікті жерлердегі әкімдер бұл мәселені бақылауда ұстаулары тиіс.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы