Қазақстан – дала өркениетінің мұрагері
Атқа міну мәдениеті мен аңшылық өнер қазақтың көшпелі өміріне ғана емес, қазіргі тұрмыс-тіршілігіне де етене жақын. Себебі, қазір жылқы малын күнделікті мініске пайдаланып отырғандар баршылық. Сондай-ақ, ит жүгіртіп, құс салып, саятшылықты серік еткендер де көп. Жақында Павлодардағы «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтында «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында өткен семинарда халқымызды мұндай құндылықтары іс жүзінде көрсетілді.
Семинарды «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты мен Баянауыл ауданындағы Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаты бірлесіп ұйымдастырды. Мақсаты – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде насихаттау, дәріптеу. Семинар сол мақалада аталған тақырыптардың ең негізгі төртеуін қамтып, төрт бекет бойынша өтті. Олар – атқа міну мәдениеті, саятшылық өнері, аң стилі және мұражай – тарих айнасы.
Қазақ халқының тарихындағы жылқының рөлі мен атқа міну мәдениеті және ат-әбзелдер бұйымын дайындау туралы Ш.Айманов атынағы орта мектеп мұғалімі Алмас Жакитов баяндап берді. Ол көрмеге күнделікті өзінің қолданып жүрген ертоқымы, ноқта- жүгені, ат арбаның ершігі, қамыты, құйысқаны мен өмілдірігі және арбаның атын басқаратын божы мен қамшысы сынды бұйымдарын қойды. Ол ат-әбзелдер бұйымын жеке-жеке таныстырып, қайсысы қандай кезде қалай қолданылатынын түсіндірді. Мектеп ауласына өзінің атын да алып келіп, оны қалай ерттеу және атқа қалай міну керек екенін көрсетіп берді.
— Жылқы – біздің жеті қазынамыздың бірі. Қазақ тарихшыларының сөзінше, жылқы малы ең алғаш қазақ даласында үйретілген екен. Одан кейін заман ағымына сай жетілдіріле түсті. Жылқыны мініске пайдаланудың нәтижесінде киім тігу мәдениеті дамыды. Атап айтар болсақ, ер азаматтарға арналған қалың шалбар атқа міну үшін тігілген екен. Ал, көшпенділер асауды тез жуасыту үшін алдымен ауыздықты ойлап тапқан екен. Одан кейін атқа мінуге арналған үзеңгіні жасап, қолданысқа енгізген, — дейді Алмас Жакитов.
Осы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Сембин үй жағдайында құс баптаудың қыр-сырымен бөліссе, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері – Жәнібек Сабданбеков пен Түсіп Ықыласовтар алтын адамның сыртқы келбетін, макетін, киім үлгісін жасаудың элементтерін үйретті. Қыз балаларды қолөнер бұйымын жасауға баулып жүрген Күлзипа Бөпейхан мен Айша Ықылас қошқар мүйізді ою-өрнектерді қағазға сызу және оны қиюдың әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Төртінші бекеттегі мұражай – тарих айнасы бөлімін Ш.Айманов атындағы тарих пәнінің мұғалімі Ержан Рахымтаев құрастырыпты. Келген қонақтар бұл бөлімнен Қазақстанның Халық артисі, көрнекті режиссер Шәкен Аймановтың өмірбаянымен және шығармашылығымен танысты. Сондай-ақ, режиссердің түсірген кинолары жазылған дисклердің түпнұсқасы, өзі ұстаған қаламы және көзі тірі кезінде жасалған визиткалары көпшілік назарына ұсынылды.
— «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланғаннан кейін осы бағытта арнайы жоба құрастырып, мектептерді аралай бастадық. Соның нәтижесінде Баянауыл ауданындағы Ш.Айманов атындағы мектеп-нтернаты мен облыс орталығындағы №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейін инновациялық алаң ретінде таңдап алдық. Қазір осы білім мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс жасаудамыз. Мақсатымыз – оқушыларды халқымыздың өткен тарихымен және мәдениетімен таныстыру. Сонымен қатар, мектеп мұражайлары арқылы жергілікті жердің тарихын насихаттау. Осы семинар болашақта өз нәтижесін береді деген сенімдеміз. Қатысушы ұстаздар алған білімі мен тәжірибесін өз жұмыс орындарындағы әріптестерімен және оқушыларымен бөліседі, — дейді «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтының бас маманы Әлия Жүнісова.
Тілеуберді САХАБА