Студенттер қарияларға қамқорлық көрсетті
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері қоғамның қай саласында да ерекше белсенділік танытып келеді. Әсіресе, ел ағалары атанған ардагерлерге қолғабыс жасау, көмек көрсету, мұқтаж адамдарға қайырымдылық жасау сынды іс-шараларын жиі ұйымдастырып келеді.
Жақында университеттің мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің студенттері Павлодар облыстық қарттар мен мүгедектер үйінде болып, мекемеде тұратын қарттарға көмек көрсетті.
Жастар ғимараттың айналасын жинап, концерттік бағдарлама әзірледі. Гитара тартып, ән шырқайтын өнерпаздар да барыпты, олар ән салып, қариялардың көңілін көтерді. Сонымен қатар, үлкен дастарқан жайып, қариялармен сыр бөлісті. Өз кезегінде олар да жастық шақтарын еске түсіретін естеліктер айтты. Шара соңы көңілді би кешіне ұласты.
Шара барысында студенттер қарттардың әлеуметтік және құқықтық тақырыптарында қойған сұрақтарына жауап берді.
Жалпы, қарттарға тек мереке кезінде ғана көмек көрсетіп, басқа уақытта қараусыз қалдыру дұрыс емес. Сондықтан, студенттер әрдайым қамқор болуға шақырады.