«АУЫЛЫҢДА ҚАРТ БОЛСА, ЖАЗЫП ҚОЙҒАН ХАТПЕН ТЕҢ»…
Республикалық Ардагерлер кеңесінің отырысынан көңілге түйген мөлтек ойлар
Ақсақалдар өткен замандарда қоғамды біріктіруші күш болғандығы аян. Рулар мен ұлттар арасындағы татулық, ағайынның бірлігі тек ақсалдардың ұлылығы мен даналығына тәуелді болған десек қателеспейміз. Бір ақсақалдың сөзіне бүтін бір ру, бүтін бір ел тоқтаған. Бұл қасиеттер мен салауаттылық сол замандағы қарияларымыздың данагөйлігін, шешендігін, кемеңгер, қайраткерлігін білдіреді. Ақсалдар өз ісімен, өшпес өнегесімен өз ортасына ғана емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі болды.
Қарияларымыздың қайраткерлігінің, даналығының арқасында ұлтымыздан ұлағатты ғұламалар, жігерлі батырлар мен шешендер, даналар туды. Кешегі өткен осындай ұлағатты ақсақалдардың ғибратқа толы ғұмырын жалғастыру, өнегесі мен ұлағатын ұрпаққа аманат ету бүгінгі біздің замандастардың ұрпақ алдындағы абыройлы міндетіне айналып отыр.
Зайырлы қоғамдағы салт — дәстүрді насихаттау, тұрақтылық пен тыныштықты баянды ету, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуде ақсақалдар институтының ролін бекемдеу қазіргі таңда ауадай қажет десек артық айтқандық емес. Сондықтанда қариялардың қоғамдық белсенділігінің маңызы зор. Ал қарияларымызда ақсақал деген атына заты сай болуы керек. Ақсалдарымыз өздерінің өнегелі ісімен, ұлағатымен, ұлылығымен ауылына, аймағына, ауданына үлгі болу керек. Әр қария өзін ұрпақтарға саналы тәрбие беруші, салт дәстүрдің сақтаушысы ретінде сезініп, қазақтың ақсақалы деген қасиетті атқа лайықты болса ғана – ардагер атануға хақылы… Киелі Маңғыстау өңірінде Ә.Кекілбайұлының 80 жылдығы аясындағы Республикалық Ардагерлер кеңесінің отырысынан көңілге түйгеніміз көп. Санаға сіңіргеніміз мол. (10 қазан күні газетіміздің №40 (1273) номерінде «Қазақ халқын әлемдік өркениетке көтерген Әбіш» атты мақалам жарияланды. Онда Әбіш тойынан алған әсерімді жазған болатынмын. Сондықтан бұл мақалада ондағы көріністерге тоқталмаймын). Ұлттық құндылықтар табанға тапталып жер болған бүгінгі заманда Оңтүстік өңірде «әкелер мектебінің» бой көтеруі бізге қатты әсер етті. Осы бір игі іс алдағы уақытта жанданып, құлашын кеңге жайса шіркін!
Жыл сайын, сәті түссе маусым сайын әр облыста Республикалық Ардагерлер кеңесінің көшпелі семинарлары өтіп тұрады. Бұған дейін Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстарында өтсе, енді міне, Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойымен тұспа — тұс келіп отыр. Бұл өте қуанышты жағдай. Семинардың тақырыбы да өзекті. «Сындарлы қоғамдық диалог–Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі». Қоғамның бүлкілдеп тұрған тамырын дөп басып тұрғандай әсерге бөлейді.
Айтпақшы, Әбішке арналған конференцияға әр аймақтан жиналған ардагерлер кеңесінің төрағалары түгелге жуық жиналды. Керемет ұйымдастырылған шараға барша қауым риза болып тарқасты. Әсіресе Ресейден келген белгілі аудармашы Анатолий Кимнің үш жүздің баласы жиылған Әбіш тойында үлкен басын иіп, өзінің жүрек түкпіріне сақтаған қазақтар туралы әзиз ойын ортаға салғаны еш ұмытылмас. Оны айтпай кетуге тағы болмады. Қазақтың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін арда қасиетіне басын иген Анатолий, қазақ халқының дара туған ұлдарына ерекше ілтипатын жасырмай жайып салды. Қасиетті қазақ даласына, оның салт-дәстүріне деген құрметі де өзгеше екенін сөз орайында қиыстыра жеткізді. «Мен қазақ халқын, қазақ қариясын – Әбішпен араласып жүргенде терең түйсіндім. Не деген даладай дархан сезім. Не деген ізгі тілек. Не деген сарқылмайтын құрмет. Қазақ аналарының еріне деген мәңгілік махаббатына да куә болдым. Сыйластықтың дариядай сарқылмайтын қуат-күшіне де тәнті болдым» деп ағынан жарылды. Заты кәріс болса да, аты – адам Анатолий Ким, ұлылары асқақ сөйлейтін қазақ топырағында тебірене сөйледі. Киелі Маңғыстаудың әулиелер мекендеген тау-тасына тәуәп етіп, қасиетті қазақ баласына деген, оның асқақ рухына деген жүрекжарды пейілін қарт Каспийдей буырқана толғады. Өзімізде көп бағалай бермейтін асыл қасиеттерімізді, сырт көздің осыншама жеріне жеткізе әспеттеуі жүрек қылын шертіп, төбеміз көкке екі елі ғана жетпей тұрды. Мұны жазып отырған себебім, қазақтың ұлылығын тағы бір оқырмандарға паш ету еді. Кеудесін ешкімге бастырмаған өр халықтың өршіл ұрпағы қанаттансын, қалықтасын деген де арман бар бір жағы…. Сонымен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған ел ардагерлері абыз жазушының шығармаларын жастарға кеңінен насихаттау туралы сөз қозғады. Бұл әрине құптарлық қадам. «Жақсының жақсылығын» дәріптеу ата-бабадан жеткен аманат. Оған біз адал болмасақ, оны жастарға өз дәргейінде насихаттай алмасақ қарттығымызға сын! Адамдығымызға мін!
Бүгінге дейін тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалау жолында ел ардагерлері Елбасына ақылшы, кеңесші, көмекші бола білді. Мұны ешкім жоққа шығара алмас. Қоғамның барлық саласында еңбек еткен ардагерлер өздерінің бай тәжірибесін, білімі мен білігін, рухты істері мен біліктілігін тәуелсіздігіміздің қалыптасуына жұмсады. Жұмсай да бермек. Еліміздің қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетіп, дүниежүзіне танымал, стратегиялық тұрғыдан сенімді әріптес, байсалды да сергек мемлекет болуына ардагерлердің сіңірген еңбегі зор. Бұдан былай да ардагерлеріміз қоғамның дамуына өз үлестерін қосып ауқымды жұмыстар атқара берері сөзсіз!
АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНА АРТЫЛҒАН МІНДЕТ – ҰШАН ТЕҢІЗ
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов әр өңірден келген облысық ардагерлер кеңесі төрағаларымен қатар Маңғыстау облысының аудандарының ардагерлері алдында алдағы мақсат жайлы жігерлі баяндама жасады. «Бәріңіз білесіздер жаңа парламент маусымының ашылуы салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялағанын. Президент Жолдауында елімізді реформалаудың жаңа кезеңінде қоғамды толғандыратын мәселелердің біразына жауап берді. Мемлекетті нығайту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту мәселелеріне тоқталды. Басты мәлімдеме болашақ азаматтық қоғам жөнінде болды. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатуды, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды ұсынды. Қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.Кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейтін болады. Жолдауда азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Сонымен қатар қоғамды толғандырып отырған мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтардың диалог аясында шешімін табу қажеттігі айтылды. Президент митингілерді ұйымдастыру тәртібін жаңартуды ұсынды. «Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс», – деді Қ.Тоқаев. Одан әрі қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі нақтыланды. Алдағы уақытта қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келетінін, мұндай дәрежеге жету үшін даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін ескертті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы,өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында халыққа берген уәдесін орындайтынын жеткізді. Сонымен қатар «асығыстыққа салынбай», керсінше, кезең-кезеңімен, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатынын айтты. Біздің ұстанатын басты қағидатымыз, Күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет. Осы мақсатқа жету үшін, тез қарқынмен жүруіміз керек. Біздің ортақ міндетіміз – адамдардың барлық сұраныстарына тез жауап беретін «еститін» мемлекет тұжырымын жүзеге асыру, — диалог арқылы үйлесімді мемлекет құру» деді.
Иә, бұл айтылғанның бәрі ойға қонатын, жүрекке жететін сөздер. Рас, қоғамда келеңсіздік көп. Ата-бабамыз естімеген небір сорақылықтар жасалуда. Оның қайтсек алдын аламыз. Бұл-қазіргі ардагерлер алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Президент Тоқаев Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесіне, азаматтық қоғамды қолдап, оны өзекті мәселелерді талқылауға тартуды ұсынды. Бұл да ардагерлерге үлкен жауапкершліік жүктеп отыр. Қоғамдағы жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайтуды тапсырды президент. Бұған да ел ардагерлері өз бітімдерін, өз шешімдерін, өз талап-тілектерін айтуға тиіс..Ерекше резонанс тудырған тапсырмаларының бірі микро және шағын бизнес саласындағы жаңадан құрылған компаниялардың негізгі қызмет түріне салынатын салықтан үш жылға босатылуы болды. 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салынады. Сондай-ақ, жеріміздің шетелдіктерге сатылмайды, «Біз оған жол бермейміз. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек, – деді Қ.Тоқаев. Кәсіпкерлер өтінген тағы бір шешім – 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесі 2023 жылға дейін шегерілді.
Бақтықожа Салахатдинұлының баяндамысынан көңілге тағы бір түйгеніміз, Мемлекеттік орган қызметкерлеріне келіп түскен өтініш-шағымдары бойынша жұмысының, іс-әрекетінің сапасын бақылап-қадағалайтын арнайы бөлім құрылатыны. Әділетсіздікке ұшырағандардың қайта-қайта шағымдануы мемлекеттік органдардағы проблемалардың бар екенін білдіреді әрине. Бұдан былай, халық жергілікті билік жұмысының тиімділігін тікелей бағалай алады. Сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған проблеманы зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз болмақ.
Кеңес төрағасы бүгінгі таңда, ардагерлердің алдында тұрған міндеттердің бірі Президент Жолдауын халыққа түсіндіру екенін ашық айтты. «Ақпараттық технология дамыған заманда, елді дүрліктіретін әр-түрлі алып-қашпа әңгімелерден сақтануымыз керек. Орталық кеңестің басшылығымен, облыстық ардагерлер кеңестерінде, қалалар мен аудандарда, елдің арасында абыройлы, халықтың құрметіне бөленген ардагерлерден арнайы мобильді топтар құрылды. Бұл мобильді топтар өздерінің тұрғылықты жерлерінде Президент Жолдауын жергілікті тұрғындарға түсіндірумен және елдің тыныштығы мен берекесін сақтауға қажетті жұмыстармен айналысатын болады. Ардагерлер ұйымы көптеген жұмыстарға бастамашы болуда. Еліміздің барлық өңірлерінде ардагерлердің араласуымен атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік» деді.
ӘБІШ ТОЙЫМЕН АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТҰСПА — ТҰС КЕЛУІ ЖАҚСЫЛЫҚ НЫШАНЫ
2019 жылды Елбасымыз Н.Назарбаев, жастар жылы деп жариялады. Республика ардагерлерінің Орталық кеңесі жастар жылын қолдап Үндеу қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта өңірлерде «Жастар біздің болашағымыз»–атты іс-шаралары өтіп жатыр. Негізгі бағыт жастарды жат ағымдарға еріп кетуден сақтандыру, салауатты өмір сүруге баулу, басқа да түрлі қоғамға жат зиянды әрекеттердің алдын алу. Баяндамасының соңында Бақтықожа Салахитдинұлы Республикалық кеңестің мүшелерін ғана емес, сондай-ақ Маңғыстау облысы аудандарының бірнеше төрағаларын ерен еңбектері үшін құрмет белгісімен, алғыс хаттармен өзгеде сый-сияпаттармен марапаттады. Бұған құрмет биігіне көтерілгендер ризашылығын білдіріп жатты.
Ардагерлер кеңесі жайлы бірнеше жылдың жүзі болды «Qazaqstan dauiri» газеті жазып келеді. Елді ынтымақ пен бірлікке бастайтын бұл кеңестің мүшелері біздің газетіміздің тұрақты оқырмандары саналады. Әсіресе Атырау облыстық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы, Облыстық Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Индер ауданының құрметті азаматы Ризуанов Қатимолла Ризуанұлы «Қазақстан дәуірі» газетіне деген өзінің ілтипаты ерекше білдірді. Бұл газет үшін, тұрақты оқырмандар үшін үлкен абырой! Ақкөңіл ағаның шынайы ықыласы – көңілімізді көтеріп тастады. Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмовтың Ә. Кекілбайұлының 80 жылдығы аясындағы Республикалық Ардагерлер кеңесінің отырысындағы сөйлеген сөзі де рухты оятып, жиналған қауымның жігерін тасытты. «Ардақты ардагерлер, ағалар, Абыройлы ел ақсақалдары!» деп бастады сөзін облыс әкімі. «Бұл күндері рухани дүр сілкініп жатқан киелі Маңғыстау төріне қош келдіңіздер, бүгінгі салихалы бас қосу зор тағылымымен есте қалады деп ойлаймын. Осынау үлкен елдік берекелі шараның қазыналы аймағымызда өткізіліп жатқанының өзі өте құптарлық.
Маңғыстаудың игі жақсылары мәңгілік қоныс тапқан Сисем ата пантеонында жуырда ғана даңқты бабалар рухына үлкен Ас берілсе, енді дана Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы аясындағы алқалы отырыста әңгіме қозғағалы отырмыз. Ендеше осынау келелі жиынның ұйымдастырылуына ұйытқы болып отырған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Бақтықожа Салахатдинұлы Сізге және қай кезде де елдіктің туын тіктеп, мемлекетіміздің беріктігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптей білген атпал азамат ағаларға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Біздің бағзыдан баян тартып келе жатқан көрегенділігіміз бен тектілігіміздің, елдік ерен қасиетіміздің түп тамыры да сол елдіктің шаңырағын тіктеу, ауызбіршілік, ата-бабаға құрмет пен өзара сыйластықта екені даусыз. Алдыңғы буын ағалар мінсіз кісілік қасиетімен, тағылымға толы өнеге-өсиетімен ұрпаққа үлгі көрсетіп келе жатыр. Сіздер шеккен ауыртпалығы мол ғұмыр, сіздер шыққан асқар биік тұғыр біздің елдігіміздің, ұлттық құндылығымыздың айнасы, бағдаршамы іспетті. Егемендікті еншілеген еліміздің өскелең ұрпағы, жалынды жастар сол бағдаршамға қарай бағыт түзеп, арман-мұратымызды ары қарай жалғай береді деген сенімдеміз.
Маңғыстау өңірі өздеріне таныс 360 әулиелі мекеннен талай еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар шыққан құт мекен» деп бір қайырды Серікбай Өтелгенұлы. Және де облыстың әлеуметтік — экономикалық дамуына жайында да біраз қуанарлық ақпараттар алдық. Соның ішінде әлеуметтік мәселемен бірге халық санының да жыл сайын артып келе жатқаны да дәтке қуат.
АРДАГЕРЛЕРДІҢ ДЕ «АРДА» ОЙЛАРЫ БАР…
Қазақта «Бал бұлақтан мейірің қана ішіп жатқанда, оның бастау алған қайнарын ұмытпа» деген мәнді тәмсіл бар. Ол қайнар ата-бабаларымыздың дәстүрлі жолы. Сондықтан аузы дуалы ақсақалдардың ақыл-кеңесіне құлақ асу, өмірден көрген-түйгені мол ақсақалдарымызды ардақтау — міндетіміз. Мұны жастардың да біліп, қанаттанып жүргені абзал іс. Осы шара алдында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әбіш Кекілбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі» мен ескерткішін ашқаны келген қонақтар мен Маңғыстау жұртына шаттық сыйлады. «Жауынмен жер, батамен ел көгерер» дегендей, ақсақалдарымыздың батасымен қабырғалы еліміз мәңгі жаңғырып, жасай берсін дедік бізде іштей! Елге сыйлы қарияның елдің мұңы мен сырын айтатыны ежелден мәлім жайт. Оған да куә болдық. Жиын барысында Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаевтың баяндамасындағы мына жолдар, халықтың қалауы мен талабынан өрілгені көрініп тұрды. Елдің сөзін, ризашылығын ардагер айтпағанда, ақсақал пайымдамағанда кім бағаламақ?!
«…Ардақты ардагерлер! Сіздердің жолдауды көріп, тыңдап, оқып, талқылап өз-ойларыңызды ортаға салғандарыңызға сенімім мол. Сыр бойында біз де солай жасадық. Қорқыт баба бауырындағы біздің Сырдың елі Жолдауды түгел қолдауда. Енді ашығын айтар болсақ, бұл маңызды құжатта әлемге танымал сарабдал саясаткер басшы, бүгінгі ауыр да күрделі кезеңдегі халықтың көптеген өмірлік, тұрмыстық, адами мұң-мұқтажының бір парасын дөп баса білген. Тіпті ілгеріден қордаланып қалған проблемалардың қоясын ақтарып көрсетіп, оңтайлы шешу жолдарын нұсқап, жария қылған.
Әсіресе, әр қазақтың айызын қандырғаны ондағы «Жер шетелдіктерге сатылмайды… Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жер телімдері кері қайтарылып алынады» деген нақты тұжырымы болды. Ақиқатында, жер қазақтың жаны, тіршілігінің мәні, керек болса атадан аманаттап қалдырған құнды мұрасы, аяулы ар-ожданы. Туып өскен жеріңнен айырылсаң – еліңнен де айрылғаның» деп ақсақалға тән байлам жасауы, көпірме сөзден көрі, күрделі, рухты толғамдарға шөліркеген ағайынға майдай жағары анық деп ойлаймыз. Иә, ел азаматы болғандықтан, елдің жоғын түгендеуге ат салысып жүргендіктен қазақ тілін мемлекеттік тіл ретіндегі шын мәніндегі мәртебеге ие ету жаңа басшының назарында екендігі көңілімізді көншітеді.
Жолдауда мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» дегені де халық қалуына сай келіп тұрғаны шындық. Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», деген ұстанымы қолдауға лайық.
«Халыққа қызмет жасау, елдің мұң-мұқтажын ескеріп, өмірлік қажетін өтеуге тұрақты да шынайы қолғабыс көрсету биліктің басты міндеті екендігі Жолдауда қадап айтылған. Осы орайда билік пен қалың бұқараның арасында берік диалогтың орнығуы демократиялық қоғамның маңызды ұстанымы. Жолдауда бұл ретте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің және Президент аппаратында тұрғындардың арыз-шағымдарымен жұмыс істейтін арнайы бөлімнің жаңадан дүниеге келуі,тіпті мемлекет басшысының өзінің әлеуметтік желіні жіті қадағалап, зәру сауалдарға шұғыл түрде тікелей жауап қатуы, ал Парламентте қабылданған заңдардың өміршеңдігін саралап, бағалап отыратын жаңа құрылымның пайда болуы, алдағы уақытта жергілікті әкімдердің қызметіне тұрғындардың берген бағасы ресми негізге алынатыны мезгіл талабынан туған жағымды жаңалықтар екендігі даусыз» деді сөзінің соңында Қызылордалық ардагер.
«Тәуекелсіз қауым – тәуелсіз бола алмайды, алауыз қауым – азат бола алмайды» — деп ғұлама, қазақтың кең даласының ойшылы, дана ағамыз Әбіш Кекілбаев айтқандай, кеңеске жиналған ардагерлер халқымыздың бірлігімен армандаған тірлігін, Қазақстанның өркениетке жету жолындағы тәуекел қадамына үнемі қодау білдіріп келе жатқаны елдік мұрат екені даусыз.
Маңғыстау облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Төлетов Серікбай Құдайбергенұлының да көтергені елдің ынтымағы мен бірлігі, тұтастығы мен тыныштығы төңірегінде өрбіді. «…Құрметті кең байтақ еліміздің әр аймағынан келген Ардагерлер! Әулиелі де киелі мекен Маңғыстауға Қош келдіңіздер! Республикалық ардагерлер бірлестігінің Орталық Кеңесінің ұйымдастырған бүгінгі жиыны, осы киелі топырақта дүниеге келген Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың сексен жылдық мерейтойына сәйкес келуде. «Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы – өзі бастан кешкендерден түйген азды – көпті рухани тәжірибесі. Одан қол үзген қауым – келешегінен қол үзген қауым» деп заманымыздың ғұлама абызы Әбіш ағамыз айтқандай, ардагерлердің жеткіншек ұрпақ тәжірибесіне қосар үлесі мол екені сөзсіз.
Осы бағытта облыстың ардагерлер ұйымдары жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттап, туған өлке тарихымен мәдени мұраларымен таныстыруға байланысты істерге ат салысуда. Облыс ардагерлері аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып, маңызды саяси мәселелерге қатысты өз пікірлерін білдіріп келеді.
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНА ҮМІТ АРТҚАН АҒАЙЫН КӨП…
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дегендей – қариялардың өмірлік іс – тәжірибелерін, ата-бабалардың нақыл да ақыл сөздерін, даналығын жастарға жеткізумен қатар, ардагерлерді ұлықтау, оларға қамқорлық көрсету жұмыстарын мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, кәсіпкерлермен, жұртшылықпен бірлесіп ұйымдастыруды ардагерлер ұйымдары жүзеге асырып келеді» деп сөзін түйіндеді.. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы алғашқы жолдауына екпін бере сөйледі: …Мен ең алдымен Жолдаудағы концептуалдық маңызы бар екі қағиданы бөліп айтар едім.
Біріншісі – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады.
Екіншісі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» («Слышащее государство»). Бұл бұрын-соңды айтылмаған дүние. «Билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», – деді Президент.
Жолдаудың осы алғашқы сөздері-ақ көңілге кәдімгідей қуаныш дарытып, нық сезім орнықтырды. Бұдан кейін ол кісі ел дамуының қадау-қадау белестерін атап өтіп, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, демократиялық үрдістердің басты басымдыққа айналуы тиіс екендігіне ерекше тоқталды. 5 бөлімнен тұратын Жолдаудың алғашқы екінші бөлімі «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» («Обеспечение прав и безопасность граждан») деп аталуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Бұған дейінгі Жолдауларда да осы мәселе назарда тұратын, бірақ бұл жолы Елбасының сөзін тыңдағанда оған айрықша сипат берілгендігінің куәсі болдық. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы қызметкерлердің жалақысын өсіру, жұмыс, тірлік жағдайларын жақсарту алға шығарылғаны қуантады. Өйткені өзіміз өмір бойы бюджет саласында жұмыс істегендіктен жақсы білеміз – мұндағы адамдардың жалғыз жалақысынан басқа отбасына келер түсімі жоқ қой. Ендеше бұл мемлекет қамқорлығының жаңа сапалы сатыға көтерілгендігінің бір айғағы болса керек» деді. Бұл да «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген қағидатқа жүгінген аталардың арда жолы. Иә, жолдауда экономиканы жетілдіру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер процесіне атсалысуы сияқты басқа да мәселелерге қатысты терең, халық көңілінен шыққан келелі ойлар айтылған. Бұлар – алдағы атқарылар ұлан-ғайыр шаруалардың нақты бағдарлары екені сөзсіз.
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Ж.Мәуленқұловтың сөйлеген сөзі де көңілге хатталып қалды. Ол президент жолдауы іске асқан күнде елімізде үлкен реформалық өзгерістер күтіп тұрғанына кәміл сенетінін аңғартып өтті «…Жолдауды жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының терең толқынысын, халқына деген ыстық ықыласын еліне деген сүйіспеншілігін әр азамат ұқты десем артық айтқандық емес» деп есептеймін деді ол. Жолдаудың тұтас бойында елдік пен татулықтың, ынтымақ пен бірліктің, іскерлік пен ізгіліктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, тәртіп пен талаптың талмас үні жатқандығын да шегеліп айтты «Жас ұрпақ тәрбиесі, отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлінгені, жәйден — жай емес. Өкінішке орай, ұрпақтар сабақтасында, жастар тәрбиесінде, әсіресе оқушылар арасында көп олқылықтар жіберіп алдық. Осы өзекті мәселені қалай шешеміз? Ұрпақ тәрбиесін ұлттық сипатта қолға алмайынша санасы биік, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу күрделене түсетіні ақиқат. Қоғам болып белсенділік таңытқанда, өзіміз, әрқайсымыз прагматиқалық психологиямызды тереңдете отырып, жұмыс істесек қана Жолдауда айтылған талаптарды орындай аламыз» дегені де көңілге қонымды шықты. Сөзінің соңында: «Қырқүйек айынан бастап «Ардагерлер тынысы» атты журналды шығаруды қолға алдық. Басылым барлық өңір-аймақтарына тарайтын болады. Мақсат аталы сөзді жаңғырту, аға ұрпақ өкілдерінің еңбек жолын жастарға өнеге, үлгі ретінде жеткізу, танымдық негізде әр түрлі бағытта материалдар жарияланатын болады» деді.
АҒАЙЫНҒА БАҚ ҚОНСА, ҚАРИЯСЫ ШАТ БОЛАР…
Түйін сөз: Әр мақаланың өз түйіні болады. Ардагерлердің жұмысы соңғы жылдары заман талабына жауап беретін жаңа әдістерге көшті. Олардың алдында маңызды шешуін күткен келелі мәселелер әлі көп. Соған орай, ардагерлер қауымының атқарар жүгі де орасан болмақ. Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің әрі қарай дамуының кезекті қадамы. Қоғамның дамуында болып жатқан түрлі өзгерістердің мән-жәйін біліп, оны халық арасында насихаттап жүру біздің ардагерлердің негізгі міндеттерінің бірі деп білеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын! Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі. Елбасымыздың «ел бірлігі – ең асыл қасиет » деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!» деп бекер айтпаса керек. Иә, ел мүддесі сөз болған жерде, ел мұраты қайнаған ортада рухымыз көтеріліп, қиялымыз қанаттана түседі. Расында, бірлік бар жерде тірліктің жанданары белгілі.
Абыз ақсақалдарымыздың сонау Алатау мен Арқадан, Алтай мен Аралдан ат арытып келіп киелі Маңғыстау жерінде жиналып, Президентіміздің Жолдауына бірауыздан қолдау көрсетіп, ақжолтай лебіздерін арнап, ақ ниетпен ақ баталарын бергені бізді ерекше толғанысқа түсірді. Лайым, осындай жарастық жалғасын тауып, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бай, қуатты болайық. Қаны бір қазағымызды бірінші Алла Тағала, сосын Қорқыт пен Бекет ата бастаған қасиетті бабалар аруағы мәңгі қолдап, желеп, жебеп жүргей.
Маңғыстауға Әбіш тойына жиналған жақын-жуық, алыстан ат арытып келген ардагерлер заңғар жазушының барлық іс-шарасына қатысып, Ақтау қаласының әсем жерлерін аралап, теңіз жағалауында серуендеп, естелікке суретке түсіп мәз-мейрам болды. Алдағы жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абайдың 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы да айтарлықтай оқиға санатында. Сондай-ақ, ең маңызды мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Мұның бәрі де жастар үшін тағылымды дүниелер. Ендеше ардагерлер ұйымы жастар тәрбиесіне, олардың патриоттық сезімдеріне қылаудай дақ түсірмей, саналарына имандылық пен ибалылықтың гүлін ексе нұр үстіне нұр болар еді. Кейінгі ұрпақ сөзі мен ісі қабысқан ізгі дананың жолымен жүретіні тағы рас. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» ұрпақ өсіп келеді. Оларды жамандықтан жирендіру, жақсылыққа үйрендіру өз қолымызда
«Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев. Алаш жұрты осынау күрделі де абыройлы міндеттер үрдісінен шығары хақ.
Сәуле Мешітбайқызы