ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ!
«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры!» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. «Ертең тілім құритын болса, мен бүгін-ақ өлуге дайынмын» деген екен авар жұртының әлемге танылған даңқты ақыны Расул Ғамзатов. Ел тәуелсіздігі қарсаңында 1989 жылы Тіл туралы арнайы Заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгенімен осы Орда бұзатын отыз жасқа толған Тіл туралы Заңға түзету енгізу керектігі жиі айтылып та, жазылып та жүр.
Жуырда рухани азықтың ордасы – Ұлттық кітапханада Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Республикалық «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымы мен халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің бірлесе ұйымдастыруымен «Ұлттық мүддені қорғау мемлекеттік тілден басталады» атты дөңгелек үстел өтті. Мемлекеттік тіл — Қазақ тілінің мәртебесі мен қолданылу аясын арттыру, ҚР Тіл туралы Заң тармақтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және бұл мақсаттағы атқарылар іс-шараларды Алматы қаласынан бастау мақсатын көздеген дөңгелек үселге жазушы, «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымының төрағасы Мырзағұл Әбдіқұлов, қоғам қайраткері Хасен Қожахмет, филология ғылымының докторы Дандай Ысқақ, Алматы қаласы Әкімдігі Тіл басқармасы қызметкерлері, «Қазақ тілі» қоғамы, тіл мамандары, түрлі қоғамдық ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиынға Алматы қаласында шығатын «Казачий курьер» газетінің өкілдері де қатысып отырды. Жиын басында «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы дөңгелек үстелдің мақсаты мен маңызына тоқталды.
Алқалы жиынға қатысушылар Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс дегенді қадап айтты. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» екендігі ақиқат.
Дөңгелек үстелде қоғам қайраткері, «Азат» қозғалысының төрағасы Хасен Қожахмет баяндама жасап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын барысында ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбекұлы, филология ғылымының докторы Дандай Ысқақ, ақындар Болат Шарахымбай, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Аманғазы Кәріпжанәулеті тіл жанашырлары сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.
Хасен Қожа-Түрк, «Азат» қозғалысының төрағасы:
«Халуа, халуа» дегеннен аузың тәтті болмайды
Ардақты ағайын! 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған Қазақ КСР «Тіл туралы Заңына» бүгінде 30 жыл толып отыр. Қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып қалған ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдарында қазақ тілінің Қазақ елінде қоғамдық өмірде қаншалықты қағажу көргендігі осында отырған замандастарымның есінде болар. Сондықтан қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берер «Тіл туралы Заң» қабылдануын халқымыз аса қажет еткен еді. 1986 жылы миллионнан аса тұрғыны бар Қазақстан астанасы Алматыда қазақша оқытатын бір ғана мектептің болуы-ақ ана тіліміздің ахуалы қаншалықты мүшкіл халде болғанының айқын көрсетсе керек.
1989 ж. 22 қыркүйекте қабылданған «Тіл туралы» Заңға халқымыз зор үміт артқан еді. Алайда әлгі Заңда «Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық тіл болады» деп жазылуы күдік туғызды. Қазақстандағы жүзден аса ұлттың өкілдері өзара және қазақпен «ұлтаралық орыс тілінде» сөйлессе, «мемлекеттік» қазақ тілінде кім сөйлемек?
…Әрине, тәуелсіздік жарияланғаннан бері қазақша мектептер саны өскенін тілге тиек етерміз. Алайда мектеп-изоляцияда оқыған қазақшасы көшеде жарамсыз болғандықтан қазақ тілі «мемлекеттік тіл» бола алмай келеді.
Сөйтіп 30 жыл бойына орыстілді азаматтарға 30 қазақ сөзін үйрете алмаған Қазақстан билігінің жұмысын Қазақ тіліне қарсы жасалған «саботаж» деп бағалауға дәлелдеріміз жеткілікті десек болады. Рас, Парламентте ара-кідік бір депутат тіл жайында «әу» деп қалады. Алайда одан қазақ тілінің жағдайының мысқалдай да оңалғаны байқалмады.
… Міне, осылайша қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл жасауға билікте Заң болғанымен ниет жоқ болса, ал жарнамашыл пысықтардың нәтижесіз «шоуларынан» халық күдер үзген өлі кезең орнады.
…Ардақты ағайын! Міне, Қазақстанда қазақ тілінің жағдайы осындай, 30-40 жыл бұрынғы отаршылдық кезіміздегі әлжуаз халінен көп өзгере қойған жоқ. «Тіл – ұлттың паспорты» дейміз ғой. Ендеше әлемдегі «паспортсыз» халық, өзге біреудің «паспортымен» жүрген халық – қазақ екен. Отаршылдардың тіліне жабысып отырған билік Қазақстанда ғана бар. 30 жыл емес, шын мәнінде, ағылшын тілін үш айда да үйреніп жүр емес пе?! Мәселе Қазақстанның отаршылдар отырғызып қойған, әлі де солай жалтақтауын қоймаған билігінің қазақ халқының рухын көтермеу, қорлау үшін қазақ тілін мемлекеттік тіл етер ниетінің жоғында. Ниет болмаған соң Тілге арнап он заң шығарсаң да іс алға жылжымайды. Биліктің сыңайын байқаған қазақ та да отаршылдардың тіліне жабысып, ана тілін өгейсінуде. Не істеу керек? «Халуа, халуа» дегеннен аузың тәтті болмайды» демекші, құры «тіл, тіл» деп айқайлағаннан тілге бір мысқал пайда тимесін көрдік. Тек қана билікке хат жазғаннан пайда жоғына да көз жетті.
Қазақ тілінің ахуалын оңалту үшін сөз бен қатар іс те қажет. 2005-2006 жылдарда Жазушылар одағында болған екі жиында да Тіл мәселесін алдымен «мемлекеттік тілге көшті» деген облыстарды тексерер «Тіл шеруін» жасаудан бастауды ұсынғанмын. Сол ұсынысымды тағы айтамын; Екіншіден, Тіл мәселесіндегі я өзге де келеңсіздіктерді әр қалалардағы «Nur Otan» партиясының орталықтарына барып айту керек; Төртіншіден, еліміздегі жабылып тасталған «Тіл қоғамдары» қайтадан ашылуға тиіс, бірақ құрамы қоғамдық ұйымдардағы белсенді тіл жанашырларынан болуға тиіс.
Үкіметке Қазақстандағы мекеме, дүкен, т.б. атауларын қазақ сөздерімен атап, қазақша жазылуын іске асыратын Қаулы қабылдауына бір ай мерзім берейік. Болмаса халық болып өзіміз іске асыралық.
Болат Шарахымбай, ақын, қоғам қайраткері:
Осы мен қандай мемлекетте өмір сүріп жүрмін?
Кеше ғана жылдық асы өткен Шерхан Мұртазадан да сөз артылмаған ғой. «Айтсаң – ұят, айтпасаң – қиянат» дейді ол. Бір нәрсе анық: тіл мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Тіпті, жауыр болды. Бұл мәселенің айтылып келе жатқанына жүз жылдан асқан шығар. Өткен ғасырдың басындағы алаш арыстарынан бастап, 50-60-70 жылдар аралығындағы отаршылармен қиян-кескі күрестердің бәрі осы тіл үшін болған. Тіл үшін күрескен арыстарымыздың бәріне «халық жауы» деген жала жабылды, қызметтен шеттетілді, партиядан қуылды, түрмеге тоғытылды, қысқасы, ешқайсысы жазасыз қалған жоқ. Керек десеңіз, 1986 жылы алаңға шыққан жас қазақ демократиясының негізгі талаптарының бірі осы ана тілі мәселесіне байланысты еді. Қазақ демократиясы қызыл қанға боялды. Алайда, одан да ешнәрсе өзгерген жоқ.
1991 жылы тәуелсіздік алғанда қуанбаған қазақ қалмаған шығар. Олар не үшін қуанды? Қазақ өз алдына дербес ел болды, енді ана тіліміз туралы мәселе болмайды деп ойлады, үміттенді, соған сенді. Бірақ ол да алдамшы иллюзия болып шықты. Міне, тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл болды, тіл мәселесінде ешқандай өзгеріс жоқ. Меніңше, кілтипанның бәрі «жоғары эшалонда» – Парламентте, Үкіметте, Билікте. Қазір ел биліктің сөйлейтін тілін түсінбейтін болды. Олар өзгермей халық өзгермейді, тіл мәселесі де шешілмейді. Сондықтан билік тіл мәселесін шешуді халықтың иығына артып қоюды доғаруы керек, қазір үстіне шығып билесең де қыңқ етпей жайбарақат жата беретін қоғам жоқ.
Біздің санамыздың сандырақтап қалғаны сондай, қай елде өмір сүріп, қай мемлекеттің ошағында түтін түтетіп отырғанымызды да ұмыта бастаған сияқтымыз. Айналаның бәрі орысша шүлдірлейді, сұраса орысша сұрайды, түсіндірсе орысша түсіндіреді – теледидар, конференциялар, парламет, үкімет, елбасы, елағалары, президент, бәрі орысша. Неге бұлай? Сонда біз Ресейде өмір сүріп отырмыз ба?.. Сондықтан, әрбір қазақстандық, әсіресе креслода шәниіп отырған шенеуніктер өзіне «Осы мен қандай мемлекетте өмір сүріп жүрмін – Қазақстан да ма, Ресейде ме?» деген сұрақ қойып, осыған жауап іздеп көруі керек. Сонда бұл шиеленісті мәселеде бір өзгеріс болуы мүмкін.
Айта берсең, дәл біздегідей проблема өзіміз менсінбей биіктен қарайтын Өзбекстанда да, Тәжікстанда да, Түркіменстанда да, керек десеңіз халқының саны бізден үш есе аз Қырғызстанда да жоқ.
Мемлекеттік тіл мәселесі қоғамдағы ең өткір мәселеге айналып отыр. Бүгінгі қазақтың ең негізгі міндеті біреу: ол – Отан қорғау. Ал, Отан деген ұғымның ең басты тірегі – тіл. Тіл жоғалса, тілмен бірге Отан да жоғалады. Отан жоғалса, ұлт жоғалады. Ұлт жоғалса, бәрі жоғалады. Соған төзіп отыра беруіміз керек пе, әлде бір әрекетін жасаймыз ба?..
Мемлекеттік тіл туралы заңымыз жайында белгілі жазушы Смағұл Елубай Жазушылар одағында өткен жиында «30 жылда түк бітірмеген заң» деп тура бағасын берген болатын. Бұдан асырып айтқан ешкім жоқ қазірше. Менің ұсынысым: қазақ Билігінің, Парламенті пен Үкіметінің жұмыс тілі қазақ тілі болуын талап етуіміз керек. Екінші ұсынысым: бізге мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің қажеттігін тудыратын, әр адамға міндеттейтін заң керек.
«…Қосақталған ит қасқыр алмас»
«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымының төрағасы Мырзағұл Әбдіқұлов өз елімізде тұрып, ана тілін, ұлттық құндылықтарын білмейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны жанына бататынын айта келіп, аталған шара ұлт мүддесі үшін ұйымдастырылып жатқанына тоқталып, қалалық Тіл басқармасы өкілдері, тіл жанашырлары жиналғандықтан талқыланатын мәселенің өзектілігі ауқымын кеңейтетініне сенімді екенін жеткізді. Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына «Ұлттық мүддені қорғау мемлекеттік тілден басталады» деген үндеу қабылдады.
Дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым өкілдері Ата Заңымызға өзгеріс енгізіп, ондағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген бапты «ұлтаралық тіл» ретіндегі орыс тілін қосақтаудан арылтып және мемлекеттік тілге қажеттілік туғызатын «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа арнайы заң қабылдау қажеттігін ерекше назарға алды.
Гауһар Тұрсынқожа