Пайғамбар жолы – жалғыздық емес, отбасылық өмір
Жанұя – жер бетіндегі ең көне әлеуметтік институттардың бірі. Адам ата мен Хауа анамыз жаратылғаннан бері адамзат баласы жұп құрып үйленіп, бала-шағалы болып, өмір жалғасып келе жатыр. Алла тағала жер бетіндегі жаратылыстың барлығын осылай жаратты. Қиямет қайымға дейін де осылай жалғасады.
Үйлену арқылы жан тыныштығын табатын отау құру, қоғамдағы жақсы отбасыларының бірі болу – әр адамның арманы. Жаратушымыз бұл арманды жүзеге асыру жолында, бізді қолдайтынын білдіреді. Әр отбасы бірін-бірі жақсы көрген әйел мен ердің нәзік сезімдері мен бақытқа ұмтылған негізінде құрылады. Отбасы – өмір бойы жалғасатын татулық, бірлік, сыйластық және осындай бақытты үйде томпаң қағып жүгірген балалар.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ер мен әйел бір бүтіннің екі жартысы», – деп бұйырады. (Әбу Дәуід, Тахарат,94). Тағы бір хадисте «Үйлену – менің сүннетім. Кім менің сүннетіммен жүрмесе, менен емес», – деп айтады. (Ибн Мәжа, Никаһ,1).
Қазақта да үй болу мақсатымен шаңырақ көтерген ер мен әйелді «Екі жарты бір бүтін» болды деп – үйленудің, шаңырақ көтеріп, бас қосудың Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті екенін ескертеді.
Көріп отырғанымыздай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұсынған жол – жалғыздық емес, отбасылық өмір жолы.
Ол (с.ғ.с.) бойдақтарды үйленуге шақырған, үнемі асығыс шешім мен болмашы себептерден туындаған ажырасуды құптамаған. Қасиетті Құран теңдессіз дұға сөздерінің бірінде былай жалбарынуды үйретеді: «Уа Раббымыз! Әйелдеріміз және үрім бұтағымызды (тура жолға салып) көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші) әрі үлгі, өнеге қылғайсың!» (Фурқан сүресі 74 аят).
Үйлену – қыз бен жігіттің өзара келісіп, ерлі-зайыпты ретінде бірін-бірі қабылдауы және бірге өмір сүру жөнінде ортақ шешім жасауы.
Отбасы әйел мен еркектің бір-біріне деген сенімдері негізінде құрылады. Уақыт өте келе, көп қолданылған заттардың ескіргені секілді, өкінішке орай, кейде сезімдері мен жұбайлық қарым-қатынас та тозып, мүжіле бастайды. Некеге де өз уақытында және дұрыс көңіл бөлінбесе, онда шешімі табылмаған ұсақ-түйек мәселелер толып кетеді. Үйленіп отау құрған әр адам гүлдерін зиянды нәрседен қорғауы тиіс бағбандай, «бау-бақшасына» еңбек сіңіріп тер төгуі, уақыт бөлуі керек…
Адам баласы жанұяның мына дүниеде ең ауыр сынақтардың бірі екендігін, өзіне аманат етілген адамдардың әрқайсысы үшін бір күні Аллаға есеп беретінін естен шығармай, әрбір іс-әрекетіне осы сенімді басшылыққа алғаны жөн.
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Естеріңде болсын! Сендердің әйелдеріңе қатысты міндеттерің болғаны сияқты, әйелдеріңнің де сендердің алдарыңда міндеттері бар», – деген. (Тирмизи, Рада, 11 ).
Тағы бір хадисте «Әйелдер жөнінде Алладан қорқыңдар. Себебі, сендер олардың Алланың аманаты ретінде алдыңдар және Алланың атын атап (неке қиып), оларды өздеріңе адал қылдыңдар», – деп айтты, – делінген. (Муслим, Хаж, 147).
Шаңырақтың шайқалмауы үшін ер адамдар секілді, әйелдер де көп күш- жігер жұмсауы шарт. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Себепсізден себепсіз ажырасуды талап ететін әйелдің мұрнына жұмақтың қош иісі де бармайды», — деп ескерткен (Абу Дәуід, Талақ,17-18).
Рақым Пайғамбары (с.ғ.с.) үмбетін әрқашан мейірімділікке шақырған. Сахабаларына ашуды жеңе білудің жолдарын үйретіп, өзі сарқылмас сабырмен, мейірім шапағатпен оларға үлгі болған. Бірде Сабит ибн Қайс деген кісі әйелімен керісіп қалып, оған қол жұмсауға дейін барады. Қата тимей бата тиген таяқ Жамиляның жүрегін ғана жаралап қоймай, қолы да сынады, әрі бұл алғашқы жұдырық емес еді. Шыдамы таусылған әйел, бұл жолы ажырасқысы келетінін айтады. Әйелге қол көтеруге қарсы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасаған ескертулерін елемеген Сабитті шақырып, әйелінен ажырасу керектігін ескертіп, «Қол сынса, жең ішінде қалмасын», – деп бұйырған (Нәсәи, Талақ, 53).
Алла тағала Құран Кәрімде: «Егер қандай да бір әйел күйеуінің өзіне салқын қарап, жұбайлық міндеттерін лайықты түрде орындамауынан немесе өзінен сырт айналып кетуінен қорықса, онда бір амалын тауып, екеуі өзара келісімге келу арқылы жарасатын болса, (яғни әйелі күйеуінің көңілін табу мақсатында алған мәһірінен яки өзіне тиесілі басқа да дүниеден күйеуіне тарту – таралғы берсе немесе басқа да жақсылықтар жасаса, мұны істеген әйел де, әйелінің бергенін алған ер адам да) екеуі де күнә арқаламайды. Өзара келісімге келіп жарасу, әлбетте, қайырлы іс. Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» – деп бұйырады. («Ниса» сүресі, 128 — аят).
Көріп отырғанымыздай, Алла тағала өзінің жаратқан пендесінің қателесуі мүмкін екенін ескерте отырып, соның өзінде амалын тауып келісімге келуді бұйырып отыр. Тіршілік тауқыметі аясында ұрыс-керіс болмайтын, яғни «ыдыс — аяқ сылдырламайтын» үй болмайды. Ал, бақытты жанұя болу үшін, шаңырақтарын сақтап қалу үшін ерлі-зайыптылар түсініспеушілік болған жағдайда, татуласу үшін, қолдарынан келгеннің бәрін жасап, тырысып бағуы міндеті.
Уақытында шешімі табылмаған отбасылық мәселелер, қордаланып, бітеу жараға айналып, ерлі-зайыптыларды ажырасуға дейін жеткізеді.
Құран Кәрімде бір аятта осы туралы: «Уа, иман келтіргендер! Жұбайларың мен балаларыңның арасынан өздеріңе дұшпан болатындар да шығуы мүмкін. Ондайлардан сақ болыңдар! Әйтсе де, соған қарамастан оларға кеңшілік жасаңдар, кемшіліктері мен (дүниелік мәселелерге қатысты жіберген) қателіктеріне көз жұмып, оларды кешіре білсеңдер, онда біліп қойыңдар, Алла Ғафур (құлдарының күнәлары қанша жерден ауыр болса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (тәубе етіп Өзіне бет бұрған мүмін) құлдарына ерекше мейірімді!» — делінген («Тағабун» сүресі, 14-аят).
Кейде әр түрлі кикілжіңдер өрбіп, ең жақын адамдар бір-бірін жек көретін, қас дұшпанға айналып кетуі де мүмкін. Раббымыз осындай жағдайлардан сақтанып, кешірімді болуды жөн көреді. Отбасы байланыстарына мән беріп, кешірім жолын таңдаған адам үшін «Алла тарапынан кешірім болатыны» туралы сүйінші хабар бар. Мұсылманға бұдан артық қандай сый болуы мүмкін?!
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамның отбасы, малы, балалары, көршісі де – сынақ», – деп бұйырады. Отбасының адам жанына тыныштық сыйлап, сүю және сүйікті болу ләззатын таттыратын теңдессіз жақсылықтарымен бірге, өкінішке орай, сабырды тауысатын қиын кездері де болады. Экономикалық қиыншылықтар, туыстардың жөнсіз араласулары, ауру, көзге шөп салу, ішімдік пен құмар, интернет тәуелділігі сияқты жамандықтар, киім кию, ақша жұмсаудағы ысырапшылдық, байлық қуу, сенім мен әдет-ғұрыптағы айырмашылық, мінез-құлықтағы кемшіліктер отбасылық қарым-қатынасқа зиянын тигізіп, кей жағдайларда отбасының бұзылуына әкеп, соғып жатады.
Басқа түскен қиын жағдайлар дұрыс шешімін таппаса, жүрекке терең із қалдыратыны сөзсіз. Жіберіп алған қателігіңді мойындап, кешірім сұрау, ренжіткен адамыңның көңілін табу, осы іздің жойылуына кішкене болса да септігін тигізері сөзсіз. Бірақ кейде әйел немесе еркек, барлық отбасылар үшін артық болмайтын осындай іс-әрекетті бір-бірінен көп көреді. Реніш ішке жиналып, ашулар сыртқа атылғаннан зиян шегетін тек ерлі-зайыптылар ғана емес. Әсіресе, арада балалар болса, қолдан келгенше отбасын бұзбауға тырысқан жөн. Бұл жағдайдың да шешімі табылуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу», – деп (Әбу Дәуід, Талақ 3), жөн-жосықсыз ажырасудың дұрыс емес екенін айтқан.
Кінәні өзгеден емес, өзіңізден іздеңіз
Өзімшілдік, тәкаппарлық, «менікі дұрыс» деу сияқты сезімдердің ауыздықталмауы да ажырасуға әкеп жатады. Біреуді кінәлап, жауапкершілікті соның мойнына арта салудың орнына, кінәні өзімізден іздегеніміз дұрыс. Бұл мәселеде оң нәтижеге қол жеткізу үшін өзіміздің де, жұбайымыздың да сезімдерімен санасу, алдымен өзіміздің кемшіліктерімізді түзетуге тырысып, өзгертуге күшіміз бен мүмкіндігіміз жететін нәрселер болса, қол қусырып қарап қалмаған абзал. Күш жігеріміз бен мүмкіндігімізді отбасын құлатуға емес, отбасылық қарым-қатынастарды түзетуге жұмсасақ құба-құп.
Шындығында, сезімдердің күйреуімен некесін бұзған адамдар, ажырасу арқылы қиындықтардың бітпейтінін біледі. Керісінше, оларды материалдық және рухани өзгерістер, сәтсіздік пен бақытсыздық сезімі, рухани күйзеліс пен денсаулық мәселелері, бала өсіру жөніндегі уайым секілді жаңа қиындықтар күтіп тұрады. Олай болса, ажырасу туралы шешім қабылдамастан бұрын осы жағдайларды өлшеп пішуде өзіңмен «шынайы болу» қажет. Қан туыстығымыз бар, бір ортадан шыққан анамыз, әкеміз, бауырымыз секілді өте жақын. Адамдардың өзімен кейде түсінісе алмай жатамыз. Үйленіп бір шаңырақ астында өмір сүре бастаған екі бейтаныс жанның, әлбетте, күйбең тіршілікті түсініп, үйлесіп кетуі оңай емес.
Алла тағала өзінің кітабы Құран Кәрімде: «Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, қайдан білесіңдер, бәлкім Алла сендер ұнатпаған нәрсенің артын қайырлы қылып, көптеген жақсылыққа ұластыруды қалайтын шығар» — деп бұйырады. («Ниса» сүресі, 19-аят).
«Үйлену — оңай, үй болу қиын» — деген аталы сөз бар. Ерлі-зайыптылардың көзқарастары мен қарым-қатынастары үйлеспеуінен қиындықтар туындап жатса, Алла тағала Құран Кәрімде бұйырғандай, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүннетінде өсиет еткендей бір-біріне мүмкіндік беріп, осы жайттарды түзетуге күш салуымыз керек. Раббымыз Алла тағаланың өзінің пенделерінен күтетіні осы. Алла тағала баршаларымызға өнегелі отбасы, салихалы ұрпақ нәсіп еткей.
Балғабек Мырзаев