Киелі төбе (әңгіме)

Ермұрат жаратылысынан қол қусы­рып қарап отыруды су­қаны сүй­мейтін қағылез жан. Қарай­ған пенде көрсе ұдайы өбек­теп, именшектеп, иіліп тұра­­ды. Қырықтың бел­ортасынан ас­қан ғұмырында ол сүйекке біт­кен бұл мінезінен бірде алға озып, бірде жарға жығылып, ике­міне көне бермейтін итжығыс тірлікке бой ұсынып келеді. Бірақ Ермұраттың бұл мінезі есейе келе ел-жұртпен тонның іш­кі бауындай етене араласуына жарап-ақ тұр.

Тоқсаныншы жылдары өзі құрыптас ауыл балалары тапқан-таянғанына қытайдың спирті мен құдық суының қосындысынан шыққан сасыған арақ ішіп, түн баласы көше кезіп, бір-бірінің қабағын жарып, мұрынын бұзып, сандалбай тірлік кешіп жүргенде Ер­мұрат жылыстап қалаға же­тіп алды. Базар жағалап, тәшкі итеріп жүріп біршама тиын-тебеннің басын құрады. Соңында сауда-саттыққа айналды. Алма­тының көтерме сауда базары­нан ала дор­бамен Таразға итшілеп сағыз, темекі тасыған кезі әлі есінде. Сол сағыз бен темекіден тір­нектеп құралған тиыны бү­гінде қоралы қой, табынды сиыр, үйірлі жылқыға айналды. Алды-артын танып, мал екеш мал да баққанға бітетінін бі­летін ол өз ғұмырына жететін дәу­­ле­ті­нің құралғанын әуелі Құ­дай­­дың несібесі десе, қал­ға­нын өзі­­­нің сарамжалдығы мен са­раң­­­дығының арқасы екенін іші сезеді.

Ел етек-жеңін жинап, мал ұста­ғанның ырысы арта бастаған бертінде базарды біржолата қойып, ауылға оралды. Ата-кә­сіпке құныға кірісіп, аудан бас­шы­ларының алды-артына шы­ғып, сылап-сипап жүріп біраз жайылымдық жерді жекешелеп алды. Ол жердегі біраз уақ малы мен Қамбар ата түлігінің түгі жа­ңарып, қора-қопсысы біраз ке­ңейіп қалды.

Дүние-ай десеңші, Ермұрат астын­дағы сүліктей қара джиппен өзіне меншікті жайлауды аралаған кезде сүйексіңді жалтақ мінезінен тез арылып, жоны күжі­рейіп, өзін адам мен аң-құс­қа билігін қатар жүргізген Сү­леймен патшадай сезініп қа­лушы еді. Жайылған малды, жал­бақтаған малшыны, жайыла аққан маңайдағы өзенді көргенде төменшік мінезі төбеге өрлеп, маңғазданып, паңдана қалады. Бір жолы қасына қойшы Керімбекті ертіп, шабындықтың жай-күйін қарап, мал түгендеп жүргенде жа­зық далада домбыраның төң­керілген шанағындай жеке дара тұрған төбенің жанынан өткені бар. Бұған бұрын-соңды көз салмағанына таңғалды. Керімбек қожайынына жаққысы келді ме, жол бойы жағы талмай төбенің тарихы жайлы ескі көздерден естігенін тәптіштеуге көшті.

– Бұл төбе баяғы заманда хан кеңес өткізетін киелі орын болыпты. Бұрын бұдан әлдеқайда биік болған деседі, – деп бастады әңгімесін Керімбек.

Ермұратты ертегі сарын­дас ұзақ-сонар әңгіме жалықтыра бас­таса да басқа ермек табыл­мағандықтан лажсыз тыңдап отыр.

Әңгіменің бас-аяғы былай өріле­ді. Қарауыл төбені хан арнайы тұрғыз­дырып, ұшар басына орнатылған алтын сүргімен сүргілеген тағында отырып, қол астындағы халықпен мәслихат өткізеді екен. Ел ішін ала тайдай бүлдірген қыл­мыскер мен ұры-қарыға сол жерде үкім кесіліп, жазалылар төбенің қақ ортасынан қазылған зынданға тасталыпты-мыс. Кейіннен жаугершілік за­манда хан өзінің барша қазы­насын осы төбенің астына тық­тырған деседі. Аласапыран ке­зеңде хан жау қолынан қаза тауып, ел-жұрты патшасын арулап осы биікке қойыпты-мыс.

Қазына жайлы естігенде Ер­мұрат елең ете қалды.

– Сонда бұл төбенің астында алтын бар ма?

Ермұраттың төтеннен қой­ған сұра­ғына қойшы бейшара қа­пелімде не жа­уа­п берерін білмей дағдарып қалды.

– Қазып көрсе шығатын шы­ғар, – деді күмілжіп. Қойшының екі­ұшты жауабына онша қана­ғаттана қоймады.

Алтын көмбе туралы әңгіме кешкісін үйіне келгенде де ойынан шықпай қойды. Тәтті елеске ерік берді. Бір сәт өзінің құрт­­таған малдың шаруасымен әбі­гер боп жүрген пәкене тірлі­гінен жеріп кетті. Қайткенде де қазынаны тауып, аста-төк бай­лыққа қарық болсам деп ар­мандады. Қиялы одан әрі ша­рықтап, Лондонның ең қымбат ауданынан вилла сатып алғаны, Париждің көшесінде «Bugatti» кө­лігімен серуендеп жүргені көз ал­дына келді. Түні бойы дөң­бекшіп, дұрыстап ұйықтай алмады. Ертеңінде таң бозында ер­те тұрып, ауылдың шетінде тұ­ратын ішкіш Темірханның үйіне тартты.

Көшенің ең шетіндегі айналасына шеңгел өсіп кеткен қоржын тамының тепкішегінде Темірхан таң азаннан темекі тартып отыр екен. Әншейінде араққа ақ­ша сұрамасын деп ұсынған қолын ала қоймай, бұрыла қаша­тын Ермұраттың құлқын сәріде үйіне өз ая­ғы­мен келіп тұрғанына таң­ғала қарады.

– Ассалаумағалейкум, Тем­аға, өзіңізде бір шаруам бар еді, – деді ол өзінің жас ке­зін­дегі биязы қалпына қайта еніп. Жанындағы тасқа отыра ке­тіп жай­лауындағы жалғыз төбе­нің мән-жайын бүкпесіз айтып шықты. Сол төбені жан баласына білдірмей екеуміз қазып көрсек деген бұйымтайын бипаздап жеткізді. Егер құнды заттар табылып, елеулі пұлға айналдырса ауылдың басынан еңселі бір үй салып беретінін және астына машина мінгізетінін айтып емексітті.

Ермұраттың Темірханды ізде­у­інің мәні бар. Жұрттың айтуынша ол ертеректе археология­мен кәсіби айналысқан кәнігі маман. Алматыда арнайы оқуын тәмамдаған. Бірақ айдалада жер қазудан жалыққан кезде жастықтың буымен анда-санда ащы сумен көңілін демдеп жүріп, әзәзілді бойына әбден сіңіріп алғанын байқамай қалған. Содан қаңғалақтап жү­ріп осы ауыл­да қалып қой­ған. Бүгінде ауылдастары Темір­хан­­ның бұл ауылға қашан, қан­дай жағдаймен келгенін есіне де алмайды. Әнебір жыл­дары бес баламен жесір қалған Күлбиғашқа үйленіп, ауылдың сиырын бағып, ел қатарлы өмір сүре бастаған. Кейіннен жаман әдетіне қайта басып, іздеп жүріп ішуге көшкенде Күлбиғаш артынан бір теуіп қуып шықты. Енді міне, қожайындары бұрынырақта қалаға көшіп кетіп, ауылдың шетінде қараусыз қалған осы үйді паналап жүргеніне біраз жылдың жүзі болды.

Темірхан Ермұраттың қой­шыдан естігендерін төкпе жырдай термелеп отырған төбені іштей біліп отыр. Көз алдына осыдан бірнеше жыл бұрын сол төбеге қатысты болған оқиғалар тізбегі зырғып өткендей болды. Әңгіме тізгінін өз қолына алу үшін түсіндім дегендей қолын бір сілтеді.

– Білемін ол төбені. Тарих­шылар VIII ғасырда мекен еткен түрік-соғдылардың ежел­гі қа­ласының орны екенін анық­таған. Төбе сол қаланың цита­делі болған. Бірнеше құнды арте­фактілер табылған деседі.

Темірхан айтуын айтса да артефактіге қатысты сөзінің ая­ғын жұтып қойды.

– Ал қазынаның бары рас па?

– Қойшының естіген әңгіме­сінің жаны бар. Төбеде ерте дәуір­де осы аймақ­қа билік құрған өте бір әулие кісінің сүйегі жатыр. Ел аузындағы аңыздарда сол жердегі қазынаның иесі деп саналады. Сондықтан археологтар ырымдап ол жерге көп жолай қоймайды.

Ермұратты бұрын-соңды ес­тіп-білмеген терминдермен са­бақ­талған тарихи деректер он­ша қызықтыра қой­мады. «Қой­шының сандырағын қайта­лап, бұл да оттай берді ғой» деп ойлады ішінен. Көкейін тесіп бара жатқан қазынаға тезірек жетсем деп тыпыршып отыр. Бірақ Темірхан асығар емес. Өзіне жақын саланың ой-қырын сары қымызды сапырғандай баппен баяндауда. Жай-жапсарды дестелеп жеткізсе де әңгіме соңында ол жерді қазуға тіптен құлқы жоқ екенін ашық айтты.

* * *

Оқиға былай болған еді. Тоқ­сан бесінші жылы Темірхан Алматы маңын­дағы көне қорым­дарды зерттеу жобасы бо­йын­ша шыққан топпен бірге қаз­ба жұмыстарын жүргізіп жат­қан. Бір күні шаңқай түсте ша­тырларының жанына қара мерседес машинасы келіп тоқтады. Көліктен мығым келген үш жігіт түсіп, бұрыннан таныс адам­дар­дай жайдары амандасып, жұмыстың жай-жапсарын сұрас­тырды. Үлкендеуі сөз бастады.

– Біз сізді жақсы білеміз. Сіз Темірхан Орынқұлов деген археологсыз ғой. Біз Алматыда антиквариат саудасымен айналысатын кәсіпкерлерміз,– деп таныс­тырды өздерін.

Темірханның іші қылп ете қалды. Таяуда қорымды қазу ке­зінде табыл­ған әйелдердің көне әшекейлерін жанындағы жол­дастарынан жасырып қа­лып, қаладағы таныстары арқы­лы өткізіп, азын-аулақ ақша тапқаны бар. Дәу де болса солар­дың жол сілтеуімен келіп тұр­ғанын аң­ғарды. Мүмкін кәсіп­кер атын жамылып қолға түсі­руге келген прокуратура қызмет­кер­лері шығар деген де ой келді. Сұ­рақ­тары күмәнділеу көрінген­діктен сұрақты төтесінен қойды.

– Иә, маған қандай шаруамен келіп тұрсыздар?

– Біздің сізге бір ұсынысымыз бар. Атын айтпай-ақ қояйық, сіз­дің бір әріптесіңіз Тараз ма­ңын­­дағы ежелгі қала орындарын қазғанда біраз бағалы алтын заттар, көне монеталар тапқан екен. Жасырмай-ақ қояйық, оны біз «қара базар» арқылы жақ­сы ақшаға шетелге өткіздік. Ар­хеолог ағамыз ақысына мынадай бір мерседес мінді.

– Оның маған қандай қатысы бар?

– Сіз кәсіби археологсыз жә­не анда-санда «қара археологиямен» де айналысатыныңызды жақсы білеміз. Бізге сол төңіректі құпия түрде тағы да қазып көру керек боп тұр. Білетін адамдар біз өткізген алтын монеталардың әлі біразы табылуы керек деп отыр.

– Қалған монеталарды сол таныста­ры­ңыз арқылы аршып ала бермейсіздер ме?

– Өзіміз де солай ойлағанбыз. Бірақ ол кісі үш айға Францияға тағылымдамадан өтуге кеткен екен. Біз күте алмаймыз, уа­қыт тапшы, ар жағында қыс келе жатыр дегендей.

Темірхан әріптес туралы әңгі­менің бәрі өтірік екенін сезіп тұр. Қара архео­логиямен айналысатындар өздерінің сенімді адамынан ешқашан айырылмайды. Бұлардың таңдауы тек өзіне түскенін аңғарды. Бір уақ жылдап жүріп табатын қыруар ақшаны екі-үш күнде уыстап қолына ұстағалы тұрғанын ойлап, алтын күрекке көбесі сөгілген қасат қар­дай аздап жіби бастады.

– Археологиялық орынды тиісті органдардың рұқсатынсыз қаз­ғанымды білсе ертең мені қудалайды ғой.

– Ол жағынан қам жемеңіз. Бәрі құпия жасалады. Қауіпсіздіктің бәрі қарас­тырылған және сіздің көлік жүргіз­бейтініңізді біліп ең­бе­гіңізге бір мерсе­дестің құ­нын ақшалай төлесек деп отырмыз.

Ол одан кейінгі жағдайды ес­ке түсіргісі келмеді. Мистикаға бергісіз шынжыр қатар шым-шы­­тырық оқиғалар оның өміріне қара дақ түсірген еді. Қазіргі сор­маң­дай жүрісіне сол түнгі оқиға себеп болды деп долбарлайды.

Темірхан студент кезінде қа­тар­ластарының арасында зе­ректігімен ерекшеленетін. Қолы қалт етсе кітап­ханадан табылып, шаң басқан сирек қолжазбаларды ақтарып, тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарын үңгіп, өзінше гипотезалар жасауға құмар еді. Біраз уақыт Таластың ежелгі тарихына бой сүңгітті. Талас ға­зауатына қа­тысты ол деректер жадында әлі де сақ­таулы. VIII ғасырда ежелден атақо­нысына айналған Талас аймағын мекен­дейтін түрік тайпаларының ара­сында тұтанған алауыздық қы­тайдың Таң пат­шалығының билеушілерінің батыс шекараны кеңейтсек деген зымиян жос­парларына дөп келген тұс болатын. Ішкі қырқыстарды едел-жедел пайдаланған қытайлар Жетісу өңірінен Шаш қаласына дейінгі алып аймаққа қол сұға бастады. Исламды жаңа қабылдап жатқан түрік тайпалары ара-тұра Талас, Шу өзендерінің бо­йында кіші қақтығыстарға бар­ғанымен ғазауат соғысын жариялап, шешуші ашық майданға шығуға әлі де дайын емес еді. Өң­­меңдеп өкпе тұсқа жетіп қал­­ған жауға тойтарыс беру үшін қол астындағы халқына иман­­­дылығымен, әділдігімен та­нылған Талас билеушісі Тар­хан қаған мұсылман арабтар­дан көмек сұрауына тура келді. Мәуреннаһрдағы ұлы орта­лық­тардың бірін сақтап қалу үшін жүздеген мың әскер жо­рыққа жиналды. Қытайлардың да әскері осыған жетеғабыл-тын. Талас өзені бойында бес күнге созылған ұлы шайқаста түрік-араб әскері қытайларға жойқын соққы беріп, атамекенді қорғап қалды. Тархан қаған қиян-кескі ұрыста шаһид болған мыңдаған бауырларының иманын өзі үйіріп, көкірегі қарс айырылып, көзіне жас келді. Бір кезде қызылжалқынданып батып бара жатқан күнге шағылысқан Талас өзеніне көз тікті. Күннің реңіне қарай су да қызарып кеткендей. Өзеннің жағасына барып, «бісміллә» деп қолын шаюға ала­қанына су толтырғанда ғана байқады. Шаһидтердің суша аққан қаны араласқан Таластың суы да қып-қызыл қан түстес болып кеткен екен. Тархан қаған сол сәтте бұл дүниені тәрк етіп, Алла тағала жолында жанын құр­бан еткен шаһидтерден жаным артық емес деп, өзі отырған жерден қылует қаздырып, дәм-тұзы таусылғанша жер астында дұға жасап өткен.

Темірхан төбені қазарда ойына оралған осы оқиға денесін тітіркендіріп жіберді. Тарихи кар­тография бойынша қорым көне қаланың орны әрі шайқас өткен жермен тұспа-тұс келіп тұр. Мана күздің қара суығына бойы тоңази бастаған соң рюк­загіндегі жарты шөлмекті қыл­қыл­датып жұтып алған. Металл іздейтін детекторын іске қосып, төңіректі біраз аралап көрді. Бір кезде құралының жарығы жылпылдап, дыбыс бере бастады. Кәсіби сезімталдығы не де болса бір құпия дүниеге тап келгенін аңғарды. Ол бұл орынды үш күндей қазды. Ара-тұра қыш құмыралардың сынығы кездеседі. Қарайып кеткен ұсақ-түйек тиындар табылады. Әзірге аса құнды дәнеңе қо­лы­на ілікпеді. Үшінші күнгі жер қазуда бір жартылықты ұрт­тап жүріп, қас қарайғанын да байқамай қалыпты. Шатырының жанындағы ошаққа от тұтатып, күні бойғы берекесіз қозғалыстан бір сәт тыныстап отырған. Бір мезетте жанындағы төбеден ошақ­тағы оттың жалқыны тәріз­дес тағы бір жарық пайда болды. Көзін уқалап, орнынан тұрып анықтап тағы бір қарады. Төбе үстіндегі жарық енді адам бей­несіне еніп, құбылаға қарап намаз оқып отырған ақсақалды көрді. Түс көргендей міз бақпай тұрып қалған екен. Ақсақал намазын оқып болып бетін сипады да, орнынан тік тұрып, Темірханға тесіле қарады. Ашулы жүзбен қолындағы аса таяғын Темірхан жаққа бір нұсқады да, теріс бата жасап, кері бұрылып батыс жаққа аяңдап кетіп бара жатты.

* * *

– Көке, араққа ақша табу үшін көр де қазып жүрсіз ғой. Оның қасында мынау өзіңіздің сү­йікті кәсібіңіз ғой. Оның үстіне, басыңызға үй, астыңызға машина мінгізгелі тұрмын.

– Айналайын, бауырым. Егер сен басқа жерді айтсаң ақысыз айлап жатып қазуға да дайынмын. Бірақ шынымды айтамын, ол төбеге енді жоламаймын. Себе­бін де сұрама.

– Бәрін біліп тұрсаңыз тым болмаса төбенің қай бұрышын қазу керектігін айтыңызшы. Өзім-ақ бітіремін бар шаруаны.

– Айт десең айтайын, бірақ ертең өзің өкініп жүрме. Төбенің құбыла жақ тұсында үлкен қызыл тас жатыр. Сол тастың маңайын бажайлап қарасаң бұрыннан қа­зылған жердің орны бар. Ол бейіттің орны. Сол бейіттің ақым тұсына келгенде оң жаққа қарай тағы бір метрдей тереңірек қазып көр. Алдында металл детектор сол маңды көрсеткен. Бейіт орнын қазарда мал шалып, қан шығар­ғаның дұрыс шығар. Ол өзі өте бір әулиелі жер.

– Темаға, әлі де ойланарсыз, мүмкін бірге барармыз?

– Жоқ.

Ермұрат Темірханның үйінен бұлқан-талқан болып шықты. Пы­шақ кескендей оның үзілді-кесілді жауабы қарадай жынын келтірді. Әуелгі есебі дұрыс шық­паған­дықтан ба туабітті иілгіш­тігі­нен иненің жасуындай да жұрнақ қалмады. Ақыр аяғында Темірханмен жаз­ғытұрымғы най­зағайдай шарпысып, аузына келгенін аямай ақтарды. Жол-жөнекей де сыртынан сыбап, «қаңғып келген осындай алқаштар ауылды бұзады» деп жұрттың атынан сөз сөйлеп кеткенін өзі де байқамай қалды.

Сол күні ымырт үйіріле Ер­мұрат құрал-сайманын машинасына салып жалғыз төбеге барды. Қызыл тас төбенің етек жа­ғында тұр. Фонариктің жары­ғымен маңайын бағдарлап көрді. Темірхан алдамаған екен. Жас топырақтың шашылған тұсына жақындап барғанда қазылған жердің орны үңірейіп тұр. Шұң­қырға түсіп, едел-жедел іске кі­рісіп, күрегі батқан жердің топы­рағын сыртқа лақ­тыра бастады. Бұрын бала кезінде түн баласында түзге шыққанның өзінде елегізіп тұратын. Бұл жолы бо­йында ондай қорқыныш жоқ. Алтынның буы қорқынышынан басымырақ сияқты сезінді. Белуардан асқанда күрегі қадал­­ған жерден жарқ етіп от шықты. Адам­ның бас сүйегі екен. Одан әрі есінде жоқ.

Көзін ашса киіз үйдегі төсекте жат­қанын аңғарды. Сыртта мал қайырған еркектің айқайлаған даусы естілді. Ар­тынша үйге Ке­рімбек бас сұқты.

– Ә, Ереке амансыз ба? Қор­қып кеттік қой.

– Мен бұл үйге қашан келдім?

– Ереке, түнде өткендегі төбе­нің жанынан атпен өтіп бара жатып, ма­шинаңыздың жары­ғын көріп, кері бұрылған едім. Төбеге шығып қарасам топы­­рақ­тың үстінде сіз ес-түссіз жа­тыр екенсіз. Шошып кетіп кеу­де тұсы­ңызды тыңдап көріп ем, Құдайға шүкір, жүрегіңіз соғып жатыр. Дереу аттың алдына өңгеріп үйге алып келдім. Маши­на­ңызды балалар осы жерге жеткізіп қойды.

– Шынымды айтсам еште­ңе есімде жоқ.

– Түнде есіңізді жинадыңыз. Бала­ларды ауылға дәрігерді алып келуге жіберейін деп едім, қарсы болдыңыз. Содан кейін таңға дейін тізерлеп отырып алып біреу­ден кешірім сұрадыңыз.

Кешқұрым үйіне қайтты. Түнде түс көріпті. Ақ шапан киген адуынды ақсақал аса таяғымен басынан аямай ұрып жатыр екен. Өңіндегідей өңменінен өтер сөздер айтты. «Аруақ атқыр, неге маза бермейсің. Қаншама шейіттің қаны төгілген жерді тонап болдың ба?».

Сол түн Ермұраттың тағды­рын тас-талқан еткендей еді. Ер­тесіне жын ұрғандай денесі қалшылдап, демігіп, аузынан ақ көбігі бұрқырап, әсте-әсте естен танып қалуды шығарды. Бар жиған-тергенін аямай шашып, мықты деген дәрігерлерге қанша қаралса да сырқатының сырын тап басып ешкім айта алмады. Ең қиыны түнде ұйқыдан қалды. Төсегіне жантайып, көзі іліне берсе түсіне сәлделі ақ­сақал кіріп, кеңір­декке қол салып, қылқындыруды бастайды. Енді бірде үстіне ақ кебін киіп, күлпаршасы шыққан бас сүйекті жинап отырады.

Аласұрған айлар зымырап өтті. Қура­ған гүлдей құр сүлдері қалған Ер­мұрат көзін ашқанда аурухана төсегінде таңулы жатыр екен. Жанында жүрген ақ халатты еңгезердей жігіттердің әл­петінен есі ауысқандар жата­тын палата екенін долбарлады. Тыныштандыру үшін ал­дын­да ғана күретамырына сал­ған дәрінің күшінен тағы көзі ілініп кетіпті. Түс көріпті. Бая­ғы именшектей беретін жа­сықтау балалық шағы екен. Қабағы қатулы марқұм әкесінің жекіре сөйлеген сөздері еміс-еміс құлағына келді. «Аруақты шошытып нең бар еді? Сенің мал-жаныңның иесі, дәулетіңнің берекесі сол төбеде жатыр еді ғой. Не істе­дің, балам? Ендігі тағ­дырың не болады?».

Ермұрат төсекке таңулы жатқанын ұмытып, орнынан атып тұрып, кеш те болса айғайлап кешірім сұрағысы келді. Әттең, әл-дәрмені жетпеді.

Қуат БОРАШ