Аружан Саин: Әр баланың кем дегенде екі үйірмеге бара алатын мүмкіндігі болуы керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Имидждік шаралардан бас тартып, оған кететін қыруар қаржы балаларға жұмсалуы тиіс. ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Балалар бірін-бірі сабап, көзін шығарып, тіпті бір-бірін өртеп жатқан жағдайлар кездеседі. Бірі жан-жануарды, малды қинап, екіншісі тіпті сексуалдық әрекеттерімен көзге түсті. Өкінішке қарай, осылай уақыт өткізіп, қалыптасып келеді. Ал негізінен баланың уақыты даму, өркендеу мақсатына жұмсалуы тиіс. Яғни, бала өз уақытын спортпен, ғылыммен, өнермен өткізуі тиіс. Өзін-өзі жетілдіру жолында балаға қажеттінің бәрі қолжетімді болуы керек. Әр аймақта бизнесті жұмылдыру жолымен Мәдениет үйлері, Спорт сарайлары, білім беру ұйымдарында үйірмелер толыққанды жұмыс істеп тұруы керек», — деді Аружан Саин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл тұрғыда бәрі тегін деген түсінік болмауы керек. Себебі, тегін деген сөздің артында бүкіл қазақстандықтардың салығы жатыр.
«Біз, азаматтардың бәрі, салық төлеп жатырмыз. Ол қаражат мемлекеттің иелігінде. Қасым-Жомарт Кемелұлы да, Нұрсұлтан Әбішұлы да қаражаттың халыққа жетуі тиіс екенін айтқан болатын. Қаражатты имидждік шараларға, концерттер мен мерекелерге жұмсауды тоқтатқан абзал. Оның бәріне қыруар қаражат жұмсалуда», — деді ол. Аружан Саин осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мен аймақ басшыларына үндеу тастады. «Қаржылық саясаттты қайта қарап, мұндай шаралардың бәрін қысқартып, одан үнемделген қаражатты балаларға жұмсасаңыздар, бір жылдан кейін-ақ балалар өнер көрсететін ең көркем де үздік шараларды бақылай аласыздар. Балалар ол шараларда бір-бірімен спортта, өнерде сайысатын болады», — деді Аружан Саин. Оның айтуынша, бұл бағытта нақты жоспар да бар. «Біз Білім және ғылым министрлігімен балалардың жан санына қарай қаржыландыру бойынша тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ол жоспар бойынша әр балаға кем дегенде екі үйірме қолжетімді болуы тиіс. Осылай етсек, қаражат балаларға жұмсалып, әр бала сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік алар еді», — деді ол.