Павлодарда облыстық көптілділік олимпиадасы өтті
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өңір мектептерінің 9-11 сынып оқушыларының арасында облыстық көптілділік олимпиадасы өтті. Бұл туралы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы хабарлады.
Жазбаша және ауызша тапсырмалардан тұратын олимпиадаға 60 оқушы қатысты. Жоғарғы сынып оқушыларының қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша білімдерін сынау жарысының қорытындысын тәжірибелі ұстаздардан тұратын қазылар алқасы шығарды.
Әділ қазылардың шешімімен ар жас категориясы бойынша бірінші орынды Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясының 9 және 10 сынып оқушылары Шакбекова Даяна мен Баяманова Аида және Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Асқарова Дамина иеленді.
Екінші орынға дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 9, 11 сынып оқушылары Трайбер Ангелина мен Соколова Екатерина, дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің 9-10 сынып оқушылары Зада Алуа, Ілиясова Әлима, Екібастұз қаласы «Зерде» мамандандырылған мектебінің 10 сынып оқушысы Ташенова Ралина, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 11 сынып оқушысы Ахмер Адия, Павлодар қаласының №16 лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы Мельник София ие болды.
Жүлделі үшінші орынға Шарбақты ауданы А.Құнанбаев атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Абусейтова Әдемі, Аққулы жалпы орта мектебінің 11сынып оқушысы Асқарова Фатима қол жеткізді.
Барлық қатысушылар ұйымдастыру комитетінің сертификаттарымен марапатталды.
Әлихан Рахметоллаұлы