Ел үшін туған ер еді

Ұла даланың төсін дүбірге бөлеп, ұлт үшін қолына қару алған алыптардың есімі елге мәлім. Ұланғайыр атырапты жаудан қорғау жолында қан мен терге малынаған батыр бабалардың бірі – Абылайханның кеңесшісі әрі ірі қолбасшысы Дербісәлі батыр Бабайұлы. Жақында Железин ауданының Марқатай ауылы маңында батырдың жерленген жері қоршауға алынып, ескерткіш тас орнатылды.

Дербісәлі Бабайұлы ұрыс алаңдарынада дұшпанына сес көрсеткен батыр ғана емес, өз өңіріне билігін жүргізіп, қандай да бір дау-жарға төрелік айта білетін төбе би болған. Сондай-ақ, XVIII ғасырда жоңғар басқыншылығына азаттық жорығын ұйымдастырған қаһарман тұлға. Дербісәлі туралы мәліметтер көрнекті ғалым, этнограф, тарихшы Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» атты еңбегінде кездеседі. Мысалы, Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметейсіз деп сұрағанда ол: «Біздің заманымыздағы ерлерден екі кісіге таң қалуға болады. Оның бірі – 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған қаракесек Қазыбек, екіншісі – тұтқындағы туысын құтқарған уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып, сұрап алды. Соңғысы өзінің ауылында отырып, жауын қорқытып алды» деген екен. Міне, ғалымның еңбегінен осы секілді құнды деректерді көптеп кездестіруге болады. Бұл Абылайханның өз қатарындағы батырлар мен билерге берген әділ бағасы. Шоқан Уәлихановтың еңбектеріне сүйенсек, Абылайхан қаз дауысты Қазыбек пен Дербісәлі батырды «бізден жастары үлкен» деп айтқан, ал Батыр Баян Дербісәлі батырды «би аға» деген. Сонда Дербісәлі Баян батырдан үш жас үлкен. Шежіреші Қабиболла Өтегеновтың айтуынша, Дербісәлі батыр 1701 жылы дүниеге келген. Жетпіске келген шағында 1771 жылы дүниеден өтіпті. Бұл туралы Нәжмиден Хамитовтың қолжазбаларында көрсетілген. Сонымен қатар, белгілі тарихшы, Абылайтанушы Зарқын Тайшыбайдың «Арғын – Алтайдың Нияз батыры» және «Батыр баян туралы жазба деректер» атты еңбектерінен де батыр туралы көп мағлұмат алуға болады. Тарихшы Баян жөнінде айта келіп «…айта берсе, сөз көп, құжаттар мынадай. Қошқарбай батыр «Бараба татарлары» деген атпен белгілі қытай мен орыс екеуіне де салық төлеп тұрған Таутелек болысын 1759 жылы шауып алғанда, сол жорыққа уақ Дербісәлі батыр да қатысқаны құжаттарда сақталған» деп жазып, көрсеткен екен.

Павлодар облысының энциклопедиялық жинағында Дербісәлі Бабайұлының жерленген жері сол Марқатай ауылының маңы деп жазылған. Бірақ, зираты дәл қай жерде екені бұған дейін белгісіз болып келген еді. Осы жылдың жазында жергілікті өлкетанушылар мен ауылдың көнекөз қарияларының бірлескен іздеу жұмыстарының

нәтижесінде батырдың мәңгілік мекен еткен орыны анықталды. Содан кейін басына ескерткіш тас орнату мәселесі көтерілді. Бұл – ұлы тұлға есімі ұмытлып қалмасын деген ниет. Міне, қолға алынған жұмыс аз уақыттың ішінде нәтижесін беріп отыр.

Ескерткіш тастың бетін ашыу құрметі Дербісәлі батырдың ұрпағы Келден Балтабаевқа және Успен ауданының тұрғыны, Еңбек ардагері Мерғалым қажыға бұйырды. Аталған іске қаржылай демеушілік еткен республикалық «Баян батыр» қоғамдық қоры облыстық филиалының төрағасы Сұңғат Тапалшиновтың сөзінше, батырдың басына орнатылған тас Баянауылдан арнайы әкелініпті.

— Біз мына үш құндылығымызбен ғана мақтана аламыз. Оның бірі – ұланғайыр жеріміз, екіншісі көңілі дархан мәңгілік еліміз, үшіншісі – осындай жерді бізге аманат еткен батыр бабаларымыз. Міне, бүгінгі таңда біздің осы үш тұғырымыз түгел бақытты елміз. Дербісәлі батырдың зираты табылғаннан кейін жергілікті ақсақалдармен, батырдың ұрпақтарымен және өлкетанушылармен ақылдаса келе осындай тас орнатуды жөн санадық. Болашақта бұдан да үлкен іс-шаралар ұйымдастырылып, басына кесене салу жоспарда бар. Жаугершілік заманда жүрегін еліне берген, жанын Аллаға тапсырған бірақ, намысын ешкімге бермеген осындай ірі адамдарды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Осы бағытта әлі талай толымды істер атқарылады, — деді Сұңғат Бекболатұлы.

Тілеуберді САХАБА