Павлодарда «Абай мұрасы – халық ұлағаты» әдеби-сазды кеші өтті
М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайының «Қаламгер» баспасөз орталығының ұйымдастыруымен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған әдеби кеш өтті. Оқушылар сарайы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Абай мұрасы — халық ұлағаты» атты әдеби-сазды қонақжайға оқушылар сарайының «Жас екпін» үлгілі домбыра ансамблі, Құрманғазы атындағы №1 музыка мектебі, Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің және № 7 ЖОМ-нің оқушылары қатысты.
Әдеби-сазды кештің құрметті қонағы абайтанушы, Журналистер одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Даниял Әсенов ұлы ақынның өлеңдерін оқып, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты көп мәлімет айтты.
— Абай өзінің шығармашылығымен тіл – халықтың жаны екенін дәлелдеді. Әрбір тіл бұл адамзаттың рухани мұрасы, ал мәдениеті – бұл әлемдік өркениетке баға жетпес үлес, — деді Даниял Асенов.
Шара барысында Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің оқушысы Адина Хабибулла Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңін шырқаса, Малика Абдилева, Айдана Артықбаева, Айсана Казиева Абайдың Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын сахналап берді.
Балалар Абайдың өмірі туралы деректі фильмді тамашалап, ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Күз», «Әсемпаз болма әрнеге», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өлең — сөздің патшасы», «Тоты құс түсті көбелек» өлеңдерін жатқа оқыды.
«Жас екпін» үлгілі домбыра ансамбілі «Қос алқа» күйін тартып, Құрманғазы атындағы №1 музыка мектебінің қобыз ансамблі «Айттым сәлем Қаламқас» әнін нақышына келтіре орындады.
Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды