Зайырлылық – мемлекет пен ұлт тұтастығының кепілі

Діни сенім бостандығы – демократиялық құндылықтардың басты белгілерінің бірі. Жалпы, діни еркіндік өркениеттіліктің негізгі ұстындарының қатарына жатады. Діни еркіндікке шектеу қойған саяси режимдер адамзаттық дамуға кедергі келтіреді.

Ал, зайырлылық – азаматтардың дінге сенуге немесе сенбеуге, діни рәсімдерді атқаруға немесе атқармауға еркіндік беретін саяси-құқықтық алаң.

Алайда, азаматтардың діни сенімді таңдауы мен діни қағидаттарды басшылыққа алып өмір сүруі – жоғары саяси ұйым мен мемлекеттегі титулді ұлттың тұтастығына нұқсан келтірмеуі керек.

Егер, азаматтардың қандай да бір діни таңдауы қоғамға қауіп төндіретін болса, онда мемлекет ондай діни таңдауға шектеу қоя алады. Сондай-ақ, азаматтар ұстанған діни қағидаттар қоғамда араздықтың туындауына түрткі болса, индивидтердің денсаулығы мен психикасына, отбасылық институт және т.б. құндылықтарға кері әсер ететін болса да, мемлекет оның алдын алу шараларын жасауға, тіпті шектен шығушылық әрекеттер үшін қылмыстық жазалау шараларын жүзеге асыра алады. Себебі, мемлекет – қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін саяси институт. Мемлекет әлсіреген жерде, анархия мен тәртіпсіздік орын алады. Ондай жағдайда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына ешкім кепіл бола алмайды.

ХХ ғасырда 70 жылдан астам саяси үстемдігін жүргізген Кеңес үкіметінің тұсында діндар азаматтар атеизм идеологиясын ұстанған билік тарапынан теперіш көріп келді. Дін ұстаған азаматтар итжеккенге айдалды, атылды, асылды, мырышқа түйрелді. Әміршіл-әкімшіл саяси режим адам құқығы мен діни сенім бостандығына ашықтан ашық қол сұқты. Мәдениеті мен әдет-ғұрпы діни құндылықтарға негізделген тұтастай ұлттар мен қауымдар коммунистік үкіметі тарапынан зиян шекті. Сол қаратүнек зұлмат жылдары төл дінімізді һәм дін шырақшыларын қорғай алмағанымыздың себебі, біз өкінішке қарай отар ел едік. Тәуелсіздікке ие болмағандықтан да, үстемдік құрған диктаторлық саяси режимнің айтқанына көніп, айдағанымен жүруге мәжбүр болдық. Яғни, діни еркіндікті шектеу – ұлтсыздандыру саясатының бір парасы еспетті еді.

Әсілі, Кеңес үкіметі орнаған 1917 жылға дейін қазақ қоғамында ерлі-зайыптылардың ажырасу фактісі өте төмен деңгейде болды. Отбасы институтының тұрақтылығынан қазақ халқының демографиялық өсу қарқыны көрші елдермен салыстырғанда анағұрлық жоғары көрсеткішке ие еді. Мысалы, 1897 жылғы санақ бойынша қазақ халқының саны 4 миллионға жуықтап, жалпы халықтың 81 пайызын жергілікті ұлт өкілдері құраған еді. Ал, Кеңес үкіметі тұсындағы 1921-1922 және 1932-1933 ж.ж. ашаршылық, 1937-1938 ж.ж. репрессия, 1941-1945 ж.ж. І Дүниежүзілік соғыс зардабынан, сондай-ақ, отбасы институтының әлсіреуінен қазақтар жалпы халық санының 39 пайызын құрап, екі есеге дейін кеміді. Діни еркіндікке шектеу қойғандықтан, халықтың бір бөлігі Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иранға қоныс аударуға мәжбүр болды. Яғни, үсті-үстіне қолдан жасалған қан-құйлы зұлмат-зобалаңдар, халықтың діни сенім бостандықты көксеп, еріксіз шетелдерге қоныс аударуы, ұлтымыздың рухани-әлеуметтік дамуын тежеп, халық демографиясына орасан зор зиянын тигізді.

ХХ ғасырдың соңында Кеңес үкіметі құлап, Қазақ елі 1991 жылы саяси тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазақстан Республикасы 1992 жылы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңды қабылдап, мемлекет пен дін қатынасын реттеуде зайырлылық қағидаттарды басшылыққа алатынын паш етті. Расында, тәуелсіздіктің халыққа жасаған ең үлкен тартуының бірі, ол – діни сенім бостандығы еді. Діни сенім бостандығына еркіндік берілгеннен кейін халық ата-баба дінімен арқа-жарқа болып қауышып, төл дініміздің қайта өркен жаюына жол ашылды.

Алайда, кейбір шариғатшыл бауырларымыз зайырлылық қағидаларды атеизммен шатастырып, мінбеде тұрып ашық айтпаса да, жасырын өз топтарының ішінде зайырлылықты «дінсіздік» деп айыптай бастады. Шынтуайтында, зайырлылықты мансұқтау – мемлекетшілдіктен жұрдай адамның таяз ой-өрісінің көрінісі еді.

Тәуелсіздік алған жылдары да кейбір саяси топтар (Алаш партиясы) «Ислам мемлекетін құруымыз керек» деген саяси тұжырымдарды алға тартты. Егер, осындай ой-пікірлерге ерік бергенімізде, азаматтық қақтығыстардың орын алуымен қатар, Қазақстанның теріскей аймақтарының тұрғындары бөлектенуі әбден мүмкін еді. Себебі, аталған аймақта өзге ұлт өкілдерінің саны анағұрлым басым болатын. Бір дінге басымдық беріп, зайырлылықтан бас тартқанымымызда, мемлекетіміз ел мен жердің тұтастығын сақтап қала алмауы (Құдай сақтасын) әбден мүмкін еді.

Ұлтаралық татулық пен зайырлылық құндылықтарды ту етіп ұстағанықтан да, елімізде сепаратизмге жол берілген жоқ.

Иә, біз тәуелсіздік жылдарында дін қатынастарын реттеуде зайырлылық қағидаттарды басшылыққа алғандықтан, яғни ел тұрғындарына діни қысым көрсетпегендіктен, дінге сенуге немесе сенбеуге еркіндік бергендіктен, мемлекетіміздің біртұтастығын сақтап қала алдық. Бұл сөз жоқ, мемлекетіміздің саяси-әлеуметтік дамуына зайырлылық қағидаттардың тигізген оң әсері болатын. Ендеше, алдағы уақытта да елімізді жан-жақты дамыту үшін құқықтық тұрғыдан зайырлылық принциптерді жетілдіре түсуіміз шарт.

Мұхан ИСАХА