Киік жылаған жыл
Қазақтың қоршаған ортасы ғажайыпқа толы ғой. Әсіресе тұмса табиғаттың тума төлі таңдап, талғап тіршілік ететін бірегей мекенге лайық өлкеге баймыз. Мәселен, арғы тегі адамзаттың түпсанасымен бірге өрбитін киік жануарына қатысты ғаламшардың ғалымдары таңғалатын құбылыстың дені қазақ даласына ғана тән дейді.
Нақтырақ айтқанда, зерттеуші ғалымдар, экологтар, тіпті қарапайым ғана туристер ұзақ күтіп, куә болуға құштар киік популяциясы негізінен біздің ел аумағында жүреді. Жалпы, әлем бойынша киік жануарының табиғи жолмен көбеюі қазақ даласынан басқа Қалмақия мен Моңғолия атырабында ғана байқалған. Ал Қазақстандағы киік атаулы тіршілік популяциясын Бетпақдала, Орал жəне Үстірт жотасында өткереді екен. Осы аймақтарда өніп-өскен жәудіркөз жануарлардың есебін алып жүрген мамандардың дерегі бойынша қазір елімізде жалпы саны 334 000 шамасында киік тұяғы бар көрінеді.
…Биыл да киікке кезенген мылтық ұңғысынан атылған оқ азаймады. Қорғансыз дала жануарына арашаға ұмтылған қорықшы қарақшының қолынан қаза құшқанын әлі қоғам ұмыта қойған жоқ-ты. Дәл осы адамға қарсы жасалған қылмыс пен табиғатқа қасақана зиян келтіру жайындағы суық хабар сейілмей жатып Арқа төсінде браконьерлер тағы астамсып, қорықшыға оқ атып, киік қырып қолға түсті. Табиғаттың тұмса төліне қатысты айуандық қылмысты айыптаған мақалалар легі «Egemen Qazaqstan» газетінде үнемі жарияланып келеді, сондықтан оқиғаларға егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Ал күні кеше ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы Алматы облысының аумағында киік мүйізін заңсыз саудаға шығарумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады.
«Қыркүйек, қазан айлары аралығында браконьерлік топ әрекетінің жолын кесу іс-шарасы шеңберінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларының аумағында ұзақ уақыт бойы киік мүйізін дайындап, одан әрі Қытайға контрабандалық жолмен сату, тасымалдау және шығаруды жүзеге асырған қылмыстық топқа қатысты жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді. Ұйымдасқан қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы заңсыз киік атумен айналысып келген. Жедел-тергеу тобы тінту барысында 1 тонна 118 кг киік мүйізін тапты», деп хабарлады құзырлы органның баспасөз қызметі. Мамандардың есебі бойынша, мұншалық салмақтағы мүйізді жинау үшін браконьерлер 3 мың бастан астам киікті атып өлтірген екен. Ал бұл қылмыстық әрекеттің салдарынан мемлекетке келген зиян 5 млрд 664,6 млн теңгені құрады.
Оқиғаға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел үн қатып, қылмыскерлерді қатаң жазалауға пәрмен берді. «Браконьерлер табиғат байлығы – киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға (!) жуық киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек», деді Қазақстан Президенті. Қазір қолға түскен 18 адам Қылмыстық кодекстің 262-бабының 2-тармағымен «ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу» әрекеті бойынша және 339-бапта көрсетілген «өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» қылмысы бойынша айыпталып, тоғыз адам сот санкциясымен қамауға алынды.
Енді қаскөйлердің жазасын сот бермек. Алайда, қоғамдық пікір табиғатқа қарсы жасалған қылмыстың тамыры жуандап кеткенін айтып, браконьерлердің бұғаусыз қалатындығына алаңдаулы. Көпшілік 3 мыңға жуық киікті қырып салған қаскөйлердің ісін айыптаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменінен кейін елімізде заңсыз аң аулаушылармен күрес күшейіп, жазалау шаралары күшейетінінен үмітті.
Жалпы, табиғаттағы жануарлар санының сыртқы факторлардың кесірінен күрт азаюы экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеледі, дейді мамандар. Мысалға, киік тұяғының кемуі дала төсіндегі шөптесін өсімдіктердің тұқым шашып, тамырлануын тежейді екен. Біз осы киік оты мен көшіне қатысты бұған дейін танымдық тұрғыда мақала жазған едік, аз-кем үзінді келтіру артықтық етпес.
Анығында, киік өрісіне көз салған адам ирек-ирек жайылым ізіне жолығар еді. Әсілі, үй жануарлары адами болмысқа әбден сіңісіп, тепе-теңдік пен тәртіп деген нәрседен жұрдай болатынға ұқсайды. Мәселен, ең момын түлік саналатын қой баласының өрістегі азықтану сәтін бақыласаңыз, бір қомағайлық пен талғамсыздықты, тіпті ысырапты аңғарасыз. Рас, сізге күлкілі болуы мүмкін, бірақ солай. Оның жанында жабайы киіктің жайлымында бір реттілік байқалады. Инстинкт! Бәрібір, жер төсіндегі жалғыз түп жусан қалса да, киелі жануар оны ұқыппен үзіп жеп, тамырымен қопара жұлмас еді. Өз байқауымызда, киіктер тобымен жайылымға шыққанымен, аузына іліккен шөпті талғамай жұта беретіндерден емес. Ретімен, доға тәрізді тізбекпен жайылып жүргенін талай көрдік. Құнжыңдаған құралайы мен қалқиып тұратын құлжасына дейін шеп құрап тұрғандай әсер беретін. Ірі денелі, ересек киіктер доға тәріздес шеңбердің алғы шебі мен қосқаптал шетінде екі рет еңкейсе, үш рет үн тыңдайтындай еді.
Ал шашыраңқы шеңбердің орта тұсында, әлбетте, жас төлдер жайылатын. Ұққан адамға, бұл бір стратегиялық қорғаныс сияқты. Сырттан келетін кез келген қатерге отардағы әлді, белді киіктер алдымен қарсы шығады. Егер топты киік дүр етіп үріксе, жөнеп бара жатқан қара-құраның ішінен құралайды таппай қаласыз. Өйткені манағы қос қапталдағы ірі топ шашау шыққан бірлі-жарым ұсақ басты қыспақтап, үйірмен қосыла шабуға мәжбүр етеді. Ұрпақ өрбіту мен оның амандығын тілеу адамзатқа ғана тән емес екен, бақсаңыз. Ал даланы емін-еркін жайлайтын киік баласының түйсігі тым аяулы сияқты ма, қалай? Әсілінде, ғылымның өзі жабайы жануарлардың өмір сүру қағидаттарының жыртқыш аңдарға қарағанда ерекше сырға толы екендігін жасырмайды. Оның ішінде түз сақтайтын төрт аяқтылардың жөні бір бөлек. Адамзат баласына зәредей қиянаты жоқ жануарлардың жаратылысында біздің ғылым түсіндіріп бере алмайтын ерекшелік бары анық.
Айтпақшы, жазба деректер киіктің арғы тегін антилоптық жануар түріне апарып тірейді. Демек, жер бетінде адамзатпен бірге жасап келе жатқан бағзы тұяқты тұқым, біздің тілеушіміз де шығар. Тіпті қазір православие мәдениетіне толық жұтылып болған Қалмақ әулетінде бір кездері тұяқтылардың осы түріне табыну ырымы болған екен. Буддалық наныммен шатысатын бұл түсінік бойынша Ақ елік Ене бейнесіндегі құдай адамзаттың асыраушысы әрі жебеушісі-мыс.
…Ерте кездері Еуропада да елік пен арқар жыртылып айырылған екен, дейді тағы бір дерек. Қазір емге таппайсыз. Әрине қорғалатын қорықтардан басқа жерден. Өкініштісі, табиғаттағы бұл түрдің жойылуы Азияда да қарқынды жүруде. Көз алдымызда болып жатқан оқиғалардың легі Қазақстандағы киіктердің де қорғауға, жалпы жануарлар әлемінің өзі де арашаға зәру екенін аңғартқандай. Демек, қоршаған ортаны қорғау жайы қоғамның назарынан түспеуі тиіс.
Алматы облысы