«ҚАЗПОШТАНЫҢ» ҚАУҚАРСЫЗДЫҒЫ – АЛПАУЫТ КОМПАНИЯ АТЫНА СЫН!
Пошташыларының айлықтары аз екенін біле ме екен?
Қазақ елi тәуелсiздiк алғаннан берi бұрынғы байланыс министрлiгi бiрнеше бөлiктерге бөлiнiп, бiрi «Казтелеком» екiншiсi «Казпошта» акционерлiк қоғамы болып қайта құрылды. Бұл құрылым өз iшiнде бiрнеше бөлiктерге бөлiнгені де рас. Баспасөздермен бiрiге жұмыс iстейтiн бөлiмдер бiрнеше рет қайта жасақталып құрылды да. Әйтседе қызметтері баяғыдай жарқырап тұрған жоқ. Баяғыдай дейміз – ау, ол кезден садаға кетсін, тәй-тәй басып сүрініп жататын кездері молайды бүгінде. Сервистік қызмет, клиенттермен байланыстың нашарлығына да шағымданатындар қарасы жыл сайын өсе түсуде. Мұның бәрі онсызда жүйкесі жұқарған, тұрмыс-тіршілік деп дүниемен алысқан, ол аз десеңіз, билік бишігін оңды-солды сабалаған кейбір жетесіздерден түңілген халыққа ауыр тиіп тұр.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, 2007 жылғы желтоқсан айында «Қазпошта» АҚ-ға ИСО 9001:2000 халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестігі жөнінде халықаралық сапа сертификаты берілді. Мұның өзі компанияның басқару жүйесінің халықаралық стандарттарға сай келетіндігін көрсетеді. Әл-ауқатының да көш ілгері екеніне берілген баға осы болар. Хош. Онда неге қызметі қызықсыз, жұмысы сұрықсыз болып тұр!
Қазір «Қазпошта» пошталық, қаржылық және түрлі кәсіптік емес, сонымен қатар ақпараттық қоғамның даму жағдайындағы әмбебап логистикалық оператор қызметтерін көрсететін көп қызметті супермаркетке айналу үстінде. Бүгінгі тілмен айтқанда замана көшіне ілесуде. Компанияның директорлар кеңесінде «Қазпошта» АҚ-ның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді. Онда бұрынғыдай тек поштаны дамыту тұжырымдамасы ғана емес, ұлттық пошталық оператор инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы қарастырылды. Алға қойылған міндеттерге сәйкес байланыс бөлімшелерінің желілерін күрделі жайландыру жолымен техникалық жағынан жаңғырту, банктік және ақпараттық-коммуникациялық жабдықтармен жарақтандыру қолға алынды.
Бұл дегеніңіз – бәсекеге қабілетті болуға нақты қадам жасалынбақ деген емеурін. Сөйте тұра батыл қадамнан көрі, көзіне қамшы тиген жасқаншақ аттай көрініс басым. Иә, пошта— еліміздің барлық тұрғынына қолжетімді жалғыз әлеуетті желілік құрылым. Оны жоққа шығаруға болмас. Алайда атына заты сай ма? Қызметіне халықтың көңілі тола ма? Елді-мекендердегі почталардың хал-ахуалы неге нашар? Ел аралап жүріп көзіміз жеткені, ауыл пошталарындағы жағдай мәз емес. Қызметкерлердің айлығы шайлығына жетпейді. Олардың алып отырған еңбекақысын айтудың өзі күлкі шақырады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жалпы экономикалық жағдайдың нашарлауы, өнеркәсіп кәсіпорындарының жабылуы, бюджеттік ұйымдар шығыстарының қысқартылуы және халықтың төлем қабілетінің төмендеуі ел ішіндегі де, елден тысқары шығатын да хат-хабармен почталық алмасудың күрт нашарлауына әкеп соққаны шындық. Осының салдарынан Қазақстан Республикасында сол жылдары (экономика өрістегенше) пошта жөнелтілімдерінің саны бірнеше есеге азайғаны да белгілі.
Осы үрдіске бола, байланыс бөлімшелері мен пошта қызметкерлерінің саны да екі еседен аса төмендеуі де заңдылық. Әйтседе бұл өткен шақ. Ұлы Абай айтпақшы, «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Заманы оны илемек» деген шақ еді ғой ол. Қазір заман басқа, заң қасқа! Анау – мынау емес, дамыған 30 елдің қатарына енуге бар күшімізді сарп етіп жатқанда, бүгінгі қаптаған банктердің түп атасы саналатын пошта жүйесіндегі олқылықты сезінбеу Үкіметке де үлкен сын болғалы тұр. Ел сенім артқан Президентке де ауыр аманат арқалатқалы отыр. Егер бұл мәселе жайдақ судай жайыла берсе, түптің түбінде құзырлы орган Парламент пен жауапты министрлікті де тығырыққа тіремек. Ел мен жердің толқынысын, талап-тілегін бұқарамен тығыз қарым–қатынаста жүргендіктен, билікке жеткізу – журналисттік міндетіміз болғандықтан, ашық айтып, ащы жазып отырмыз…
Өткен қазан айының тоғызында дүниежүзілік пошта күні аталып өтті әлемде. Дәл осы күні Қазақстан поштасына да 26 жыл толды. Көп-көрім уақыт. Ат жалын тартып мінер жастық шақтың белесі. Бірақ іс-әрекеті, даму қарқыны шау тартқан кексе адамға көбірек келіңкірейді…
МИЛЛИОНДАП ЖАЛАҚЫ АЛАТЫНДАР ТӨМЕНГЕ КӨЗ САЛСА БОЛМАС ПА?
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, бір жылдары «Қазпошта» басшыларының миллиондап жалақы алатыны Парламент сенатында «қауға тиген өрттей лапылдап» әңгімеге арқау болғаны бар. Ұмытпасақ сол жолы Сенат депутаттары Қазақстанның пошта саласындағы заң нормаларын Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкестендіруге арналған заңды қабылдап жатқан.
Оны қабылдамай тұрып, сол кездегі сенатор Светлана Жалмағамбетова ауылды жерлерде жұмыс істеп жүрген пошташылардың тым мардымсыз жалақысы туралы проблема көтеріп, дәрменсіз қызметкерлердің жағдайына көңіл бөлуге шақырған. Осы орайда ол «Қазпошта» басшыларының ақшаны миллиондап алатынын да айтып салған. Сенатор ханым әріге бармай, Астана маңына жақын елді-мекендерді мысалға келтіріп еді. Ондағы ойы Астанаға тиіп тұрған аудандардағы жағдай мынау болса, шалғайдағы ағайынның халі нешік деген тұспал – тын.
«Ақмола облысындағы Жарқайың ауданын алайықшы, онда 20 пошташы жұмыс істейді. Олардың барлығы 5,5 ставка алады. Бір ставкаң— 37 мың теңге, сәуірдің 1-інен бастап ол 44 560 теңгеге көтерілді. Дегенмен Гостелло деген ауылда 758 адам тұрады. Ол жердегі пошташы-оператор 0,3 ставка, яғни тек 12 300 теңге ғана алады. Ал Тасуат ауылындағы пошта қызметкері 0,2 ставкамен күн көріп жүр. Бұл–8 900 теңге. Ауылдардың басым бөлігінде солай. Бүгінде жалғыз Тасталды ауылында жұмыс істейтін пошташы ғана толық ставканы алып отырады. Аталған пошташылардың барлығы ай сайын 244 мың теңге алады. Бірақ олар зейнетақының өзін жеткізудің арқасында «Қазпоштаға» 750 мың теңге табыс әкеледі. Демек, үш есе артық жұмыс істейді. «Қазпошта» басшылары болса, жақында сол қызметкерлерді қысқартамыз деп шыққан»,— деп Светлана Жалмағамбетова «Казпоштаның» дәл сол уақыттағы жағдайына баға берген болатын. Ең қызығы, одан бері де оңалып кеткен ештеңе байқалмайды. «Баяғы жартас – бір жартас». Әлі күнге қазпошта қызметкерлерінің намысы мен табысы қатар тапталып жатқандай әсерге бөленесің. Барлық саладағы қызмет бағасы көтеріліп жатса да, бай компаниялардың сапында тұрған «Қазпошта» АҚ-ның жағдайы, оның атқарушы қызметінің күйі кедейдің көңілсіз кейпін елестетеді. Содан да болар, күйі жоқтың жұмысқа деген ынтасы мен ықыласы да төмендеп кеткен тәрізді сырт көзге. Айтпақшы, сол жолы сенатор пошташылар әкелген табыстың басым бөлігі «Қазпошта» басшыларының жалақысына кететініне үкіметтің назарын аударуға тырысқаны байқалған. «Олар жалақының нақты көлемін беруден қашқақтап, менің жазбаша сауалыма да жауап бермеді. Сөйтсек, біз өзіміз «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қабылдағаннан кейін ондай ақпарат депутаттар үшін де жабық болып қалды. Бұл жай нәрсе емес»,— деп ащынғанын қайтіп ұмытайық. Сенатор ханым өз сөзінде «Қазпошта» басшыларының бүгінгі жалақысы сан алуан бонустар мен сыйақысыз 1-1,5 миллион теңгеге дейін жететінін жасырмай жайып салған. Бұдан 4-5 жыл бұрын бұл сома көп – көрім қаржы болатын. Олардың бүгінгі еңбекақысы елге беймәлім. Анықтау мүлде мүмкін емес. Қызметтік құпия. Біз біреудің қалтасын ақтарудан аулақпыз. Алайда басшылар мен жұмысшылардың жалақысы арасындағы аспан мен жердей айырмашылық мәселесі ел үкіметіне ой салуы керек. Оның үстіне бүгінде пошта қызметінің сапасы да сын көтермейтіні әбден жауыр болған тақырып. Ең өкініштісі сенатор Жалмағамбетова Парламенттен кеткелі де бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ аталмыш проблеманың әлі күнге құлағының қылтиып тұрғаны неліктен? Неге бұл мәселе өзектілігін жоймай тұр? Жасырып жабары жоқ, «Қазпоштаның» жұмысына наразылық ушығып барады. Оның бәрін тізіп шығу мақсат емес. Естір құлақ болса осы жан айқайымызда биліктің құлағына жетіп қалар деген үміт зор.
Осы мақаланы жазу барысында белгілі Б. атты журналист «Қазпоштаға» қатысты өз басынан кешкен оқиғасын былайша толғады. «Айта берсем былық өте көп. Астанаға хат жіберіп, срочныйға төледік. Асықпай жететіннен 3 күн кешігіп барды. Тапсырыспен жібердік. Пошташы апарып жәшікке сап кеткен. Хат жоғалып кетті. Бөлімшелеріндегі қызметкерлер дөрекі. Өйткені ақшасы аз, ғимараты құлап тұр. Ішкі коммуникация 0. Клиенттермен жұмысқа көлденең бұтақ қойған. Дрон дегені құр жарнама. Ауылдарға ұшып жатқан дрон жоқ. Биылғы жоспарының 60-70% орындалмаған. Қысқасы мәселесі көп компания. Қазсаң шыға береді. Естуімше 4-5 млн жарнама береді екен. Бұл деген қып-қызыл қаржы ғой…».
Таяуда бір кісімен сөйлесіп қалдық. Торғай жақтың азаматы болып шықты. «Қазпоштаға» деген өкпесі қара қазандай. Суыртпақтап отырып білгеніміз, Түркияның Стамбул қаласына тақау жерде оқып жатқан баласы жіберген анықтама қағазы бір айдан асса да әлі күнге қолына тимепті. «Қазпошта» анықтамаға хабарласса, сізге жіберілген дүние Қазақстан көлемінде жоқ деген жауап алған. Ал Түркия жақтағы баласы мән-жайды біліп «Анықтама қағазы Қазақстанға жіберілді» деп хабарласқан. Осылайша өте қажет анықтама қағазы «ауада» ілініп тұрған көрінеді. Осы мақаланы жазу барысында тағы хабарласып көріп едік, іздеу салып жатса да әзірге табылмағанын айтып мұңын шақты. Жаяулап шыққан адамның өзі бір жарым айда қаншама шақырым жүріп тастайтынын ескерсек, «Қазпошта» қызметінің шабандығы мен салғырттығы қаншама адамның сеніміне селкеу түсіріп жатқанын бір Алладан басқа ешкім білмейді. «Сен саларда мен салар, атқа шөпті кім салар» деген аталар даналағы осындай да айтылса керек-ті.
КОМПАНИЯ ҚЫЗМЕТІНЕ ХАЛЫҚ НЕГЕ НАРАЗЫ?
Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желіде жазушы Нұрлыбек Саматұлының күйзеліске толы, әбден ащынған мақаласы жарық көрді. Оқып отырып жанымыз ашыды. Бұл бірдің емес, мыңның мұңы шығар.
«Шілденің 18-інде «Қазпоштаның» Алматы қаласы, Наурызбай аудандық бөлімшесі арқылы Нұр-Сұлтан қаласында тұратын әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлына «Таң-Шолпан» журналының 10 данасын ақшасын төлеп жіберген едім. Мекенжайын, телефонын анықтап жазғам. «Нұр-Сұлтан қаласы, Қонаев көшесі, 12/1. Нұр-Отан партиясының Орталық аппараты. 705-бөлме» деп. Біршама уақыт өткен соң Амангелдіге телефон соғып, «Не болды, алдың ба?» деп сұрасам, ол алмағанын айтады. Содан тамыздың 26-сында телефонға латын әрпімен менің атыма сәлемдеме (посылка) келгенін ескерткен хабарлама түсті. Ішім қылп ете қалсын. «Өзім жіберген сәлемдеме болмағай». Барсам… дәл өзі.
– Мекенжайын анықтап жазып едім ғой, неге қайтып келді?, – десем, Айдана Сарманова атты оператор қыз:
– Білмеймін, енді ақша төлеп, алып кетесіз,– дейді.
– Төлегені несі. Жіберген кезде төледім ғой. Енді неге төлеймін?
– Сіз Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі жолға төледіңіз. Енді Нұр-Сұлтаннан Алматыға қайтып әкелген жолына төлейсіз.
– Неге қайтарады?
– Мекенжайын таппаған шығар.
– Мәссаған! Мынау масқара ғой! Анау-мынау емес, «Nur Otan-ның» партиясының Орталық аппаратын таппаған ба?
– Білмеймін. Қажет болса арыз жазыңыз, – деп қарап тұр.
Жаз деген арызын жазып, қолына ұстаттым. Қыркүйектің 20-сында жауап хат келді. Онда сәлемдемені алып кету туралы тек телефон хабарламасын жіберетінін, бұрынғыдай қағаз жүзіндегі хабарлама (извещение) апарып бермейтінін орысша жазыпты. Жауапты жолдаған – «Қазпошта» АҚ-ның «Алматы почтамты» Алматы филиялы директордың орынбасары А.Аманшаев.
Міне, осылай өздерінше заң шығарып алған. Ақпарат алмасудың неше қилысы пайдаланылатын қазіргідей кезде латын таңбасымен әрі ұсақ жазылған телефон хабарламасын (СМС-ті) кім қарап отырады? Мүмкін ол адам СМС қарауды білмейтін жалғызбасты қарт адам шығар? Мүмкін соқыр әлде саңырау болар? Оған ол адам кінәлі ме? Сонда мүгедек жанды қорлау болып шықпай ма бұл. Мүгедек жанның құқын шектеу емес пе? Бұрынғыдай қағаз хабарлама жіберуді қиынсыну ғана емес, бұл тіпті көре көзге көзге ілмеу ғой. «Алсаң ал, алмасаң атамның ар жағына» деген ол қандай заң?
Сол себепті мен де қырсығып, посылканы алмай кеттім. Сөйтсем қағаз хабарлама жібермейтін заң шығарған пошта үйге посылканың ақшасын төлеп, алып кетуімді ескертіп қағаз хабарлама жіберіпті. Тағы бірнеше күн өткен соң телефондап тұр. Өздерінің ережесі бойынша, қағаз хабарлама апармай, телефон соқпай, тек СМС жіберумен шектелетіні қайда?
– Ақшасын төлеп, посылкаңызды алып кетіңіз, – дейді телефондағы қыз бұйырып. Ол ол ма, енді неше күн пошта үйіне сақтағаны үшін одан бөлек тағы да қыруар ақша төлеуім керек екен. Оны телефон соққан Раушан атты оператор қыз сүйінші сұрағандай, сайрап айтып тұр.
– Бүйткен қызметтерің құрысын! Алмаймын! Керек болса, үйге өздерің әкеп бересіңдер, – деп, доқ көрсеттім.
– Онда орталыққа жібереміз. Ол жақта сақталатын мерзімі бар, сонан кейін оны өртеп жібереді, – дейді.
– Өртесе, өртесін! Неге Қазпошта қоса өртеніп кетпейді!
Міне, біздің Қазпоштаның сиқы. Тіпті «Nur Otan-ныңды да» да менсінейін деп тұрған жоқ. Сірә, ол партияның саясатына «Қазпошта» басшылығы қарсы болар. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген осы емес пе екен» деп жазды. Бұл қалам ұстаған азаматтың тебіренісі, ал ішінен күйініп, кімге мұңын шағырын білмей жүрген адамдар жоқ деуге ауыз бармайды тіпті. Жұрттың бәрі қаламды серік етіп, көрген – білгенін жазып тастай алмайды ғой. Әйтпесе, арыз-шағымдардың қос томға жүк болары анық…
ГАЗЕТ ПЕН ЖУРНАЛДЫ ТАРАТУДЫ ТҰРАЛАТҚАН ДА ОСЫ КОМПАНИЯ!
Бәрін айтта бірін айт. Кеше ғана табалдырығымыздан имене аттаған «ғаламтор» бүгінде төрімізден ойып орын алған. Тіпті, бізді басқарып, қожамызға айналды десек те болады. Ғаламтор – уақыт өткізу амалы, ақша табудың жолы, кітапхана, жеңгетай, азғырушы шайтан, ақыл үйретуші данышпан, білім беретін мектеп. Санамалай берсек кете береді ұшы-қиырсыз. Расында бүгінде барлық шаруа ғаламтор арқылы шешілетін болған. Ол басты ақпарат көзіне де айналып үлгерді. Бір жерде болған оқиғаны газет жазамын, баспадан шығарамын дегенше жұрт оқып-біліп отырады. Осының салдарынан газетке жазылушылардың саны әлде неше есеге төмендеп кеткен. Бірақ, солай екен деп, жұрттың газет оқымайтындығына интернетті кінәлай беруге тағы болмайды. Егер расында да интернет газет оқырмандарының азаюына алып келетін болса, шетелдік алпауыт газеттер ендігі жабылып, банкрот болып қалар еді. Бірақ олай емес. Еуропалық газеттердің таралымы миллион данаға дейін жетіп жатады. Ол енді сол елдің халқының менталитеті мен журналисттерінің біліктілігінің арқасы болар. Оған бас қатырмай, газет пен журналды дамытуға деген ғаламтордың үлесі туралы сөз қозғайық. Бәлкім бәріңіз естіген боларсыз, әлде естімедіңіз бе? Білмеймін. Әйтеуір жылқы жылының аяқ шешінде (2015 жылы) «Қазпоштаның» басшылығы тың бастаманы қолға алған болатын. Бүгінгінің жұртында уақыт тапшы. Поштаға барып немесе редакцияға келіп, мерзімді басылымдарға жалып жатуға елдің мұршасы жоқ. Біреу жұмыста, енді біреу ерініп жатыр, кейбіреулер газет-журналдың бар екенін ұмытып кеткен. Бұл мәселенің барлығы жаңа реформаның аясында өз шешімін тапты. Енді сіз үйде отырып-ақ, қалаған басылымыңызға еркін түрде жазыла аласыз.
Бұл қызмет түрі www.postmarket.kz сайтында орнатылған. Қазіргі таңда интернет пайдаланушылар аталмыш сайтқа кіріп, көңілдері қалаған басылымға емін-еркін жазыла алады. Сізден талап етілетіні сайтқа тіркеліп, оқығыңыз келген басылымды таңдау және төлем жасау. Төлем банктегі шотыңыз арқылы жүзеге асырылады. Аталмыш сайтта елімізде жарық көретін 1600 газет-журнал орналастырылған. Жазылып, ақысын төлеген соң, үйіңізге жеткізіп береді.
«Қазпошта» АҚ төрағасы Бағыдат Мусин аталмыш жобаның халыққа ұнайтындығына сенімді болған. Оған ризашылығымыз да шексіз. Расында мерзімді басылымға жазылу жолының жеңілдеуі отандық баспа журналистикасының дамуына өзіндік үлес қоса түсуі керек. Әсіресе қазақ тілді басылымдардың дамуына айрықша жәрдемі тиері даусыз.
Игілікті іске мұрындық болған «Қазпошта» басшылығы халық жазылған газеттер мен журналдардың оқырман қолына тез жетуіне келгенде сылбырлық танытқаны ғана түсініксіз. «Қазпошта» сөз жоқ үлкен монополия. Оған альтернатив жоқ. Содан да болар маңдай терімен тапқан ақшаны сыпырып алуға келгенде өте пысық. Ал газеттерді уақтысында халыққа таратуға келгенде жайбасар. Әсіресе бүгінгі таңдағы қазақ газеттерінің шығар –шықпас жаны тұрғанына бастарын ауыртпайтыны жүректі сыздатады. Егер таралым мәселесі осылай кері кете берсе, мемлекеттік тіл саясатының алға басуына да кедергі көбеймек. Жаны ашымастық, кертартпалық өз жемісіне бере берсе, президент Тоқаевтың қазақ тіліне қатысты ұстанымының көсегесі көгере қоюы да екіталай.
Айтыла – айтыла жауыр болған мәселенің бірі пошташылардың айлығының өте аздығы. Осыған Үкімет көңіл аудармаса, Парламент үн қоспаса, заңға толықтырулар енгізбесе, қазақ баспасөзі – ажалдан қашқан Қорқыттың кебін кеше бермек. Өйткені мына ақпараттық технология дамыған заманда газетті шалғай өңірдегі ауылдар кешіктіріп алады, тіпті кей жерлерде ат үсті қадағаланып, ақысы төленген мекендерге жеткізілмейді де. Алматыдан шығатын газеттердің өзі Астанаға кеш жетеді. Оны тарату барысындағы немкетті іс-әрекеттер жүрекке қаяу түсіреді. Өзіміз басшылық жасап отырған «Қазақстан дәуірі» газеті пойызбен тасымалданады, жіберген «аманатымыз» діттеген жеріне жетпей кейде апталап, айлап «жоғалып» кететіні бар. Кейіннен бұлт астынан шыққан ай құсап офиске жеткізіледі. Мәнісін білу қиынның қиыны. Біріне бірі сілтейді, ақ-қарасын анықтауға жүйке шыдамайды кейде. Сосын қолды бір сілтеп «Жау кеткесін қылышымызды тезекке шауып» жатамыз. Бұл немқұрайлылық қалт-құлт етіп күнін әрең көріп жүрген қазақ баспасөзін аяқтан шалып, діңкесін құртуға жетіп жатыр. Бұл туралы «Қазақстан дәуірі» газетінде жарық көрген «Қазақ баспасөзі тендерге құл, билікке «ұл» болмауы керек» деген мақаламда тереңірек қаузағандықтан, әңгімені осы жерден қайырғанды жөн көрдік.
«КАЗПОШТАНЫҢ» САЛҒЫРТТЫҒЫНА КІМ КІНӘЛІ?
ТҮЙІН СӨЗ: Сандық технологияның қарыштап дамыған заманында пошта қызметіне сын айтушылардың көбеюі жақсылық нышаны. Ақпараттық жүйенің әлемдік өркениет талаптарына сай қадам басқанына қарамастан, тасқа басылған басылымдар ұлттық құндылықтарды дәріптеуде қоғамдық қажеттіліктен айырылған жоқ. Десек те, республика халқының тоқсан пайыздайы қазақ ұлты бола тұрып, мемлекеттік тілдегі басылымдардың өз деңгейінде сұранысқа ие бола алмауы, басылымдардың дер кезінде оқырман қолына тимеуі, бөлшек саудада газет-журналдардың саудасы жүрмеуі, жіберілген хаттардың кешігіп жетуі, тіпті түрлі төлемақыларды төлеуде ұзақ сонар кезектің толастамауы өкінішті – ақ жайт. Облыстардағы әзірге жалғыз монополист «Қазпочта» өкілдері мамандардың, әсіресе пошташылардың жоқтығын, оларға төленетін жалақының мардымсыз екендігін алға тартса, облыс орталығында шығатын газеттер өз оқырмандарын апталап таба алмай жатады. Олай болса, сонау Алматыдан газет тарататын қазақ тілді «Қазақстан дәуірі», «Жас Қазақ», «Ана тілі» т.б басылымдардың көрген күні құрысын!
Айтпасыңа қоймайтын бір түйінді мәселе пошташылардың айлығының төмендігіне қоса қызмет сапасының нашарлығы да ел аузында жүр. Бұл өзі сананы тұрмыс билейтініне нақты дәлел. Сондай-ақ баспасөз ақысын жеуге келгенде де «Қазпошта» алдына қара салмайтын болып алды. Маңдай термен тапқан еңбектен 30 пайызды қақшып алады да отырады. Бұл еліміздегі бүкіл қазақ баспасөзінің бастан кешіп отырған жай – күйі. Олардың жан айқайын еститін, жағдайын түзейтін, жанашырлық танытатын мүйізі қарағайдай өкімет пен азуы алты қарыс парламенттің не ойлағаны бар екен? Осы салаға жауапты министрліктің де құлағына алтын сырға «ілеміз». Біздікі айту, ескерту. Кім біледі, бірі болмаса бірінің көзі түсер жазғанымызға. Аяныш сезімдері оянып, қамқорлық көрсетуге асығар. Нарық-теңізінде қалт-құлт еткен қазақ баспасөздерін қанаттарының астына алар. Майдайларынан сипап, мейірімділік танытар. Әйтпесе тұманда адасқан кемедей бағыт-бағдары белгісіз бишараларға кім көрінгеннің қоқаңдауы жалғаса береме деп қорқамыз…
Бүгінгі күні қазақстандық поштада 21 000-ға жуық қызметкер, республика бойынша 3200 байланыс бөлімшелері, 14 облыстық және 4 республикалық мәндегі филиалдан тұрады. Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ 2006 жылдың қаңтарынан «Самұрық» мемлекеттік холдингісіне кіреді. Демек, қаржылық жағдайы төмен деуге негіз жоқ.
Редакциядан: Бізге әр аймақтан газет оқырмандары жазылған газеттерінің кешігіп жетіп жататынын айтып жиі хабарласып отырады. Турасын айтсақ, оқырманның жанайқайы өте орынды. Ақысын төлегесін, дер кезінде номерді алып тұрғылары келеді. Алайда «Көңілдегі нарықты, базардағы баға бұзады» дегеннің кебін киюде көбі. Бір бұл ғана емес, «Қазпошта» секілді компанияның жұмысына наразылығын білдіріп жатқандарда есеп жоқ. «Сұрай – сұрай Меккеге де барасың» демекші, сұрай –сұрай бұл келеңсіздіктің де себеп-салдарын анықтадық. Бар гәп пошташылардың айлығының аздығына тіреліп тұр. Аз болған соң мұндай жұмысқа ешкім келмейді. Бай компаниялардың қатарында тұрған мекеме неге олардың жағдайын жасамайды? Неге текті бүркіттей табысын шашып жемейді. Бұл бізге түсініксіз? Біз түсінбегесін халық та бұдан бейхабар. Біз компания басшыларына осы мәселе жөнінде ресми хат та жолдадық. Әзірге олар үнсіз. Ал министрлік бұл сынымызға не деп жауап берерін уақыт көрсетер. Біздіңше Ел президентінің өзі бұған назар салмаса жағдайымыз ушыққан күйінде қала береді-ау деп қорқамыз.
Сәуле Мешітбайқызы