Павлодарлық оқушы халықаралық вокалдық байқауда бірінші орынды жеңіп алды
Облыстық «Шаңырақ» орталығында Халықаралық «Bang Dance Fire» шығармашылық байқауы өтті. Қалалық білім беру бөлімінің хабарлауынша байқауға 9-18 жас аралығындағы жүзге тарта оқушы қатысты.
Бірінші орынды №7 ЖОББМ-ің 6-шы сынып оқушысы Дарын Сәрсенов жеңіп алды. Жеңімпаз дипломмен, байқаудың медалімен және кубокпен марапатталды. «Вокал» номинациясы бойынша қатысқан жас әнші Әбділдә Елжастың сөзіне жазылған Жарасхан Төлебайдың «Қазақтың ұлымын» деген әнін шырқады.
Ведомствоның ақпараты бойынша Дарын Сәрсенов Достық үйінің «StarKZ» вокал өнері мектебінде дәріс алып, №1 музыка мектебінде домбыра аспабын меңгеруді үйреніп жүр.
— Дарын он жасынан бастап түрлі байқауларға қатысып келеді. Мектептегі үлгерімі жақсы, ағылшын тілін жетік меңгерген, мектепішілік іс-шараларға белсенід қатысады, — деді білім беру бөлімінде.
Атап өту керек, Дарын осы жылы Павлодарда өткен Халықаралық «Дионис» байқауының лауреаты атанған еді.
Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды