Павлодар облысы Қаратерек ауылының мектеп мұғалімі 7 трактор құрастырып шығарды
Павлодар облысындағы Май ауданына қарасты Қаратерек ауылының орат мектебінде қызмет ететін еңбек пәнінің мұғалімі Жанысов Берік мини-трактор құрастырды. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Берік Жанысов бұған дейін де алты трактор құрастырған болатын. Өнертапқыш трактор құрастыруды алғашқыда қажеттіліктен туындап, кейіннен өзінің әуесқойлығына айналғанын айтады.
— Көлік құрастыруды 1998 жылдан бастадым. Басында қажеттіліктен туды, өзіңіз білесіз ауылда қораны тазалау, шөп жинау деген сияқты жұмыстар өте көп уақытты алады. Сосын бір күні неге осындай жұмыстарды жеңілдететін құрал жасамасқа деген ой келді. Жұмыстан бос уақытымды осы іспен тыңғылықты айналысамын», — дейді ол.
Қолдан жасалған техникаға қажетті құрал-жабдықтар мен қозғалтқыштарды табу қиынға соғады. Жанысов Берік өзі құрастырған тракторлардың қозғалтқыштары ретінде ЗИД, Москвич маркалы жабдықтарды пайдаланады.
— Соңғы құрастырған көліктің басты ерекшелігі жылдамдығы және әмбебаптылығында жатыр. Оны құм тиеуге, шөп шабуға әрі жинауға, ауыр заттарды көтеруге пайдалануға болады. Шағын трактордың шөп шабатын да құралы бар, оны жасап жатырмын. Болашақта техникалық тетіктерін жетілдіріп, кабина жасауды ойластырып жүрмін, — деді өнертапқыш.
Жалпы қолдан трактор құрастыруға 3-6 ай уақыт жұмсалады екен. Мәселен, соңғы мини-жүк тиеуіш тракторды жинауға 3 ай уақыт жұмсалған. Көлікті жинауға әр түрлі көлемде қаражат керек болады. Кейбір бөлшектерді адамдардың өздері беріп, солай жасап берші деп ұсыныс айтады. Ал кейбіреуін Берік Төкенұлы өзі сатып алады. Ол өзі құрастырған көліктерді жасау барысында швеллер, профиль, угольниктерді қолданады. Бірақ ауылда мұндай материалдар табыла бермейді. Жалпы құрастырылған көліктің шығыны әртүрлі. Берік Жанысов тракторды құрал-саймандар мен өзінің еңбегін қоса есептегенде 800 000-1 000 000 теңге арасында бағалайды.
Өнертапқыштың қолынан шыққан шағын тракторлар бау-бақшаның шөбін жинауға, шөп шабуға, қорадағы қоқыстарды шығаруға, жиналған шөпті көтеруге таптырмас құрал. Оның үстіне ол техникалық бөлшектерді шебер әрі ыңғайлы етіп құрастырған. Ауылдасының ғажайып, әрі қолжетімді тракторларын көргендер арнайы келіп тапсырыс береді.
Берік Жанысов мектепте «Еңбекке баулу» пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Сонымен қатар, ол өзінің оқушыларына «Робототехника» саласы бойынша дағдыларын дамытуға көп көңіл бөледі.
Ақпарат және суреттер «Казинформ» АА-ің сайтынан алынды