Павлодар облысы Аққулы ауылының тұрғыны мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін бастады
Аққулы ауданының тұрғыны Қасиетов Дәулет мемлекеттік грант қаржысына жылдам тамақтану пунктін ашты. 2019 жылы Аққулы ауданында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жергілікті кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға 30 млн. 250 мың теңге бөлінді.
Аққулы ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Аманжол Еренұлының айтуынша «Атамекен» ҰКП Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткен 80 қатысушының ішінде қырық адам 100 АЕК және қалған қырық адам 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Бір айлық есептік көрсеткіш 2 525 теңгені құрайды.
Кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, мемлекеттік қолдауға ие болған азаматтардың бірі — Аққулы ауылының тұрғыны Қасиетов Дәулет. Ол кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өтіп, өз жобасын жүзеге асыру үшін 200 АЕК көлемінде, яғни, 505 мың теңге ақшалай грант алды.
— Мен өз ісімді осы жылдың тамыз айында аштым. Соның негізінде жеңіл әрі пайдалы тамақ түрлерін дайындау туралы шешім қабылдадым. Жылдам тамақтану пунктін ашуға қажетті жабдықтар сатып алу үшін өз қаржымнан бөлек қосымша қаражат қажет болды, — дейді жас кәсіпкер. – «Бастау Бизнес» жобасы туралы мен осы бағдаралмаға қатысып, грант алған достарымнан білдім. Содан кейін әлеуметтік желіде, теледидар арқылы бағдарлама туралы естіп, жұмыспен қамту орталығына бардым. Осылайша,»Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстан өтіп, бір айдан кейін кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткенім туралы сертификат алдым.
Кәсіпкерлік дағдыларды үйрету жөніндегі «Бастау Бизнес» жобасының мақсаты – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру болып табылады. Мемлекеттік гранттар бағдарлама қатысушыларының қажеттіліктеріне сәйкес өз кәсібін ашуға қажетті еңбек құралдары, техникалық жабдықтар, ауылдық жерде мал басын сатып алуға жұмсалады. Жүз немесе екі жүз АЕК көлеміндегі гранттар өтеусіз негізде беріледі.
Әлихан Рахметоллаұлы