ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Сапар барысында Елбасы қаланың рухани-мәдени орталығында өткен концертке қатысып, Түркістан облысының тұрғындарымен жүздесті.
Сөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды.
— Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан — түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін, — деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті.
— Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы облыс орталығының құрылысы мен жандануына ат салысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.
— Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, — деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.
Elbasy.kz