Ғалымға құрмет
Тілеуберді САХАБА
ҚР Минералдық ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Серік Жақсыбаевтың еңбектеріне арналған «Ғалым. Өлкетанушы. Журналист» атты веб-ресурсының тұсауы кесілді. Шара ғалымның туғанына 85 жыл толуына арналды.
Шара С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада және Екібастұз қалалық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен өтті. Серік Имантайұлының ғылымға қосқан үлесі ұшан теңіз. Ол 1934 жылы 21 сәуірде Новосібір облысында дүние келген. Алматы тау-кен металлургия институтын және Украинадағы Харковь инженерлік-техникалық институтын бітірген. Еңбек жолын Қарағандыдағы №31 шахтада бастады. Екібастұздағы тас көмірді ашық әдіспен өндіретін кәсіпорында бөлім бастығы, қалалық партия комитеті өндірістік-көлік бөлімінің меңгерушісі, «Богатырь көмір» кенішінде еңбек және жалақы бөлімінің бастығы, бас экономист, директордың экономика жөніндегі орынбасары сынды лауазымды қызметтер атқарған. Соңғы жылдары Қ. Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік- техникалық иститутында ректордың ғылым жөніндегі проекторы болды, өз саласында ұстаздық етіп, көп шәкірт тәрбиеледі. Ағамыз өткен жылдың шілде айында дүниеден өтті. Көзі тірі болғанда биыл мерейлі 85 жасын тойлап жататын еді. Ол тау-кен саласындағы 72 ғылыми жұмыстың, 3 монографикалық еңбектің, 19 кітаптың және әртүрлі тақырыптарда жазылған 600-ден астам мақаланың авторы.
Екібастұз қалалық орталық кітапханасының кітапханаларды дамыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Гауһар Төрегелдинованың сөзінше, Серік Имантайұлы жергілікті қаламгерлер арасында алғаш болып осы кітапханамен авторлық шарт жасасқан. Соның нәтижесінде автордың кітаптары мен мақалаларының электрондық нұсқалары кітапхана сайтына орналастырылды.
— Мысалы «Қазақ жайлы сөз», «Қазақтың түп тегі туралы», «Минеральное сырьё Павлодарской области», «Экибастузский каменно -угольный бассейн» және «Записки краеведа» сынды еңбектері кезінде оқырман тарапынан жоғары баға алған. Серік Имантайұлы Екібастұз кен игеру туралы құнды деректер мен өлкетану саласындағы мақалаларды жазу барысында Павлодар, Семей, Қарағанды, Алматы, Барнауыл, Омбы, Том, Киев, Харковь, Сант-Петербор және Мәскеу мұрағаттарымен жұмыс істеген. Серік ағаның туындыларынан Екібастұз қаласының алғашқы құрылу тарихы туралы мол мағлұмат алуға болады, — дейді Гауһар Төрегелдинова.
Жаңа таныстырылған «Ғалым. Өлкетанушы. Журналист» атты веб-ресурстан ғалымның кітаптарымен танысып, осы күнге дейін газетке шыққан мақалаларын оқуға болады. Онда басылымдардың PDF нұсқалары орналастырылған. Веб-ресурсты Екібастұз орталық кітапханасының автоматтандыру және цифрлау бөлімінің менгерушісі Евгения Щебетун әзірлеген. Шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орын студенттері және ғалымның туыстары қатысты. Жұбайы Шолпан Жүнісова, баласы Ерік және немересі Даниял Жақсыбаевтар кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Сондай-ақ, облыстық кітапханада ғалымның кітаптары мен фотосуреттерінен құрылған шағын көрме ұйымдастырылды.