Ақсақалдар алқасына — 10 жыл
Тілеуберді САХАБА
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы ақсақалдар алқасының құрылғанына – 10 жыл. Жақында облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде аталған ұйымның мерейтойына орай қоғамдық жұмыста белсенділңк танытқан ардагерлер марапатталды.
Павллодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Айнұр Сәрсенбаеваның сөзінше, бұл ұйым осыдан 10 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Елбасы бұл туралы Ассамблеяның 15-ші сесиясында сөйлеген сөзінде айтқан. Ассамблеяның облыстық филиалы жанындағы ақсақалдар алқасының құрамында 30-ға жуық адам бар. Яғни, оның құрамына облыстағы барлық этно-мәдени бірлестіктерден бір өкіл қабылданған. Олардың барлығы кезінде әр салада лауазымды да жауапты қызмет атқарған адамдар. Ақсқалдар алқасы Ассамблеяның барлық қоғамдық жұмыстарына белсенді атсалысуда. Мысалы, жастарға Отанды сүюге дәріптеу, патриоттық тәрбие беру, отбасының береке-бірлігін сақтауға шақыру бойынша көп жұмыстар атқаруда. Шара барысында «Ватан» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Джафар Махмудов, татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Минир Галиев, «Айреник» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Карлен Григорян, «Полония» поляк қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мария Фомина, «Эльпида» грек ұлттық-мәдени орталығының мүшесі Константин Чахалов сынды ардагерлер Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды. Бұлардың барлығы ақсақалдар алқасы құрылған күннен бері осы құрамда келе жатқан адамдар.
— Ассамблея жанындағы ақсақалдар алқасының биылғы 10 жылдығына орай әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Өңірдегі кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде, жоғары оқу орындарда кездесулер түрлі өткізілді. Мұндай кездесулерде жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, оларға патриоттық тәрбие беріп, елі мен жерін құрметтеуде маңызы зор әңгіме айтады, тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ, олар қаламыздың тазалығына, көріктенуіне де жоғары деңгейде атсалысып, ағаш отырғызу шараларына қатысып келеді. Жастарыңыз келіп қалса да белсенділік танытып, кейінгі жастарға үлгі көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз, — деді Айнұр Сәрсенбаева.