Б.Сапарбаев Павлодар облысында

 

Павлодар облысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен келді. Вице-прембер алдымен облыст орталығындағы жедел жәрдем станциясына және М.Катаев атындағы оқушылар сарайына ат басын бұрып, өңірдегі денсаулық және білім саласының сапасымен танысты.  

            Вице-премьер оқушылар сарайының ең соңғы үлгіде жабдықталғанын көріп, тәнті болды.  Ол аталмыш мекемедегі робототехника, 3D-модельдеу зертханасы, телестудия, стартап-академия, астрономиялық зертханада және IT-сыныбы бар балалар техносаябағын аралап, жасөспірімдердің еңбектерін тамашалады. Оқушылар сарайының директоры Алма Ерубаева «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында көп жұмыстар қолға алынып жатқанын атап өтті. Оқушылар сарайының  тәрбиеленушілері қонақтарға Tach table аймағын таныстырды. IT-сыныбының жас бағдарламашылары 3D-принтерлерінде модельдерді жасайтын заманауи технологияның мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді. «Bala-business» стартап-жобасының қатысушылары өз жобаларын таныстырып, қорғады.

Атап айтар болсақ, облыстық дарынды балаларға  арналған көпсалалы лицей-интернатының оқушысы Даяна Мукина бие сүтінен косметика жасау туралы тың жобасын түсіндірсе, Павлодар қаласындағы №3 гимназияның оқушылары Рахат Жұмабеков пен Баязет Искаков «Энергияның баламалы қайнар көзі: үй жағдайындағы жел диірмені» және «Нашар көретін адамдарға арналған таяқша» атты ізденіске толы еңбектерін таныстырды. Ал телестудиядағы «Луч» шығармышылық бірлестігінің тәрбиеленушісі Данеля Галлямова жас тілшілер кабинетінің техникалық жабдықталуы мен тележобалары туралы сөз етті. Оның айтуынша, телестудия қатысушыларының арнайы бағдарламасы, әлеуметтік желіде ашылған жеке каналы бар екен. Бүгінгі таңда ондағы көрермен саны бір мыңнан асқан. Сондай-ақ, жас тілшілердің мақалалары жергілікті басылым беттерінде жиі жариялануда. Үкімет басшысының орынбасары оқушылар сарайындағы талантты да талапты балалардың білім-ғылым жолындағы еңбектеріне сәттілік тілеп, оң баға берді.

Кездесу барысында Б.Сапарбаев Павлодар облысы өзге өңірлерге үлгі боларлық талай игі істер атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай игі бастаманы еліміздің барлық облысында жүзеге асыру керек екенін ескертті.

— Мемлекетімізде білім беру саласын дамытуға айрықша назар аударылуда. Білімнің сапалы болуы үшін ата-ана, мұғалім және билік үшеуі бірлесіп жұмыс істеуі керек. Сонда ғана нәтиже болады. Соңғы мәлімет бойынша Павлодар облысы білім сапасы жағынан республика бойынша бірінші орында тұр. Бұл-ұстаздар еңбегінің жемісі және жергілікті биліктің қолдауының нәтижесі деп білемін, — деді Бердібек Мәшбекұлы.

Т.Сахаба.