Павлодар облысына үкіметтік жұмыс тобы іссапармен келді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысының қоғамдастығымен кездесті. Жұмыс тобының құрамында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров бар.
Өз сөзінде вице-премьер Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау бойынша атқарылған жұмыс туралы баяндады.
«Әлеуметтік салаға ағымдағы жылы 7,5 трлн теңге жұмсалды. Бұл республикалық бюджеттің шығындарының 45 пайызын құрайды. 2020 жылғы бюджеттің жоспарында әлеуметтік салаға бағытталған шығындар үлесі 47 пайызға артты. Қазіргі кезде мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындап отыр. Мәселен, осы жылдың 10 айы бойынша 200 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленді. Бұл шарамен 2,2 млн адам, оның ішінде 1,5 млн бала қамтылды. Қаржыландыру сомасы 9 есе өсті», — деді Сапарбаев.
Сонымен қатар, вице-премьер ел басшылығының тапсырмасы бойынша дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Тұңғыш Президент – Елбасы қорымен бірлесіп, жақында ғана Ақтөбе қаласында бастау алған «Ел үміті» жобасын қолға алдық. Жобаның мақсаты — мыңнан астам дарынды баланы іріктеп, олардың білім алуы мене дарындарын дамытуына жағдай жасау болып табылады», — деді ол.
Сонымен қатар, білікті отандық кадрларды даярлау мақсатында материалдық-техникалық базасының жабдықталуы және білім беру сапасы төмен жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының саны азайтылатын болады.
«Бізідң кадрлар ірі шетелдік компаниялар мен кәсіпорындарда жұмыс істей алатындай халықаралық талаптарға сәйкес болулары керек. Сондықтан унвиерситеттер мен колледждердің санын қысқартатын боламыз. Өкінішке қарай, бізде жұмыссыздардың санын көбейтумен айналысатын оқу орындары баршылық. Бұл кейбір жеке меншік оқу орындарына да қатысты. Кейбір жоғарғы оқу орындарын біріктіретін боламыз. Үкімет жанынан құрығлан аранйы комиссия жоғарғы және орта арнаулы білім мекемелерінің жағдайын зерттейтін болады», — деді Сапарбаев.
Сонымен қатар, Үкімет дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне де баса назар аударады. Қазіргі кезде Қазақстанда 7,8 мың дәрі-дәрмек сатылса, олардың жартысының құнын мемлекет бақылап отырады.
«Білім беру жүйесі мен педагогтардың мәртебесін арттыруға да көп көңіл бөлінеді. Біз ұстаздың абыройын көтеріп, оның құқығын қорғап, әл-ауқатын арттыуға жұмыс істейміз. Келесі жылдан бастап педагогтардың орташа жалақысының көлемін 30 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Осы мақсатқа 200 млрд теңге бөлінді», — деді ол.
Жақын арада мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар да айтарлықтай қолдауға ие болады. Премьер-министрдің орынбасары келесі жылдан бастап Тұңғыш Президент — Елбасы бастамасының шеңберінде өңірлерде сауықтыру орталықтары салына бастайтынын айтты.
«Өкінішке қарай, бізде сауықтыру орталықтарының саны аздық етеді. Ең бастысы, баланың ем алып, сауығып кетуіне жағдай жасау. Әрине, біз бұл жұмысқа осы бағытта жақсы жұмыс істеп келе жатқан бизнес өкілдерін де тартуымыз керек», — деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, үкіметтік жұмыс тобы облыстың педагогтары және дәрігерлермен, Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Евгеньевка селосының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Әлихан Рахметоллаұлы