Павлодарлық қонақүйде талапқа сай келмейтін бейнебақылау үшін 200 АЕК айыппұл салынды

Халық көп жиналатын орындарда тұрғындардың қауіпсіз демалуын қамтамасыз ету мақсатында павлодарлық полицейлер үнемі тексеріс жүргізеді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінгі күні өңірде террористік тұрғыдан осал 727 объекті бар.

Оның ішінде 596-сы — адамдар көп шоғырланатын объекті. Оған оқу орындары, ауруханалар, сауда үйлері, ойын-сауық орындары, сапаржайлар жатады. — Аталған объектілердің иелері мен басшылары қызметшілер мен келушілер үшін қауіпсіз режим қамтамасыз етуге міндетті, — дейді баспасөз қызметінде.

— Біз техникалық жабдықталуын, құлақтандыру, дабыл беру жүйелерінің жұмыс істеуін, эвакуациялау жолдарының қолжетімділігін, өткізу режимінің сақталуын тексердік. Сондай-ақ террористік қауіптілік туындаған кезде әрбір қызметкердің әрекет ету тәртібін білуіне ерекше көңіл аудардық.

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 480 объекті тексеріп, 22 басшыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырған. 18 басшы сотпен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100-ден 200 дейінгі АЕК мөлшерінде жалпы 5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Сонымен қатар тексеріс жүргізу кезінде халық көп шоғырланатын объекті болып табылатын Павлодар қаласының қонақ үйлерінің бірінде бейнебақылау жүйесі талапқа сай келмейтіні анықталды.

Осыған байланысты ҚР ӘҚБК-нің 149-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, Павлодар қаласының әкімшілік сотына жіберілді. Сот үкімі бойынша объектінің басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200 АЕК түрінде айыппұл төлеуге міндеттелді.