Павлодар облысында жас кәсіпкер демалыс орталығын ашты
Шарбақты ауданының тұрғыны Константин Таранченко «Жас Кәсіпкер» бағдарламасының қатысушысы ретінде аудан жастарының бос уақытын тиімді түрде өткізуін ұйымдастырды. Болашақта жас кәсіпкер өз бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Константин Таранченко кәсіпкерлік негіздерін оқып, мемлекеттен 500 мың теңге көлемінде грант алды. Алынған қаражатқа үй-жайды жалға алып, теледидар, ойын приставкаларын, жиһаз сатып алды.
– Ауданда мұндай қызмет түрі бұрын-соңды көрсетілмеген, бәсекелестер жоқ және мұндай демалыс түрі жоғары сұранысқа ие, – дейді ол. – Болашақта мен ойын-сауықтың басқа түрлерін, мысалы, үстел ойындарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмын, сол жерде кезек күтіп тұрған балалар басқа ойындарға қатысып, теледидардан спорттық жарыстар ұйымдастыра алады.
Бұл орталық жасөспірімдерге арналған, алайда оның танымалдылығына байланысты 18-20 жас аралығындағы тұрғындар да барады. Константин Таранченконың айтуынша, жастардың негізгі келу легі сағат 18:00-ден басталады.
– Орталықта өткізілген бір сағаттың бағасы 400 теңге тұрады, – дейді кәсіпкер. – Жасөспірімдер уақыт шектеулі екенін жақсы біледі, сондықтан олар көп отырмайды.
Орталықтың істегеніне екі апта болса да, келген балалар саны аз емес. Алдағы уақытта жас кәсіпкер өз ғимаратын сатып алуды жоспарлап отыр.
Әлихан Рахметоллаұлы