Ерлан Қарин: Аймақ өте күрделі қақтығыстар ошағында тұр
Түркиядағы «әскери төңкеріс» әрекетіне байланысты пікірін білмек болып, ҚР Президентi жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қаринмен аз-кем сұхбат құрған едік.
— Түркиядағы бүгінгі жағдайды қалай бағамдайсыз? Әскери төңкеріс жайлы алып-қашты әңгіме көп, сіздің пікіріңізді білсек?
— Түркиядағы жағдай бізді алаңдатпай қоймайды. Себебі алып мемлекеттің аймақтық проблемасы өте күрделі. Оған ішкі саяси жағдай қосылғанда тіпті ушығып барады. Бұл тұтас бір аймаққа қандай да бір ықпалын тигізері сөзсіз. Бауырлас елде болған соңғы оқиға әскери төңкеріс пе, жоқ әлде қолдан ұйымдастырылған нәрсе ме, оны нақты айту қиын. Бірақ бұл оқиға түрік қоғамындағы (өкінішке орай) белгілі бір қарама-қайшылықтардың бар екенін көрсетеді. Мен Түркиядағы оқиғалар болған кезде «Түркияда әскери төңкеріске қарағанда, қазіргі таңдағы ең қауіпті нәрсе — ішкі қақтығыстарға жол бермеу» деген едім. Сол айтқаным айтқан. Өйткені түрік қоғамында соңғы кездері көптеген мәселелер бойынша даулар орын алуда, әртүрлі көзқарастар шарпысуда. Сондықтан да бұл жағдайлар, болып жатқан төңкеріс әрекеттері қоғамдағы ішкі қақтығыстарға жол беріп қойса, арты бұдан әрі ушығу қаупі бар. Жоғарыда айттым, аймақ өте күрделі қақтығыстар ошағында тұр. Бұл Түркияның айналасындағы болып жатқан оқиғалардан тыс қалмайтынын көрсетеді.
— Түркияның ДАИШ-ке көмек көрсеткені жайлы айтылады. Бұл елде болып жатқан терактілерге қарасақ, қазір қадағалай алмай отырғаны байқалады. Бүгінгі таңда 3 жарым миллион сириялық эмигрант Түркия аумағында. Олардың қаншасы содырлар? Оны ешкім білмейді. Осыған сіздің көзқарасыңызды білсек бола ма? Алдағы уақытта елді не күтіп тұр?
— Түркиядағы жағдай, меніңше, ушығып тұр. Бұл мемлекет өте күрделі аймақта орналасқан. Оларға бүйіріндегі Сириядағы дағдарыстың өзі қатты әсер етуде. Оған өз ішіндегі белгілі бір террористік ұйымдардың белсенділігінің артуы Түркия үшін жаңа қауіп-қатерлер туғызуда. Кеше ғана біз бір кітапты жазып бітірдік. Оған Сириядағы мәселелер, террорлық ұйымдар және Түркиядағы бүгінгі ахуал туралы бір бөлімді әдейі арнап отырмыз. Неге десеңіз, сарапшы ретінде бізді алаңдатып отырған мәселе Түркияға радикалды топтардың ықпалының артуында болып отыр. Бұл жағдай сақтала берсе (біз мынадай бір терминді қолданып отырмыз), Түркияның Пакистанизациялануы секілді феноменге әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Яғни Пәкстанда біз не көрдік? Пәкстанда біздер бір жағынан мемлекет, екінші жағынан ол мемлекетті мойындамайтын түрлі халықаралық радикалды топтардың белсенділігін және олардың ықпалын көрдік. Меніңше, қазіргі негізгі мақсат осыған жол бермеу деп есептеймін.
Сұхбаттасқан Нағашыбай Қабылбек