МЕШІТБАЕВА СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ

МЕШІТБАЕВА СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры. «ЕлАна» қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ақпараттық сайтының Бас редакторы, ұстаз, журналист.
Қазақ журналистикасының көркейіп, дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қайраткер. Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы 1946 жылы 20 қыркүйекте Жамбыл облысы, Көктерек ауданына қарасты Бірлік аулында дүниеге келген. 1963 жылы Шу ауданы, Новотройцк селосында Мұхтар Ауезов атындағы орта мектепті бітірді. Сол мектепте аға пионер вожатый болды. 1964 жылы жолдамамен Абай атындағы педагогикалық институтқа (КАЗПИ) түсіп, оны 1969 жылы тәмамдап, арнайы жолдамамен Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Тәтті совхозында М.Мәметова атындағы орта мектепке ұстаз болып орналасады. 1973 жылы Шу ауданындағы, Абай атындағы совхозының, Абай атындағы мектепте 1978 жылға дейін ұстаз болып қызмет етті, 1978-1999 жж. А. Жұбанов атындағы мектепте ұстаз, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. 2000-2009 жылдары Қазақтелеком «АҚ» компаниясының іс-қағаздарына мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі жетекші маманнан бас менеджер, 2009-2017 жылға дейін халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінде бас директордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры қызметін атқарады. Сонымен қатар «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.
Отыз жылдан аса білім саласында қызмет етіп, Ұстаздықтың шыңына шыға білген Сәуле Мешітбайқызының шәкірттері кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосуда. Мықты маман қандай салада қызмет етсе де мықтылығын көрсететіні анық. «Қазақтелеком» компаниясында қызмет еткен жылдары Сәуле Мешітбайқызы қызметкерлерінің мемлекеттік тілге деген құштарлығын арттыра білді. Білікті басшының бастамасымен іске асқан жоба-байқаулар бүкіл республикаға үлгі өнеге болып, зор халықтық сипат алды. Сонымен қатар С.Мешітбаева Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының жұмысына зор үлес қосты. Телекомуникация саласына 1000-ға жуық термин әкелді. Сәуле Мешітбайқызының «Қазақтелеком» АҚ компаниясындағы 10 жылға жуық қызметі барысында (2000-2009 ж.ж) осы саладағы мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Сәуле Мешітбаева республикамыздың әр түпкірінде, ұжымда, қоғамдық-саяси өмірінде маңызды тұлғалар, зиялы қауым мен барлық әлеуметтік топтар арасында зор құрметке ие. Кез келген қызметті жан тәнімен, жүрегімен беріліп атқаратын Сәуле Мешітбайқызы ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен, идеяларының көптігімен ерекшеленеді. Және ойға алған, жоспарлаған іс жобаларын шеберлікпен көпшіліктің қолдауы арқылы жүзеге асыратын еңбекқор жан. Бірнеше әдістемелік құралдар мен терминологиялық сөздіктердің авторы. Сәуле Мешітбаеваның болмысы бөлек жан. Қандай қызметте іс болсын оған жан тәнімен, жүрегімен беріледі.
Ол – Қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы мен мәдениетінің дамуына, жетім балалар, тұрмыс деңгейі төмен және көп балалы отбасылар, көші-қон мәселелері, мәдени, тарихи ескерткіштердің сақталуы, мемлекеттік тілдің дамуы сияқты көптеген мәселелердің шешілуіне зор үлес қосып жүрген қоғам қайраткері, бірегей, жан-жақты тұлға.
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» (бұрынғы «Қазақстан ZAMAN») қоғамдық-саяси газетінің бетінде үлкен тақырыптарды көтеріп, соларды жеріне жеткізіп жазып оқырман ықыласына бөленуде. Сүбелі-сүбелі тақырыптарға батыл түрде барып, ол мақалаларға үнемі он мыңдаған оқырмандардың үн қосуы С.Мешітбаеваның талантын тағы бір биіктерден көрсетті. 2018 жылдан бастап С.Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры болып тағайындалды.
С.Мешітбайқызы төрағалық ететін «ЕлАна» қоғамдық қорының жұмысы өз алдына бір төбе десек артық айтқандық емес. Әлеуметтік қоғамдық танымдық «ЕлАна» сайты аз уақыттың ішінде көпшілік халықтың, мемлекетіміздің назарын аударып, зор құрметке ие болды. Қазірдің өзінде Сайттың 25000-ға жуық оқырманы бар.
Журналист ретінде, сондай-ақ, Елбасымыздың халыққа жолдауларын, тапсырмаларын, саясатын насихаттау мақсатында С.Мешітбайқызы жасына қарамастан республикамыздың 14 облысын жыл сайын түгел аралап шығады: 50 қала, барлық 162 ауданға бірнеше мәрте ат басын бұрып, 4 мыңға жуық шалғай ауылдарды аралап, халықтың мұң-мұқтажымен жақыннан танысып, құзыретті мекемелер алдында мәселелер көтеріп, оң шешімдер қабылдауына тікелей себепкер болды. Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бетінде өзекті мәселелерді көтерген көлемді мақалаларының көрініс табуы, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, «Нұр Отан» партиясымен бірлескен бірнеше экспедициялар ұйымдастыруы, көтерген мәселелерінің оң шешім тауып отыруы Сәуле Мешітбайқызының қайраткерлігін, күрескерлігін дәлелдейді.
«Қазақстан –2050» стратегиясын қалыптасқан мемлекеттің және саяси бағытын, Елбасының Қазақстан халқына жолдаған жолдауларын, «100 нақты қадам» Ұлт саясатын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, қоғамда ұлтаралық және конфессиаралық келісімді нығайтуға және басқа да үкіметтік шараларды, шетелдік ақпарат құралдарындағы мемлекетіміздің оң имиджін қалыптастыруға шығармашылық қызметімен қызу қолдап келеді. С.Мешітбаева жетпіс деген жеті белесті еңсерсе де жастарға үлгі боларлықтай қажыр-қайратымен, білім парасатын ұлтынан, елінен аянған емес. Елбасына адал қызмет атқара жүріп, қыруар істер атқарды. Жүргізіп жатқан сан алуан жұмысы, Сәуле Мешітбаеваның қоғам өміріндегі көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген күрескер, қоғам қайраткері екендігін дәлелдейді.

Марапаттары
– 1988 ж. «ҚазССР-інің білім саласының үздігі»;
– 2010 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданының 80 жылдығы, Шу қаласының 50 жылдығы мерейтойы медалімен марапатталды.
– 2012 жылы Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», Министрліктің Мақтау грамотасымен марапатталды;
– 2013 жылы «Нұр Отан» партиясының ұйымдастырған журналистердің «Нұрсұңқар» байқауында номинант болып, сол жылы Ақжол партиясының ұйымдастырған байқауында ең үздік журналист атағымен қоса ақшалай сыйлыққа ие болды;
– 2014 жылы С.Мешітбаева «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» марапатын иеленді;
– 2015 жылы Монғол Халық партиясының 90 жылдығына орай «Құрмет медалімен» марапатталды;
– 2015 жылы «Ауылшаруашылық саласының үздігі» медалі табысталды;
– 2017 жылы Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданының 10 жылдық мерейтойлық төсбелгісі берілді;
– 2017ж. Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» атағын алып, «Еңбек ардагері» медалінің иегері болды;
– 2018 жылдың 20 қазанында Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалімен, 14 желтоқсанда Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталды;
– 2018 ж. Солтүстік Қазақстан облысы, «Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
– 2019 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы “Алғыс хатымен” марапатталды.
– 2019 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ 55 жыл толуына орай Ерен еңбегі мен Компанияның дамуына қосқан үлесі үшін мерейтойлық медалімен марапатталды.
– 2019 жылы “Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы мен Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай” мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.