Амангелді Айталы: Адамдар қарны ашқаннан емес, қадірі қашқаннан да бас көтереді
Біз әлі отаршылдықтың ақпараттық кеңістіктігінде өмір сүріп жатырмыз
Қазақстан қоғамы туралы айтатын болсақ, бізде де лаңкестік әрекетті тудыратын әлеуметтік ортаның бары анық.
Біріншіден, еліміздің рухани өмірінде, біз көп мән бере бермейтін, бір қиындықтар бар. Мысалы, Қазақстанның ақпарат кеңістігінде Батыстың, Ресейдің ықпалы зор. Олар — қазақ мәдениетіне жат бағыттағы ақпарат көздер.
Осы жағынан алғанда, біз әлі отаршылдықтың ақпараттық кеңістіктігінде өмір сүріп жатырмыз.
Біз айтайық-айтпайық, мойындайық-мойындамайық, әлемде діндер арасында да бәсеке жүріп жатыр.
Ресейдің, Батыстың біздің ақпараттық кеңістіктегі үстемдігі — христиандықтың үстемдігі. Олардың біреуінің ашық, ал тағы біреуінің іштей мұсылмандыққа қарсылық білдіретіндігі, оны қолдамайтындығы анық.
Бұл — үлкен мәселе. Біз осы жағына әлі дұрыс мән бермей жүрміз.
Сонымен бірге, бүгінгі білім саласындағы саясат қазақ тіліне емес, қалай болғанда да орыс тіліне, ағылшын тіліне басымдық беруге барынша тырысады. Қалың бұқара бұл саясатты қолдамайды.
Ұлтты ұлт ететін, мемлекетті мемлекет ететін — оның ана тілі. Сондықтан оған қарсы жүрудің астарында да бір мәнісі бар.
Меніңше, билікте жалпы қоғамның емес, белгілі бір топтың пікірі үлкен ықпалға ие. Міне, осындай топтың қолында билігі бар бір адам:
„Мен осылай ойлаймын, оны жүзеге асыру керек, себебі басқа елдерде де осындай,„ — деп ұсыныс айтады да оны жүзеге асатындай ете салады.
Ал ол мысалға алған елдің тарихы бөлек, менталитеті мен дәстүрі бір басқа екені ешкімнің басын ауыртпайды.
Бір кездері Коммунистік партияның көшбасшысы Хрущев бүкіл совет елдерінің топырағына, ауа-райына, жерінің құнарлығына қарамай жүгері еккізген.
Ол саясат тиімділік танытпады. Жүгері егуге ешкім қарсылық білдірген жоқ, бірақ барлығы зиян шекті. Сол сияқты, қазір бізде де ағылшын тіліне ешкім қарсы емес.
Бірақ шет тілдерді білім ордаларында оқытудың жөні, психологиялық-педагогикалық, ұлттық реті бір басқа. Қалай дегенмен де бұл да әлеуметтің қарсылығын тудыратын факт.
Қылмыскерлердің 84 пайызы — жұмыссыздар
Бұдан тыс, қоғамымызда тағы бір топ әлеуметтік мәселе бар. Мысалы, жұмыссыздық, баспана мәселесі. Үй салғысы келеді, бірақ бізде өзіне заңмен тиесілі 10 сотық жерін ала алмай жүрген жүз мыңдаған адам бар.
Жақында еліміздің бас прокуроры Жақып Асанов біздегі қылмыстылардың 84 пайызы жұмыссыздар деген мәлімет келтірді. Демек, бұл бір-бірімен жанама болсын, тікелей болсын, байланысып келетін үлкен, күрделі мәселе. Оны кешенді түрде қарастырмасақ, мәселені еңсере алмаймыз. Соны дұрыс түсінуіміз керек.
Терроризмге байланысты ілімде криминометрика деген ұғым бар. Ол мен атап өткен факторлар қандай жағдайда өмірде көрініс табатынын анықтайды.
Криминометрика бойынша, қазақшалап айтқанда,
адамдар қарны ашқаннан ғана емес, қадірі қашқанынан да бас көтереді.
Оған адам құқығын сыйламау, сөз бостандығын шектеу, ашық пікір білдіруге тойтарыс беру, әділетсіз сот итермелейді…
Елімізде капиталистердің мүддесі қорғалады, қорғалмайтыны — еңбекшілердің мүддесі
Елімізде капиталдың, бизнестің мүддесін қорғайтын ұлттық кәсіпкерлер палатасы деген ұйым бар. Олар үшін арнайы мінбер де қарастырылған. Ал еңбекшілерді кім қолдайды? Бізде еңбекшілерді қолдайтын кәсіподақтар бар.
Бірақ кәсіподақтар халықты қолдай алмайды, өйткені олар әлсіз, күші мен салмағы да жоқ, жұмыс берушіге тәуелді.
Сондықтан жалдамалы жұмыста жүрген халық уақтылы еңбекақысын ала алмайды, еңбегі дұрыс бағаланып, ақысы әділ төленбейді, ұжымдық келісімшарт талаптары ұдайы сақталмайды. Осылардың барлығы жиналып келгенде, сөз жоқ, ақыры қоғамда белгілі бір наразы ахуалды туғызады.
Егер біз жаппай еңбек қоғамын құрамыз десек, барлық артықшылықты еңбекке, еңбек адамына беруіміз керек.
Бізде билік бір бөлек, халық бір бөлек әлемде өмір сүріп жатқандай. Екеуінің айтқандары бір-біріне сай келе бермейді.
Сондықтан билік пен бұқара халықтың арасында келіспейтін бірқатар мәселелер бар.
Меніңше, билік қандай қоғамда, қандай психологиялық, саяси-экономикалық жағдайда өмір сүріп жатқанын білмейді-ау деймін. Осыдан келіп, халықтың ашу-ызасын туғызатын үстірт, жеңіл-желпі бір шешімдер туып жатады.
Ақтөбе мен Алматыдағы қайғылы оқиға азаматтық қоғамның қалыптаспағанын аңғартты
Мысалы, мен — ақтөбелікпін. Ақтөбеде үш рет лаңкестік оқиға болды. Қандай шешім қабылданды?..
«Біздің арамызда теріс бағытта жүрген бір топ жігіттер бар. Солармен жұмыс жасайық. Түрмеге жабайық. Қорқытайық. Үркітейік. Осылай оларды тыйсақ, бұл масқара жағдай енді болмайды», — дейді билік.
Бірақ, өкінішке қарай, лаңкестік оқиғасы Ақтөбеде үш рет қайталанды. Демек, басқаша ойланатын уақыт келді.
Бізде азаматтық қоғам да қалыптаспай жатыр.
Мысалы, мені жолықтырған алматылық пен астаналықтар: „Ақтөбеңде не болып жатыр?„ деп сұрайды. Ал кеше Алматыда тура осындай жағдай орын алды. Басқа өңірдегілер „Ол бізде емес, Алматыда ғой„ деп жайбарақат отыр. Өздеріне, өз еліне қатысы жоқ нәрсе секілді. Бұл біздің адамдардың азамат болып жетілмегенін білдіреді.
Егер бізде азаматтық қоғам болса, лаңкестік актілерді ел болып ойланып, егіле отырып, талқылайтын едік.
Ол тек құқық қорғау органдарының мәселесі емес.
Мен өзім бір нәрседен қорқамын. Лаңкестік оқиға қайталана беретін мемлекеттерде мұндай жайтқа халықтың еті өліп кетеді. Сөйтіп, лаңкестіктің алдын алуға ешкім ұмтылмайды. Бұл бола беретін қалыпты жағдай секілді көрінеді. Міне, біз де осындай қауіпті бір шекке келіп тұрмыз. Терең ойланып, тиімді тактикалық, стратегиялық шаралар қолданбасақ, біз үлкен бір қиындыққа ұшырауымыз мүмкін.
Бұл арада майдан деген жоқ. Анау фашистер, анау біздер дейтіндей…
Ол үшін, біріншіден, құқық қорғау органдарының штатын көбейтіп, солардың жұмысына басымдық береміз бе, әлде жұмыссыз жүрген, әсіресе, ауыл жастарын оқуға тартып, министрлік тарапынан, облыстық әкімшілік тарапынан көптеп грант бөлеміз бе? Осыны ойлап, шешуіміз керек.
Екіншіден, құқыққорғау органдарын техникамен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге ақша бөлеміз бе, әлде парасатқа негізделген, атыс-шабысы жоқ, ұлттық мәдениетімізге байланысты жақсы кинолар шығарамыз ба, драматургияға мән береміз бе, театрлардың тәрбиелік жұмысын көтереміз бе?..
Қай жолды таңдаймыз? Бұл — бір күнде шешілмейтін страгетиялық мәселе. Бұл менің жеке ойым емес, көптеген елдің тәжірибесі. Ол кейін бірте-бірте өз жемісін береді.
Үшіншіден, құқық қорғау органдарының еңбекақысын өсіріп, жағдай жасаймыз ба, әлде ел ішіндегі ашу-ызаны басу үшін, шындап іске кірісеміз бе? Азды-көпті ақшаны үнемдейміз деп, бір пәлеге тап болып жүрмейміз бе?..
Біз қамшылауға, күштеуге басымдық беріп жіберсек, онда елдегі ахуал одан сайын қиындай түседі.
Әрине, құқық саласының жағдайын жасау керек. Қылмыскерлермен күресті күшейту қажет. Бірақ бұл арада тепе-теңдік керек. Егер баланс болмаса, біз полицейлік мемлекетке айналып кетеміз.
Ал біз полицейлік мемлекетке емес, әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуды көксейтін ел едік қой. Біз қиялмен қатарына қосылуға ұмтылған мемлекеттер мәдениетті, өркениетті, оларда лаңкестік әрекетке ешкім бармайды. Оны сырттан келген мигранттар жасайды.
«Іштен шыққан жау жаман», — дейді ғой қазақ.
Біздегі лаңкестік актіге қатысушылар — өз арамыздағы адамдар.
Бұл арада майдан деген жоқ. Анау фашистер, анау біздер дейтіндей.
Сондықтан елімізге әлеуметтік, саяси, рухани жаңару керек.
Халық биліктен осындай бір өзгерісті күтіп отыр. Ендеше, билік соған сай қам жасауы керек деп білемін.