Павлодарда Қанаш Қамзиннің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды  

Өткен сенбі күні Павлодарда Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Үстіміздегі жылы даңқты жерлесіміздің  дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр.

Батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне оның ұрпақтары да қатысты. Қанаш Қамзиннің жиені Павлодарға Екібастұз қаласынан келіп, батырдың есімін жадында сақтаған жерлестеріне алғысын білдірді.

— Менің анам Гүлбарам Қанаш Қамзиннің туған қарындасы, — деді ол. – Олардың отбасында сегіз бала болған. Ата-аналары балаларына сапалы тәрбие берген. Менің нағашымның тағдырына ата-анасының өнегесі әсер етті деп ойлаймын. Ол ұрпақтарының бейбіт өмірі үшін өз жанын құрбан етті. Облысымызда батыр атамызға құрмет көрсетілуі көңіл қуантады.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

— Қазір әрқайсымыз Қанаш Қамзиннің жеңісті жақындату үшін жасаған ерлігінің бағасын сезінеміз, — деді аймақ басшысы. – Оның өмірі жас ұрпақ үшін өнеге болып қала бермек. Қанаш Қамзин Отанға деген сүйіспеншілік пен ерлік өмірдің символына айналды. Біз жерлесіміздің қаһармандығын  мақтан тұтамыз.

Қанаш Қамзин 1919 жылы Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Жолқұдық ауылында дүниеге келді. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Сталинград жаяу әскер училищесінде қысқа мерзімді курстардан өтті. Ол 429 атқыштар полкінде рота командирі болды. Молдавияны азат ету және Днестр өзеніндегі шайқастар кезінде ерлігімен көзге түсті. 1944 жылғы 14 сәуір күні ұрыс кезінде қаза тауып, Молдавияда жерленді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумінің 1944 жылғы 13 қыркүйектегі Жарлығымен Қанаш Қамзинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Әлихан Рахметоллаұлы