Павлодарда Қалмаққырған тарихи шайқасына арналған кітап жарық көрді
Павлодардағы Торайғыров университетінде «Қалмаққырған тауларындағы археологиялық-этнографиялық зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның пленарлық отырысына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты.
Пленарлық отырыстың ашылуында сөз алған аймақ басшысы Болат Бақауов конференцияның өскелең ұрпаққа тарихи сананы сіңірудегі маңыздылығына тоқталып өтті.
– Халқымыздың ежелден келе жатқан тарихы өскелең ұрпаққа зор тағылым мен өнеге береді, Өткеннен сабақ алу арқылы жарқын болашаққа жол ашамыз. Келешек ұрпақтың тәрбиесінде Отанға, тарихқа деген құрмет маңызды орын алады, – деді Болат Бақауов.
Конференцияға орай ұйымдастырылған көрмеде университет ғалымдары құрастырған «Серектас шайқасы» кітабының таныстырылымы өтті. Жинақта тарихшы, этнограф ғалымдардың «Қалмаққырған» тарихи шайқасы туралы мақалалары топтастырылған.
Жинақ авторларының бірі — Е.Бекмаханов атындағы тарих және этнография орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Құдабаев алдағы уақытта кітаптың екінші томы шығатынын жеткізді.
– Жиналған материалдың 30 пайызы ғана осы жинаққа енді. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Қазыналы қазбалар» деп аталады. Мұнда археологиялық зерттеулер топтастырылған. Келесі «Тарихтан тәбәрік», «Баһадүр бабалар», «Аңыз бен ақиқат» бөлімдерінде қазақ-қалмақ шайқастарына байланысты зерттеулер, көнекөз қариялардың естеліктері, өлкетанушылар мен журналист қауымның мақалалары келтірілген. Осы кітап арқылы біз «Қалмаққырған» тарихи оқиғасының қашан, қай жерде болғандығын дәлелдеп, оған қатысқан батырлардың есімдерін жаңғырттық, – дейді Амантай Құдабаев.
Конференцияда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Ирина Ерофеева, Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері Владимир Тепкеев, тарихшы-өлкетанушы Дәурен Аяшинов, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доцент Виктор Мерц, Е.Бекмаханов атындағы тарих және этнография орталығының директоры Амантай Құдабаев сөз сөйлеп, қазақ-қалмақ шайқастарының тарих пен ғылымда алатын орны туралы баяндама жасады.
Әлихан Рахметоллаұлы