Павлодарлық оқушылар жеңіспен оралды

Қарағанды облысы Теміртау қаласында жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша 11 сынып оқушылыры арасындағы Президенттік олимпиада өтті. Шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент күндері мерекесіне орай ұйымдастырылды.  

Биылғы жылғы олимпиада дәстүрлі түрде Елбасымыздың еңбек қызметі басталған металлургтер қаласы – Теміртауда өткізілді.

Президенттік олимпиаданың басты идеясы – жаратылыстану-математикалық ғылымдары бойынша дарынды оқушыларды анықтау мен қолдау, үздіксіз білім беру идеясын жүзеге асыру, қазақстандық зияткерлік элитасын қалыптастыру.
ХII Президенттік олимпиадасының республикалық кезеңінде павлодарлық оқушылар алты жүлделі орынға, төрт «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасына ие болды.
Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушылары Щегляев Андрей, Зелева Кристина және облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының оқушысы Вергилесов Роман I дәрежелі дипломымен марапатталды. Павлодар қаласының № 39 ЖОББМ оқушысы Ильяс Султан ІI дәрежелі дипломға; дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушысы Осипов Василий және Павлодар қаласының № 34 ЖОББМ оқушысы Исадинов Диас ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушысы Клишина Алина, дарынды балаларға арналған № 3 гимназиясының оқушысы Рашитов Ильяс , дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей мектебінің оқушысы Канафина Алия және дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының оқушысы Сембекова Дильназ «Дарын» РҒПО-ның грамотасымен марапатталды.