Павлодарда 13 көшенің аты ауысады

Павлодар қаласындағы 13 көшенің атын ауыстыру жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға қатысқан қалалық мәслихат депутаттары да бірауыздан қолдап, дауыс берді. «Колос» мәдени сауық орталығында өткен қоғамдың тыңдау жиынына халық көп жиналды. Яғни, қоғамдық кеңес мүшелері, қаланың Құрметті азаматтар, ардагерлер, қала тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары, атқарушы орган және БАҚ өкілдері шақырылған. Тыңдау барысында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева көше атауларын өзгерту бойынша түскен ұсыныстарды атап өтті. Оның айтуынша, С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары мен профессорларынан Димитров көшесін – Жүсіпбек Аймауытов, 1 Май – Мәшһүр Жүсіп, Карл Маркс – Әлихан Бөкейхан, Киров – Ермахан Бекмаханов, Короленко – Бұқар жырау, Ж.Аймауытов – Ақжол, М.Ж.Көпеев – Ақбеттау, Бестужев – Шәкәрім Құдайбердиев атауларына ауыстыру туралы ұсыныс түскен. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қанидан Володарский көшесін – Желтоқсан, Большая Обьездная – Жібек жолы деп атау, қалалық зиялы қауым өкілдерінен, «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасынан және Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалыдан Крупская көшесін – Едіге би, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың директорынан Чкалов көшесін – Сағадат Нұрмағамбетов атына беру, облыстық ардагерлер кеңесінен Пахомов көшесін – Қабдеш Нұркин атымен атау туралы ұсыныс түскен. Тыңдау нәтижелерін ескере келе, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 8 депутаты бір ауыздан шешімді қолдап дауыс берді. Айта кетейік, енді Қазақстан заңнамасымен орнатылған мерзімде тиісті құжаттар республикалық ономастикалық комисияның қарауына жіберіледі.

Тілеуберді Сахаба.