Жарқын жоба кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде
«Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасының жемісін бүгінде қара халық көріп отыр. Әсіресе мемлекеттік бұл жоба кәсібін жаңадан ашуға ниетті азаматтарға мол мүмкіндіктерге жол ашуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған Жолдауында келер жылы шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді тапсырғаны белгілі. Бұл орайда әулиеаталықтардың өзгелерден шоқтығы биік тұр.
Олай дейтініміз Жамбыл облысындағы аудандардың өзінде ауқымды істер атқарылуда. Мәселен Қордай ауданында «Бастау Бизнес» жобасы жүзеге асырыла бастаған үш жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер тіктелуде.
Жалпы «Бастау Бизнес» жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдармаласы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама шартына сай ауылдық жерлерде тұратын жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азаматтар жоба қатысушылары бола алады. Олар кәсіпкерлік қасиеттердің бар болуына психологиялық тест өткізіп, арнайы даярланған бизнес-тренерлер өкізетін бір айлық оқыту курсынан өтуі қажет. Әлбетте, бизнесті үйрену мүмкін емес, ол қанда болатын қасиет деп сенімсіздік танытатын адамдар да кездеседі. Сонымен бірге кәсіпкерлік қызметке барлық адамдардың 2 пайызында ғана генетикалық бейімділігі бар деген ғылыми мәліметтер де бар. Дегенмен, жоба түлектерінің айтуынша, аталмыш оқу арқылы олар білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын керегінше үйренген.
Биыл «Бастау Бизнес» жобасын оқыған адам саны да, іске асырылған жобалар саны да жеткілікті. Атап айтсақ, 2017 жылы жоба бойынша 192 адам оқып, оның 106-сы жалпы сомасы 381,54 млн. теңгеге несие алса, 2018 жылы 184 адам оқып, оның 108-і 376,53 млн. теңгеге несие алған. Ал, 2019 жылдың қыркүйегіне 135 адам оқып, 39 адам жалпы сомасы 152 млн. теңгеге несие алған. Оған қоса, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы қызметкерлерінің айтуынша, биыл оқу қысқа дейін жалғасып, әлі 160 адамды оқыту жоспарланған. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек тыңдаушылардың жартысы, атап айтқанда 49,5 пайызы несие алып үлгерген. Ал, жобамен барлық оқығандардың 25 пайызын ғана несиелендіру жоспарланғанын ескерсек, жоба белгіленген межені асыра бағындырды деген тұжырым шығады.
Бұл сөз жоқ, жан жадырататын көрсеткіштер. Сондықтан да біз де өзтарапымыздан жобаның жемісін жұртшылық көре бергей деп тілейміз.
Дедек Төлен