«Жау жоқ деме, жар астында»
яки ЭКСПО елімізге үлкен сынақ болғалы тұр
Дүниежүзілік ЭКСПО-ның бір жарым ғасыр тарихы бар. Келесі жылы ол бізде өткізілмек. Бұрынғы Кеңес Одағының 15 елінен мұндай мәртебеге бірінші болып қол жеткізген Қазақстан ғана. Бұл — әрі жетістік, әрі абыройымызды көтеретін мегажоба.
ЭКСПО-ны өткіземіз деп небір мықты елдер таласты. Бірақ Елбасымыздың жеке абыройы мен биік беделінің арқасында Халықаралық Көрме Бюросының Ассамблеясы Астананы таңдады. Сөйтіп, 18 жыл бұрын ғана салына бастаған елордамыз мың жылдық тарихы бар, осы ЭКСПО-ны өткізген Париж, Лондон, Нью-Йорк, Шанхай, Милан қалаларымен қатарласты. Алайда мың құбылған бүгінгі заманда Қазақ елі үлкен сын үстінде тұр. Себебі қауіп-қатер көп. Әлемде күнде болып жатқан түрлі террористік оқиғалар кімге болсын сабақ. Оның алдын алу, тосқауыл қою — үлкен жұмыс. Осы орайда жасалып жатқан қам-қарекеттерді сөз етпей кетуге болмас. ЭКСПО-ға дайындық барысы, оны талапқа сай өткізу, келген қонақтарға көрсетілетін құрмет те жауапкершілік артуда. Осы ретте Астана қаласында Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтықтәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Жиында халықаралық «EXPO — 2017» көрмесін дайындау және оны өткізу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Кеңес жұмысына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Президент Әкімшілігі, министрліктер мен ведомстволардың, елорда әкімдігінің жауапты лауазымды тұлғалары, сонымен қатар, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Бас прокурор күн тәртібіндегі мәселенің және алдағы іс-шараларға қатысты қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдаудың ерекше маңыздылығына тоқталды. Баяндамасы да осы төңіректе өрбіді. «Астананы таңдау, бұл — Қазақстанға және ең алдымен біздің Президентімізге деген жоғары сенімнің белгісі. Мұндай дәрежедегі іс-шараларды заманауи қауіпқатерлерді ескере отырып жоспарлау қажет. Бұл біздің құқық қорғау жүйеміз үшін маңызды сын болмақ. Қауіпсіздік деңгейінен тек көрменің сәтті өтуі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің имиджі де тәуелді болмақ», — деді Жақып Асанов.
ЭКСПО — жай ғана көрме емес. Оның әрбір қазақстандыққа, бүкіл елімізге беретін пайдасы зор. Бірақ көбіміз оны түсіне бермейтініміз рас. Осыған жауап ретінде ерекше тоқталған Бас прокурор ЭКСПО-ның халқымыз үшін пайдасы орасан зор екенін былайша тәптіштеді: «Біздің сұрауымызбен ЭКСПО «жасыл энергетикаға» арналатын болды. Өйткені мұнай мен газдың дәуірі бір күні бітеді. Сондықтан адамзат басқа энергия көздеріне көше бастады. Қазақстанның климаты осыған өте қолайлы: бізде күн де көп, жел де қатты, ағын су да мол. Оны игерсек, жылу мен жарық арзанға түседі. Дамыған елдер мен компаниялар ең озық инновацияларын Астанаға әкеледі. Бұл технологияларды отандық кәсіпкерлер көреді, біз көреміз, балаларымыз көреді. «Жасыл энергетиканың» перспективасын түсініп, талай жастар қызығып, әсіресе өңірдегілер, осындай бизнеске ұмтылары анық». Осылай деген Бас прокурор көптің көкейіндегі «көптеп салынып жатқан үйлердің келешектегі тағдыры не болар екен» деген күдікті де дөп басты. «ЭКСПО экономиканың басқа да салаларына қан жүгіртпек: қонақүй мен туристiк бизнес, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану, электронды коммерция, қызмет көрсету. Бұл — мыңдаған жұмыс орындары. ЭКСПО біткеннен кейін жаңа ғимараттар қаламыздың сәулеті мен дәулетін арттырады. Астанамыз үлкен қаржы орталығына айналмақ. Тұрғын және қонақүйлер, сауда орталықтары өзімізге қалатын дүние», — деп, кейбір адамдардың көңіліндегі күдік бұлтын сейілткендей болды.
Әсіресе Бас прокурор өз баяндамасында қазір ЭКСПО нысандары жоспарға сай салынып жатқанын баса айтты. Көрмеге 100-ге жуық мемлекет қатысатыны да белгілі болды. Трансұлттық компаниялар да қызығушылық танытып отырғаны, жан-жақтан 5 миллион қонақ келетіні де еске салынды. Сондықтан ең маңыздысы қауіпсіздік шаралары болып тұрғаны аңғарылды. Бұл ең алдымен құқық қорғау органдарына жүктелген міндет екен және бұл жөнінде Президенттің қатаң тапсырмасы бар болып шықты.
ЭКСПО-ҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ КӨҢІЛ КӨНШІТЕ МЕ?
5 жыл бұрын «ЭКСПО — 2017» көрмесін өткізуге таласқан мемлекеттер көп болғаны есімізде. Олардың ішінде Қазақстан ең жас мемлекет еді. Мәреге Бельгия және біз жеттік. Жеңісті неліктен бізге берді? Бұған да Бас прокурор ерекше тоқталып өтті. «Оған себеп: Қазақстанды әлем бірлік пен ұлтаралық келісім орнаған тұрақты, ашық, бейбітсүйгіш ел ретінде біледі. Астананы таңдау, бұл — Қазақстанға және ең алдымен Президентке деген жоғары сенімнің белгісі. «ЭКСПО — 2017»-ге бүкіл әлемнің назары аударылатын болады. Бір жағынан, бұл — үлкен жауапкершілік, екінші жағынан, зор мүмкіндіктер», — деді ол.
Әлемдік ауқымдағы мұндай бұқаралық іс-шараны біз алғаш рет өткізгелі отырғанымыз және ЭКСПО көрмесі 93 күнге жалғасатыны баяндамаға арқау болды. Бұл біздің құқық қорғау жүйеміз үшін салмақты сын болғалы тұрғаны баса айтылды. Қазіргі әлемді алаңдатқан қауіп-қатерлер қауіпсіздіктің сәйкес жүйесін құру қажеттілігіне мәжбүрлеп отырғаны да байқалды.
«Күштік құрылымдардың көрмеге дейін және көрмеден кейін қарқынды жұмыс істеуі қылмыстылық деңгейін төмендетеді және Астананы ең қауіпсіз қалаға айналдырады», — деді Бас прокурор. Сондай-ақ, тұжырымдама мен үкіметтік жоспар әзірленгені де баяндалды. Тағы бір айтатын мәселе, ЭКСПО қарсаңында смарт-технологияларды пайдалану жолға қойылмақ. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы көрінеді. Елорда әкімдігі де қарап қалмайды, «ақылды қала» жүйесін құруға күш салады. Бас прокурордың мына сөзі де ойға қонымды. «Қауіпсіздік бойынша да жаңа IT шешімдер қажет. Мысалы, Лондондағы тәрізді. Онда адам бейнекамераға күніне 300 рет түседі. Ол бойынша жеке адамды оңай анықтауға болады. Адам заң бұзбайды, себебі оның әрбір қимылы бақылауда екенін, жазылып отыратынын біледі. Бұл — мықты профилактика. Лос-Анджелес пен Нью-Йоркта Big Data технологиялары тіпті болашақ қылмыстардың орны мен уақытын болжап отырады. Біз ең озық әлемдік тәжірибені алуымыз қажет».
Қауіпсіздік құралдарының бірі мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі «ЭКСПО — 2017. Сіздің қауіпсіздік жөніндегі анықтамалығыңыз» атты мобильді қосымша да болуы мүмкін. Оның мәні неде? Бұған да нақтылы жауап алынды. Астанаға ұшып келген кез келген шетелдік смартфондағы қосымшасын ашады және барлық ақпарат — ЭКСПО-ға қалай жету керек, объектілер картасы, олардың жұмыс режимі, тікелей желі телефондары, полиция бекеттері мен байланыс ақпараттары, қазақстандық полицейдің фотосы, такси, жедел меджәрдем, шұғыл кері байланыс арнасы және т.б. ақпарат оған алақандағыдай көрінетін болады. Қалтасында мұндай жолкөрсеткіш болса, әрбір адам өз қауіпсіздігіне алаңдамайды. Әрі ыңғайлы.
Бұған қосымша мына мәліметтер алға тартылды. «Мұндай деңгейдегі іс-шаралар орынды шектеулерсіз мүмкін емес. Сочиде митингілер мен демонстрацияларға шектеу қойылған болатын. Қару саудасына тыйым салынды. Басқа қалалардан келетін көліктердің кіруіне жолды жапты. Бізге де осыны ойластыру қажет. Бұл әлемдік тәжірибе және барлық жерде адамдар осыны түсінеді», — деді Жақып Асанов. Осы жиында тағы бір өзекті мәселе көтерілді. Ол — тұрғындарды тарту қажеттігі. Бұл қалай жасалады? Сөйтсек, қоғамдық тәртіптің тек полицияға ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматқа байланысты болатынын ұғындыру, соған көз жеткізу қажет екен. Сонымен бірге кез келген дабыл маңызды, бұл адам өмірін сақтап қалуға, қылмысты тоқтатуға, ұрыны ұстауға мүмкіндік беруі мүмкін.
ТҮЙІН: Қазақта «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген тәмсіл бар. Осы тұрғыдан сараптасақ, Бас прокуратураның жан айқайын, сақтық шараларына деген ыждағаттылығын түсінуге болатындай. ЭКСПО — әлемдік көрме. Оған шақырылатын қонақтар саны да 5 млн-нан асатыны болжанып отыр. Демек, көптің ішінде аласы мен құласы, жақсысы мен жаманы жүретіні белгілі. Ел мерейін асқақтатар әлем көз тіккен көрменің тыныш өтуі Қазақстан үшін, оның тұрғындарының ынтымағы үшін үлкен сынақ. «Көп түкірсе — көл» дейді бабалар даналығы. Ендеше, ЭКСПО қарсаңында тыныштықтың сақталуына, әр іс-қимылға жіті болуға азаматтардың бәрі мүдделі.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК