«Ауыл – ел бесігі» ауылдарды ажарландыруда
Ауыл – ел бесігі бағдарламасы» талай елді мекеннің еңсесін көтеріп, ауыл халқының әлеуметтік ахуалына оң әсерін тигізуде. Мәселен, Железин ауданы орталығында бос тұрған ескі ғимаратқа осы жоба аясында қайта реконструкция жасалып, «Шабыт» шығармашылық және жастар орталығы құрылды. Аталған су жаңа ғимарат ішіне жақында өнер мектебі, жастар бастамаларын дамыту орталығы, коворкинг орталығы және ардагерлер кеңесі қоныстанатын болады.
«Шабыт» шығармашылық және жастар орталығының ашылуы железиндік жас өнерпаздардың шабытына шабыт қосар жақсы жаңалық болды. Олай дейтініміз, он жылдан бері №1 мектептің «босағасында отырған» аудандағы жалғыз өнер мектебі жеке баспаналы болып жатыр. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Анар Бәденованың сөзінше, аталған өнер мектебінде бұған дейін 300-дей бала тәрбиеленсе, енді жаңа ғимаратқа көшкеннің арқасында мекеменің оқыту қуаттылығы еке есеге дейін артып отыр.
— Железин ауданында 29 мектеп бар. Оның 13 жалпы орта мектеп, 16-сы негізгі мектеп. Осы білім беру мекемелерінде 2138 бала білім алады. Сонымен қатар, аудан орталығында балалардың шығармашылығын шыңдайтын өнер мектебі жұмыс істейді. Өнер мектебі бұған дейін 300-ден астам баланы домбыра, фортепиано, гитара, баян, саксофон, вокал, би, хор, декоративті-қолданбалы өнер, театр өнері үйірмелері бойынша дайындап келген болатын. Енді міне жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін қосымша роботтехника және латын әліпбиін үйрететін сыныптар ашылады. Сонымен қоса, дыбыс жазу студиясын құрамыз. Қазір өнер мектебіне келіп өнерлерін дамытуға жазылған балалар саны екі есеге артып, 700 ге жетті, — дейді Анар Бәденова.
Тілеуберді Сахаба.