Сәулетті мазар салғанша, садақа бер!

Халық болған соң, өлім-жітімсіз болмасы анық. Келмеске сапарлап бара жатқан адамның денесі жер қойнауына тапсырылғанға дейінгі барлық рәсімдерді қолдан келгенше атқарамыз. Осы тұрғыда біз мойындауға тиіс бір ақиқат бар. Ол — қазақтың діні мен тіні (рухы, болмысы) әркез әруақ сыйлау арқылы сақталып келгендігі. Жалпы, осы жерде «әруақ» ұғымы өлілер үшін емес, тірілер үшін қажет. Әруақты сыйлауға о дүниелік болғандар емес, оның артында қалған тірілер мұқтаж.

Әркімнің әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, әрі ар алдында таза болуы да өте маңызды мәселенің бірі болмақ. Өліге бағыштап құран оқытып, садақа берудің, марқұмның игі жақсы істерін еске алып, оның соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың бәрінде де, адамның адами кісілігі көпшіліктің сын таразысына түсетін сындарлы сәттердің бірі де осы. Адамдардың бауыр мен бауырды, туыс пен туысты жақындататын, парыз бен қарыз сезімі де дәл осынау сәттерде артығырақ сезілетіндігі сөзсіз. Сондықтан да біз әруақ сыйлаудың осындай берекетін естен шығармауымыз керек-ақ. Алайда мәселе мұнда емес, одан кейінгі әрекетімізде болып отыр. Қазір елімізде төбесі көкке тіреген, зәулім-зәулім мазарларды көріп, еріксіз таң қаласың! Тіпті, небір қымбат мрамор тастармен қашалып, хан сарайындай соғылған бейіттерді көріп, еріксіз жағаңды ұстайсың. «Өлі разы болмай, тірі байымас» дегендей, өлілерге құрмет көрсетуіміз, әрине, дұрыс.

Бірақ соңғы жылдары елімізде қабір басына күмбездеп үй салу, оны мейлінше әшекейлеп қоршау, сурет салып, тіпті мүсінін жасату сияқты әрекеттер бәсекелестікке айналды. Бұл мүлдем дұрыс емес! Адамзат негізі топырақтан жаралған. Марқұмдарымыздың да бақилықтағы отаны топырақ болып саналмақ. Қалталы азаматтарымыздың марқұм жақындарына құрмет көрсетіп, зәулім қабір салдырып, құрмет көрсеткендеріне ешкімнің таласы жоқ. Алайда мазар тұрғызу мәселесі мұсылмандыққа сай болуы шарт. Мазар дегеніміз қаза болған адамның қабіріне тұрғызылатын сəулет ескерткіші екенін баршамыз білеміз. Қазақ жерінде мазар тұрғызу дəстүрі ежелгі көшпелілер дəуірінен бастау алғаны белгілі. Алайда Имам Мәліктің шәкірті Ибн Әбдулхакәм: «Қабір басына мазар тұрғызуды өсиет еткен адамның өсиеті жүрмейді», — деген. Ал қабір — бұл дүниеден өткен марқұмдардың уақытша мекені. Ханафи мазһабы бойынша, қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, өлген адамның атыжөні, туылған, дүниеден өткен жылы жазылса жеткілікті. Ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға шариғат қарсы емес делінген.

Имам Әбу Ханифа негізін қалаған ханафи мазхабы ғалымдарының пәтуасы бойынша қабірді кіндіктен жоғары етіп қоршауға, белгі қойып, жазу жазуға рұқсат етіледі. Ал күмбезді құрылыс салуға ханафи ғалымдары тыйым салмаған, бірақ оны «тахриман мәкруһ» (харамға жақын) санатына қосқан. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетіне көз салсақ, айтылған қағидалардан алшақ кетпегенін, шариғатқа шалыс емес, салт-санаға тиімді тұстарын екшеп пайдаланғанын байқаймыз. Дін дүниесінде даңқы шыққан рухани ұстаздарының қабіріне ғана еңселі ғимарат орнатқан ата-бабаларымыз, тіпті ел бастаған көсемі мен сөз бастаған шешенінің зиратын да сән-салтанатсыз, қоңырқай ғана күмбезбен қоршаған. Көпшілік қабірлер аяқ асты болмау үшін төбесі ашық төрт құлақ бейіт ретінде соғылған. Қазір де ел ішіндегі есті азаматтар бақилық болған жақындарына төрт құлақ бейіт тұрғызумен шектелуді жөн санайды. Шариғатта өлген адамға құрмет қылып, қабірді мал мен жанжануар кірмейтіндей етіп қоршап қоюға тыйым жоқ. Ол дегеніңіз сарай тұрғызу емес, адамның беліне жетпейтіндей жеңіл қоршау тұрғызу. Ал бейітті хан сарайындай етіп сәулеттендіруден марқұмға келер еш сауап жоқ. Одан да басына құран оқып, сол кісінің атынан садақа берсе, құба-құп. Мұндай зәулім бейіт тұрғызу ысырапшылық.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы қайтыс болса, оның істеген сауап амалдары тоқтайды, бірақ үш нәрсе тоқтамайды. Садақа жария (жақсы іс), перзентінің оған жасаған дұғасы және пайдалы ілімі», — деген екен. Ал осы тұрғыда белгілі дінтанушы Хасан Ташайұлы былай дейді: — Жалпы, бұл даурықтыратындай дауасыз дерт емес, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен, имамдарымыздың уағыз-насихатымен орны толатын олқылық. Ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, жат идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірденбір күш — біздің қазақы мұсылмандығымыз. Біз ең алдымен мың жылдық мұсылмандық тәжірибемізді орнымен игеріп алуға тиіспіз. Халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат идеологияға тосқауыл қоюға болады. Осы бағыттағы насихат жұмыстары мемлекеттік дін саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуға тиіс. Мазарларды бүгінгідей ескерткішке айналдырып, сол арқылы өзінің марқұм болған жақындарын ел алдында асқақтату, олардың өлі мүрдесін жоғары көтерудің тіріге де, марқұмға да пайдасы жоқ.

Керісінше, осындай мазар құрылыстарына жұмсалған қаражатты түрлі қайырымды шараларға: кембағал, міскін адамдарға көмек беруге, жетім-жесірлерге, мүгедектерге, кедей оқушылар мен студенттерге жәрдемақы есебінде беретін болса, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді, — дейді. Міне, қандай тамаша пікір! Шынымен де солай екендігін адамдар ой саналарында таразылап, өздерінің білместіктен қате қадамдарға барып жатқандығын білсе екен дейміз. Есті адам мұндай күнәлі істі біле тұра жасамасы анық. Ал мән-жәйды тереңірек түсініп білген соң, тәубаға келуі керек-ті деп ойлаймын.

Бағдал АҚЫНҰЛЫ

ҚР Журналистер одағының мүшесі