Павлодарда «Парасатты жастар» штабы ашылды
Жастар бастамаларын дамыту орталығының бірінші қабатында «Парасатты жастар» штабы ашылды. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардақ Балғожин аталмыш штаб елімізде тұңғыш рет «Ертіс — адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырылып отырғанын айтады.
— Мұндай ой белсенді жастар тарапынан ұсынылған болатын, — дейді Ардақ Балғожин. — Бүгін штабтың тұсау кесерінде TEDx алаңы ұйымдастырылады. Жастар — біздің болашағымыз. Сондықтан қоғамның белсенді буынына көп үміт артылады. Олардың саналы ұрпақ болып өсуіне бүгінгі беретін тәрбиенің маңызы зор. Ал, осының барлығы мемлекеттің дамуына да әсер етеді. Өз ісіне адал азаматтардан құрылған қоғамда қандай да бір заңға қайшы әрекеттер жасалмайды.
Жастарға түрлі кеңес беру және жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар өткізуге бағытталған штабтың жетекшісі — Ернар Балтабаев. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен мектептердегі «Саналы ұрпақ» және «Адал ұрпақ» клубтарының көшбасшылары кіреді. Орталықта жеке кәсіппен айналысатын 1114 адам тіркелген.
— TEDx алаңында кәсіпкерлік саласына қатысты тақырыптар қозғалады, — дейді жастарға қызмет көрсету орталығының жетекшісі Бауыржан Жансейітов. – Мұндағы басты мақсат — жастар кәсіпкерлігін қолдау шараларын түсіндіру, қолайлы жағдай жасауға жәрдемдесу. Шараға 18-29 жастағы 100-ден аса адам келді. Владимир Вовчук пен Александр Гаглоев сынды жас кәсіпкерлер жарнама және маркетинг тақырыбында тренинг өткізеді. Біздің орталық әрі қарай да кәсіпкерлерді қолдайды. Мысалы, Made in Pavlodar жобасы аясында шеберлердің жасаған дүниелерін әлеуметтік желілер арқылы саудалауға көмектесеміз және түрлі қайырымдылық акцияларға атсалысамыз.
Шараға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, ERTIS бизнес қауымдастығы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері мен бизнес-тренерлер қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ «Жас кәсіпкер» және «Жас шебер» жобалары бойынша оқыған түлектер мен өз ісін енді бастаған кәсіпкерлер шақырылды.
Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды