«Терроризммен күресте халықпен біргеміз»

Бүгінгі күні елімізде халықтың терроризмге қарсы сауатын жақсарту туралы нақты іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті.  Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары терроризмге қарсы күрес шараларын күшейтті. Осы орайда біз Алматы облысының прокуроры Ғабит Төреұлы Миразовпен кездесіп, аймақтағы атқарылып жатқан  жұмыстардың  нәтижесі туралы әңгімелеп беруін сұрадық. 

Қарапайым халықтың үлесі зор

Алматы облысының прокуратурасы терроризм мен экстремизмге қарсы күресті нығайту мақсатында 2015 жылы 17 тексеру жүргізіп, 180 заңбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде 21 заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, түрлі жауапкершілікке 45 адам тартылып, бір нормативтік құқықтық бағыттағы актінің күші жойылды. 5 заң тұрғысында түсініктеме және 16 ескертулер берілді.

Прокурордың наразылығы бойынша облыстық дін істері жөніндегі басқарма өткізген  4 млн. теңгенің байқау нәтижесі,  сонымен бірге облыстық ішкі істер департаментінің арттехникалық қаруландыру жөніндегі 800 млн. теңгенің байқау құжаттарының заңға қайшы болғандықтан күші жойылды.

Облыс прокуратурасының ғаламтор жүйесінде жарияланған діни мазмұндағы 9 ақпараттық  материалдарды тоқтату туралы жолданған хаты Бас прокуратура тарапынан қолдау тапты. Прокуратураның заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынысы бойынша облыстың дін істері жөніндегі басқармасының 7 қызметкері, оның ішінде басшысы да тәртіптік жазаға тартылды. Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының терроризм мен экстремизмге қарсы күресте атқарып жатқан іс-шараларына облыс тұрғындарының өзінше үлес қосып отырғандарын айта кеткен жөн. 

Жастар адасып кетпесін десек…

Жалпы, қоғамда терроризм мен экстремизмге қарсы жағымсыз көзқарас қалыптастырудың маңызы өте зор. Бізде көп жағдайда жастардың саяси сауаттылығын арттыру тек ғаламтор жүйесіндегі ақпараттармен ғана шектеліп жатады. Дегенмен сөздің емес, істің  нәтижесінің  жоғары екендігі белгілі.

Еліміздегі халықтың басым көпшілігі террористік қауіп жоқтың қасы деп есептеп келді. Алайда соңғы уақытта Ақтөбеде орын алған  лаңкестік оқиға кімді болсын ойландырғаны анық. Қазақта «жау жоқ деме, жар астында» деген  нақыл бар.  Біздің елдің  тыныштығы мен тұрақтылығына  көлеңке түсіргісі келетін  жат пиғылды адамдардың да бар екеніне көзіміз жетті. 

 Жуырда Талдықорғанда өткізілген  заңдылықты қамтамасыз ету, қылмыс пен  тәртіп бұзушылықтың  алдын алу  туралы  үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында   «Діни  экстремизм мен терроризмге  қарсы күрестің 2013-2017 жылдарға арналған  мемлекеттік Бағдарламасының» жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен орындалуын  прокурорлық  тексеру  барысында анықталған  кемшіліктер қаралды.  Облыстың кейбір аудандарында құрылған  терроризмге қарсы  комиссиялардың белгіленген іс-шаралары қағаз жүзінде қалған. Әлі күнге дейін жергілікті  мемлекеттік органдар бұл маңызды іске тиісті деңгейде назар аудармай отырғаны белгілі болды.

 Қазіргідей күрделі кезеңде елдің қауіпсіздігін назардан тыс қалдыруға әсте болмайды. Лаңкестіктің алдын алуға жұртшылықты жұмылдыру — басты міндеттердің бірі.  Тиісті органдардың ықпалымен барлық кинотеатрларда, білім мекемелерінде «Экстремизм — ғаламтор кеңістігінде» деген атаумен бейнетаспа түсіріліп, көрсетілуде.  Өткен  мерзімде облыс жастарымен және Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенттерімен семинарлар өткізілді. Онда «Терроризм мен діни экстремизм адамзатқа қауіп төндіреді» деген тақырып бойынша күрделі мәселелер қозғалды. Бұл семинарларға Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарының  600-ден астам  студенттері мен жастары қатысты. Оларға «Қияның шетінде» және «Үзілген үміт» бейнетаспалары көрсетілді. Мұндай бейнетаспалардың көшірмесі барлық аудандарға таратылып, жастарды діни экстремизм ықпалынан сақтандыру жұмыстары одан әрі де жалғасуда.

Біздің жастарымыз өте еліктегіш. Араб елдерінен келген хиджабты біздің қазақ әйелдері бұрын-соңды кимеген. Одан да басқа шеттен келген оғаш дәстүрлерге мойынсұнып жүрген қыз-жігіттеріміз баршылық. Олардың дүниетанымын, ақиқатқа деген көзқарастарын көп жағдайда ғаламтор жүйесіндегі біздің әдет-ғұрпымызға қайшы келетін сайттар қалыптастыруға әрекет етіп отыр. Осындай біз үшін жат ықпалды күштердің алдында кейбір жастарымыз әлсіздік танытады. Бұған жол бермеудің амалдары — ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанған салт-дәстүрлерін, діни тәлім-тәрбиелерін, елі мен жері үшін көрсеткен   батырлықтары мен ерліктерін дәріптейтін іс-шараларды бүгінгі күннің тыныс-тіршілігімен ұштастырып өткізудің мәні өте зор. Қазіргі жастарымыздың басым бөлігі отансүйгіштік, патриоттық, рухани және психологиялық тұрғыда салауатты жандар болғандықтан, оларға идеяны дұрыс таңдауға көмектесуде рухани тұлға болуға лайықты, өмір сабақтарын бере алатын сыйлы  адамдардың  үлесі де аз болмауға тиіс. Жастарды діни экстремизм ықпалынан сақтандыру, дұрыс жолдан адастырмау бағытындағы жүйелі жұмыс бір сәтте толастамауы тиіс.

Кемшілікке  кеңшілік   болмайды      

Өткен   мерзімде  Еңбекшіқазақ ауданында  Алматы облысының үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өткізілді. Онда  мемлекеттік өкілетті органдардың өңірдегі ұлтаралық татулықты сақтау жөніндегі жүзеге асырылған іс-шаралар жөніндегі мәселе қаралды.  Бұл кеңес отырысында жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы жіберілген біраз кемшіліктер анықталды.

Сонымен қатар, Дін істері туралы мәселеге қатысты қабылданған  жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың актілеріне үнемі талдау жүргізілуде. Талдау нәтижесінде бұрын облыстың небәрі 3 сауда үйінде және 2 дүкенінде ғана дін жөніндегі әдебиеттер сатылып келген. Облыс прокуратурасының араласуымен, арнайы облыс әкімдігінің қаулысымен дін туралы әдебиеттерді сататын сауда орындарының саны 5-тен 20-ға дейін  ұлғайтылды. Бұл рұқсат етілген діни әдебиеттермен танысқысы келетін жастар үшін өте қолайлы.

Бүгінгі күні өңірде террористердің назарына жиі түсетін нысандардың күзетін күшейтуге айрықша көңіл бөлініп отыр. Қолданыста жүрген «Терроризмге қарсы тұру туралы» Заңның 10 тармағының 1-2-3 баптарына сәйкес, меншік түріне қарамай, маңызды нысандардың басшылары оның күзетілуін, қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті. Олардың қауіпсіздігін сақтау іс-шаралары мүлтіксіз орындалуға тиіс. Осы талаптардың орындалуы жергілікті өкілетті  органдармен бірлесіп жүргізілуде.

Күмәнді кітаптарға тосқауыл қойылады

Арандатушылық пиғылды көздейтін шет жақтан  заңсыз әкелінген діни кітаптарға тосқауыл қойып, таратуға тыйым салу шаралары жүзеге асырылуда.  Өткен 2015 жылы облысымызда діни кітаптарды таратудың үш фактісі тіркелді. Ол Іле, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында орын алды. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласындағы «Еркен»  базарында М.Джакенов деген азамат діни кітаптар таратумен  айналысқан. Ал діни кітаптарды немесе басқа да діни мазмұндағы әдебиеттерді  сату  Алматы облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілгендей тек Есік қаласы мен Шелек селосындағы дүкендерге рұқсат берілген. Осындай заңбұзушылық әрекеті үшін Еңбекшіқазақ ауданы сотының шешімімен М.Джакеновқа 50 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Осындай  жаза  рұқсат етілмеген жерде діни әдебиеттерді таратқан Т.Хожабергеноваға да  қолданылды.

Қылмыс 51-ге жеткен

«Бізде бәрі тыныш» деп жағаны жайлауға жіберуге  болмайды. Экстремизм мен терроризм фактілері бойынша бір жүйелік реестрде 51 сотқа дейінгі қосымша тергелетін істер тіркелген.  Олар ҚР-ның Қылмыстық кодекстің  әртүрлі баптарымен айыпталуда. Оның ішінде 7 қылмыстық іс бойынша 4 адамға айыптау үкімі шығарылды. Қалғандары тергелу барысында. Мысалы, Р.Арабов деген азамат Қарасай ауданының «Бакир» және «Жандос» деген ауылдарының тұрғындары алдында ұлтараздық, дінараздық тудыратын сөздер айтып, дінге  қарым-қатынастары  жөнінде өзінің кереғар пікірлерін насихаттаған. 2015 жылдың 31 наурыздағы  Қарасай  ауданының сот шешімімен Р.Арабов  қылмыстық Кодекстің  174 бабының 1 бөлігі  (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық  ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды  еместігін  насихаттау,  егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты  насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де  ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату) бойынша қылмыс  жасады  деп  айыпталып,  4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұдан былай да облыстық прокуратура жергілікті атқарушы  және  құқық қорғау органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп,  Ата Заңымызға қайшы келетін  кез келген   лаңкестік  іс-әрекеттерді, терроризм мен экстремизмнің белгілерін  анықтап,  қылмысқа  барған адамдарды  заң  жүзінде жауапқа тартуды  жүзеге асырады.

 Нұрила БЕКТЕМІРОВА