Павлодарлық кардиоорталықта операциялардың барлық түрін жасау жалғасады  

Облыстық кардиоорталықты №3 қалалық емханамен біріктіру медиктер жүргізетін оталардың саны мен сапасына әсер етпейді. Бұл туралы Павлодар облысының деснаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Ардақ Күзеков медициналық ұйымдарды қайта құруға байланысты ұйымдастырылған арнайы баспасөз конференциясында айтты.

Еске сала кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы кардиорталық пен №3 қалалық емхананы біріктіру туралы шешім қабылдаған еді. Біріншіден, бұл заңнама талабы – стационарлық және оны алмастыратын, кеңес беру-диагоностикалық көмек қызметтерін бір ұйымға біріктіріп, көп бейінді орталықтар құру туралы Үкімет қаулысы мен Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығы бар. Екіншіден, бұл қайта құру ми тамырларының ауруларына шалдыққан науқастарға медициналық қызмет көрсету үшін қажет.

— Павлодар облысында инсульттен қайтыс болу көрсеткіші өсіп келеді, — деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. – Осы жылдың 9 айының көрсеткіші бойынша инсульттен 440 адам қайтыс болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10-15%-ке артық. Үш инсульт орталығы құрылды. Олардың біреуі №3 қалалық емхананың базасында орналасқан, алайда, ол жерде заманауи магниттік-резонансты томограф, кардиограф, УДЗ аппараттары жетіспейді. Ал, бұл материалдық-техникалық база кардиорталықта бар. Сондықтан, инсульт орталығын кардиорталыққа ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл шешімнің арқасында кардиохирургиялық орталық пен инсульт орталығы, өткір жүрек аурулары мен созылмалы жүрек патологиясы бар науқастарға арналған кардиологиялық емханадан, жүрек-қан тамырлар патологиясы бар науқастарға арналған сауықтыру орталығынан тұратын жүрек-қан тамырлар кластері құрылады.

Өкінішке қарай, кардиорталықтың ұжымының бір бөлігі мұндай біріктіруге қарсы болды. Қайта құрудың қарсыластарының басты аргументі орталық өзінің жоғары мәртебесінен айырылып, хирургтер жүрекке күрделі оталар жасай алмайды дегенге сайып отыр.  Ардақ Күзеков бұған жол берілмейтінін айтты.

— Оталарды өткізу деңгейі кадрлардың біліктілігі мен материалдық базаға тәуелді және кардиорталықтың жеке жұмыс істеуі немесе қалалық емхананың құрамында болуына байланысты емес, — деді ол. – Кардиохирургиялық көмек сияқты жоғары технологиялық медициналық қызметтер барлық деңгейде өткізіледі. Орталық біріккен соң тек жеңіл оталар жасалады деген сөз болмауы керек. Кардиорталықта бұған дейін көрсетілген оталар алдағы уақытта да жасалатын болады.

Қазіргі кезде 360 миллион теңге кредиторлық қарызы бар кардиорталықты қаржыландыру деңгейі де сол күйінде қалады. Медициналық мекеменің штат кестесі де өзгермейді. Тек қана, орталық басшысының лауазымы қысқарады. Лауазымы қысқаратын әкімшілік қызметкерлері жұмысқа орналастырылады. Бұған дейін жасалған ұжымдық шарттар біріктіруден кейін де орындалатын болады.

— Екі мекеменің заңды мәртебесінен бөлек ештеңе ауыспайды, — деп қорытындылады облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а.  – Яғни бұрын екі заңды тұлға болса, олар бір мекемеге бірігеді. Осылайша, облыстық ана мен сәби орталығы №1 қалалық емхананың ірі құрылымдық бөлшегіне айналды, ал, перинаталдық орталық, жұқпалы аурулар мен тері аурулары қызметтері Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың құрамына енгізілді.

 

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы