Нағашы ағасына іздеу салуда
Ұлы Отан соғыс жылдары қаншама қазақ отбасы орны толмас қайғы-қасіретке душар болды. Алладан тілеп алған жалғыз перзентінің өзін майданға аттандырып, соңында аңырап қалғандар көп еді. Ал ел басына күн туған шақта қолдарына қару алып қиырға аттанған ерлердің жартысы елге оралған жоқ. Майданнан хабарсыз кеткен жерлестеріміздің бірі – Павлодар облысы Ертіс ауданының тумасы Шарапиден Биғазин. Ол да бір шаңырақтың жалғыз ұлы болатын. Батырдың жиендерінің бүгіндегі арманы нағашысының жерленген жерін анықтап, бір уыс топырақ салу.
Шарапиден Биғазин Ертіс ауданына қарасты И.Байзақов (бұрынғы Қызыл жұлдыз) ауылында 1924 жылы дүниеге келген. Әскерге 1942 жылдың желтоқсан айының аяғына қарай аттаныпты. Алдымен Өзбекстанның Ферғана қаласына табан тіреп, сонда алты ай әскери оқу-жаттығуда болады. Содан кейін 1943 жылдың мамыр-маусым айларында Ленинград майданына жіберілген. Батырдың ең соңғы хаты осы жаққа жүрер алдында ғана келіп, одан кейін үшті-күйлі жоғалған. Үйіне жазған ең соңғы сәлемінде: «Мен Ленинград соғысына кетіп барамын. Енді маған хат жазбаңыздар. Өзім хабарласамын» деп жазыпты. Бірақ, содан кейін ата-анасы мен туыс-туғандары қанша күткенімен, бір хабар ала алмаған. Жақында газет редакциясына Павлодар қаласының тұрғындары Келден және Роза Бабашайықовтар келіп, қолдарындағы құжаттармен таныстырды. Әңгіме барысында білгеніміз, Роза Қалқаманқызы сол Биғазин Шарапиденнің туған жиені болып келеді екен, яғни, анасының туған ағасы. Бүгінде батырдың соңындағы жалғыз іздеушісі де, жоқтаушысы да — осы кісілер. Шарапиденнің анасы дүниеден өтер алдында ұрпақтарына «тым болмағанда жерленген жерін тауып, бір белгі орнатсаңдар!» деген аманат қалдырған. Міне, содан бері бұл кісілер нағашы ағасы туралы бір мәлімет табылар деген ниетпен талай жерге хат жазып, іздеу салған. Бірақ одан еш нәтиже шықпапты. Соғыс аяқталған жылдары Ертіс өңіріне белгілі журналист Құлан Мәненбаев есімді азамат Мәскеудің құзырлы органдарына бірнеше рет іздестіру хатын жолдаған. Солардың біріне: «Осындай ер жүрек ұл тәрбиелеп өсірген ата-анасына алғыс білдіреміз. Ол Отан үшін жанын берді. Бірақ қашан және қайда қайтыс болғаны әлі хабарсыз» деген жауап келген.
— Мен өзім 1959 жылы туғанмын. Шарапиден Биғазин — менің анамның жалғыз ағасы. Бала кезімде нағашы әжемнің үйінде көп жүргендіктен, ұлы туралы көп әңгіме естідім. Мен ол кісіні көрмесем де, әжемнің айтуымен қандай адам екенін көз алдыма елестетемін. Әжеміздің сипаттауы бойынша, алып тұлғалы, еңгезердей адам болыпты. Міне, әскер сапына 18 жасқа толар-толмастан ерте шақырылып кетуінің бір себебі де сол, — дейді батырдың жиені Роза Қалқаманқызы.
Соғыс аяқталып, ата-ана баласымен, балалар әкесімен қауышып, дүние дүр сілкініп жатқанда да бұл шаңыраққа сәуле түскен жоқ. Есесіне, сол жылдары «Шарапиден Биғазин хабарсыз кеткендердің қатарында» деген суық хабар келеді. Дегенмен, бұл қаза болды деген сөз емес. Сондықтан, анасы мен туыстары бір хабар болар деп көп үміттенді, келіп қалар деп қарайлады. Өкінішке қарай, бұл армандары орындалмады…
Батырдың майданнан жазған хаттарының көшірмелері әлі күнге дейін сақталған. Онда оқу-жаттығу болған жердің мекен-жайлары және осы жақтан бірге барған азамат-тардың аты-жөндері жазылған. Ал соғысқа Ертіс ауданынан аттанып, елге аман оралған Жуков есімді азамат Шарапиден Биғазинмен оқу-жаттығуда бірге болғанын және майданға аттандырғанда басқа эшелонға отырып, көз жазып қалғанын айтыпты.
— Ана үшін баласын жоғалтудан артық қасірет жоқ ғой. Нағашы әжеміз — осы қасіретті бастан өткізген жан. Перзентіне деген сағыныштан өмір бойы сарғайып, зарығып өтті. Жасаураған жанарында бір үміт тұратын. Соғыстан кейін қанша жыл өтіп кетсе де күдері үзілген жоқ. Өмірінің соңғы сәтіне дейін күтумен болды. Егер, «осындай уақытта осындай жерде қаза болды» деген бір дерек келсе, дәл бұлай күтпес пе еді?! Тіпті, ауыр жарақаттан мүгедек болып оралса да, көнер едім деп отыратын. Ұлынан келген хаттарды өз қолында өмірден өткенше сары майдай сақтады. Арасында ашып бір қарап қояды, бірақ оқуға көзі жетпейді. Содан кейін мені қасына шақырып, хаттарды бір-бір оқытып шығады. Меніңше, сағынышын сол хаттарды қайталап оқыту арқылы сейілтеді. Өмірден өтер алдында «Хаттарды қабірімнің басына көміп тастаңдар» деген өсиетін айтты. Біз аманатына қиянат жасай алған жоқпыз. Хаттардың көшірмесін істеп алдық та, түпнұсқаларын әжеміздің басына көмдік, — дейді Роза апай.
Туыстарының ендігі арманы – батырдың жерленген жерін анықтап, басына бір уыс топырақ салу. Жақында Павлодар облысындағы «Майдан жолы» іздестіру жасағының жетекшісі Александар Шитовке хат жазып, көмек сұраған. Олар да қолдан келер көмегімізді аямаймыз деп отыр. Яғни, соғыста хабарсыз кеткен қазақстандықтарды іздеу барысында назарда ұстайтынын айтқан. Қос қарияның ендігі үміті — «Майдан жолында».
Тілеуберді САХАБА