Павлодар облысының Успен ауданында республикалық дәстүрлі әншілер мен жыршылар фестивалі өтті

 

Осы апта Ертіс-Баян аймағының аспанында ән әуелеп, күй күмбірледі. Қазақтың қара домбырасының шанағынан жыр шалқып, терме төгілді. Анығырақ айтар болсақ, өткен сәрсенбі күні Успен ауданының мәдениет үйінде «Ән мен жырдан ақ шашу» деп аталатын дәстүрлі әншілер фестивалі ұйымдастырылды. Бұл сол өңірдің халқы үшін бұрын соңды болмаған тарихи сәт еді. 

Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров: Қазақтың әні өлсе — жаны өледі, әдебиеті жесір қалады. Жаны өлген адам ағаш сияқты болады, ағашты отқа жағады. Қазақты отқа жаққыларың келмесе әнді сақтаудың қамын жасаңдар. Деген ғой. Міне, бүгінгі харекетімізді де сол қазақтың дәстүрлі әнін жоғалтаудың қамы деп білген дұрыс болар.

Дәстүрлі ән мен жыр кеші ел Тәуелсіздігінің биылғы 28 жылдығы мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының құрметіне арналды. Ұлттық өнер ұлықталған үлкен жиынды ұйымдастырушылар Алтай мен Атырау, Арқы мен Алатау арасындағы аттары көпке мәшһүр болған дәстүрлі әншілер мен жыршы термешілерді ат шалдырып алдырыпты. Мұндай ауқымды өнер мейрамын қолдаушыларсыз қолға алу, жанашырларсыз жағаға жеткізу мүмкін емес, әрине. Сондықтан, осынау үлкен шараның басында облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Ернұр Дәуенов және Успен ауданының әкімі Николай Дичко сынды өнержанашырлары тұрғанын атап өту қажет.

«Ән мен жырдан ақ шашу» деп аталған дәстүрлі ән-жыр фестивалін Успен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медет Тауасқан жүргізді. Концерттің ұйымдастырылу форматы да, өнерпаздарды сахнаға шақыру сценарийі де бұрынғыдан мүлдем өзгеше. Яғни, барлық әншілер мен жыршылар сахна төріне тігілген кигіз үйдің ішінде дөңеленіп, отырды да бірден бірден ортаға шығып өнерлерін көрсетті. Бір көрген адамға бұрынғы сал-серілердің сән-салтанаты мен ойын-сауық кештерін көзалдымызға әкелгендей болды.

— Мұндай республикалық ән, жыр фестивалі негізі Қызылорда өңірінде басталған болатын. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында және Маңғыстау, Алматы облыстарында болды. Біз сол эстафетаны жалғастырып, еліміздің ең ұлық мейрамы Тәуелсіздік тойының және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырып отырмыз.  Осындай ауқымды ән, жыр мерекесінің өтуіне атсалысқан барша азаматқа алғыс білдіремін. Соның ішінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Ернұр Нұрланұлына және Железин, Тереңкөл, Аққулы, Шарбақты аудандарының әкімдеріне зор ризашылық білдіремін, — деді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медет Алпысбайұлы.

Сахна шымылдығы жергілікті жас ақын, термеші Жігер Бөкеннің арнау өлеңімен ашылды. Одан кейінгі кезекте Павлодар өңірінің дәстүрлі әншісі Ербол Айтбаев; әнші, термеші Салтанат Қисатова, Сыр өңірінен келген жыршы Марат Сүгірбай, Халқаралық жыршы-термешілер байқауының лауреаты, тағы сол Сыр өңірінің бұлбұлы Күнсұлу Түрікпен, Маңғыстаулық Оспан Құлсымақ, Алматыдан келген жыршы Сәбит Дабыл, Жетісудың Жас термешісі Шаттық Уатқан, Көкшетау қаласынан келген Назира Бейсенова, баянауылдық жас нерпаз Азамат Базарбай,  ауданымыз мәдениет үйінің әншілері — Бөкен Жігер, Ербақ Құрметжан, Жалын Құнанбай сынды әншілер кезек-кезекпен ортаға шығып, ән шырқады.

— Ұлттың мәдениеті мен бет бейнесі, жаны мен табиғаты дәстүрлі әнінде жатыр. Әніміз бен жырымызды сақтағанымыз барша құндылығымызды сақтаймыз. Бүгінгі шара болашақта да жалғасын тауып, дәстүрге айналса. Яғни, науқаншылықпен емес жүйелі түрде жасалса құпболар еді. Әнді қолдау арқылы қазақтың рухын оятамыз, сол арқылы ұлттың санасын сақтаймыз. Біздің махаббатымыз, ерлігіміз бен өрлігіміз және салтымыз бен дәстүріміз секілді барша құнылықтарымыз әнде жатыр. Ендеше, қазақ ән өнері жасай берсін шарықтай берсін, — деді павлодарлық дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев.

Шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов қатысып, әншілер мен жыршыларды ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапаттап, алғысын білдірді.

Тілеуберді Сахаба.